2026 жылғы 14 қазанда кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның «Жасөспірімдер ортасында құқық бұзушылықтардың алдын алу» тақырыбында кеңейтілген отырысы өткізілді. Отырысқа қала мектептерінің директорлары, колледждер мен мектеп директорларының тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасарлары, емханалар мен отбасылық дәрігерлік амбулаториялардың психологтары мен әлеуметтік қызметкерлері, сондай-ақ қалалық полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлары қатысты.
Отырыс барысында мынадай мәселелер қаралды:
- білім беру ұйымдарында ерекше назар аударуды қажет ететін оқушыларды сүйемелдеу тәсілдерін іске асыру;
- кәмелетке толмағандарға қатыгездік көрсету мен олардың арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін бағалау;
- ағымдағы жылдың 9 айындағы кәмелетке толмағандарға қатысты оқиғаларды талдау (111 байланыс орталығына келіп түскен өтініштер, суицид жасау әрекеттері мен аяқталған суицид жағдайлары, жол-көлік оқиғалары, терезеден құлау, суға бату және құқық бұзушылықтар).
Білім бөліміне, мектептер мен колледждердің әкімшіліктеріне мынадай ұсынымдар берілді:
- «Balazhan» және «Qolda» платформалары арқылы барлық мектеп оқушылары мен колледждерде білім алатын кәмелетке толмаған студенттерді тестілеуді жалғастыру, кейіннен тәуекел топтарын анықтап, қажетті сүйемелдеуді шұғыл ұйымдастыру;
- әрбір мектеп пен колледждің кіреберісіне психологтың, әлеуметтік педагогтің және басқа да жауапты мамандардың, сондай-ақ Психологиялық қолдау орталығының байланыс телефондары көрсетілген ақпараттық баннерлер мен плакаттарды орналастыру;
- көрсетілген байланыс деректерін барлық оқушылар мен олардың ата-аналарына жеткізу және көмекке жедел жүгіну мүмкіндігін қамтамасыз ету.
📅 2026 жылғы 23–25 қазан аралығында Өскемен қаласындағы «Восток» стадионында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевты еске алуға арналған әуесқой командалар арасындағы футболдан IV ашық республикалық турнир өтеді.
🏆 Турнирдің мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, футболшылардың шеберлігін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және командалық рухты нығайту.
Үш күнге созылатын жарыста командалар өзара мықтыны анықтап, жеңіс үшін бақ сынайды. Көрермендерді тартысты матчтар, қызықты ойындар мен жарқын футбол сәттері күтеді!
💰 Турнирдің жалпы жүлде қоры – 1 800 000 теңге!
🥇 I орын – 1 000 000 теңге
🥈 II орын – 500 000 теңге
🥉 III орын – 300 000 теңге
Барлық қатысушыларға сәттілік, әділ бәсеке және жарқын жеңістер тілейміз! ⚽️
📍 Өтетін орны: Өскемен қаласы, «Восток» стадионы
📆 Күні: 23–25 қазан 2026 жыл
Өскемен қаласының тұрғындарын көз саулығына арналған, көру қабілетінің бұзылуының алдын алуға және көзді жүйелі түрде тексертіп тұрудың маңыздылығын түсіндіруге бағытталған «Көру күні» әлеуметтік іс-шарасына қатысуға шақырамыз.
Іс-шара 2026 жылғы 24 қазанда сағат 12:00-ден 18:00-ге дейін Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде өтеді.
Іс-шара бағдарламасында:
🔹 көру қабілетін тегін тексеру;
🔹 дәрігер-офтальмологтердің кеңесі;
🔹 көз саулығын сақтауға бағытталған дәрістер мен профилактикалық іс-шаралар қарастырылған.
Қатысушылар көру қабілетін сақтау туралы пайдалы ақпарат алып, көз ауруларының алдын алу жолдарымен танысып, мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қоя алады.
«Көру күні» — денсаулыққа көңіл бөліп, кәсіби мамандардың кеңесін алуға және жақындарыңызға көз саулығына қамқорлық жасаудың маңыздылығын еске салуға мүмкіндік беретін іс-шара.
Іс-шараға ересектер мен балалы отбасылар қатыса алады.
Қатысушылар саны шектеулі болғандықтан, алдын ала тіркелу қажет.
📞 Тіркелу телефоны: +7 705 216 0355.
Сондай-ақ осы нөмірге WhatsApp арқылы хабарласып, өтінім қалдыруға болады.
📅 Күні: 2026 жылғы 24 қазан
🕒 Уақыты: 12:00–18:00
📍 Өтетін орны: Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Өскемен қаласы.
Көз саулығына қамқорлық жасауды кейінге қалдырмаңыз! «Көру күні» іс-шарасына қатысыңыз!
Өскемен қаласында кеміргіштердің таралуын болдырмау және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мақсатында тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға арналған контейнерлік алаңдарда және оларға іргелес аумақтарда профилактикалық дератизациялық жұмыстар жүргізілуде.
2026 жылғы наурыз-сәуір айларында жүргізілген бірінші кезең аясында мердігер ұйым контейнерлік алаңдарға үш рет өңдеу жұмыстарын жүргізді.
Дератизацияның екінші жоспарлы кезеңі 2026 жылғы қыркүйек-қазан айларына жоспарланған болатын. Алайда тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, жұмыстар 28 тамыздан бастап мерзімінен бұрын қолға алынды. Бұл кезеңде жеті күндік аралықпен кеміргіштерге қарсы уланған жемді үш рет орналастыру көзделген.
Қосымша мердігер ұйымға 2026 жылғы 3-22 қазан аралығында контейнерлік алаңдар мен оларға іргелес аумақтарда дератизацияның үшінші кезеңін қайта жүргізу тапсырылды. Бұл кезең аясында да жеті күндік аралықпен уланған жемді үш рет орналастыру қарастырылған. Жұмыстар қажетті тиімділік көрсеткішіне қол жеткізілгенге дейін жалғасады.
Сонымен қатар кеміргіштермен күресудің тиімділігі тек контейнерлік алаңдар мен оларға іргелес аумақтарды өңдеуге ғана емес, көппәтерлі тұрғын үйлердің жертөлелері мен техникалық үй-жайларында да дератизациялық жұмыстардың жүргізілуіне байланысты.
Аталған үй-жайлар кондоминиумның ортақ мүлкіне жататындықтан, олардың тиісті санитариялық жағдайын қамтамасыз ету, сондай-ақ кеміргіштердің енуі мен таралуына жол бермеу шараларын қабылдау міндеті кондоминиум объектісін басқару органына немесе үйді күтіп-ұстауға жауапты тұлғаға жүктеледі.
Тұрақты нәтижеге қол жеткізу үшін аталған аумақтар мен үй-жайларда кешенді дератизациялық жұмыстар жүргізіп, кеміргіштердің енуіне және паналауына мүмкіндік беретін орындарды жою қажет.
Өскемен қаласында қазіргі уақытта көмір сатып алуға байланысты дүрбелең байқалмайды. Көмір жеткізу жұмыстары жалғасуда, қорлар толықтырылып жатыр. Көмірдің қолжетімділігі мен бағасы тұрақты бақылауда.
Қалада шамамен 29,5 мың жеке тұрғын үй бар. Оның 24,5 мыңы көмірмен жылытылады.
2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына халықтың көмірге деген қажеттілігі 155 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда оның 87 437 тоннасы, яғни жалпы қажеттіліктің 56,4%-ы сатылды.
Қазіргі уақытта көмір тұйықтарында 5 265 тонна көмір бар, тағы 50 вагон жолда келе жатыр.
Көмір бағасы:
* Қарапайым көмір — тоннасына 17 700–18 000 теңге;
* Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған әлеуметтік көмір — тоннасына 17 200–17 500 теңге.
Қалада халықты көмірмен қамтамасыз ететін 6 көмір тұйығы жұмыс істейді.
Көмір сатып алуды соңғы сәтке қалдырмаңыз! Қазір оны кезек күтпей, әбігерге түспей сатып алуға болады.
Шығыс Қазақстан облысында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында есірткі қылмысының алдын алу және есірткі құралдарының заңсыз жарнамасын жою бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері өңір аумағында есірткі жарнамасы бар 700-ден астам заңсыз жазба мен QR-код анықталып, жойылды.
Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар полиция қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар, жастар және волонтерлердің бірлескен күш-жігерімен жүзеге асырылуда. Кезекті рейдке ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, «Esbol Qory» қоғамдық қорының, облыстық жастар ресурстық орталығының өкілдері мен еріктілер қатысты.
Іс-шара барысында Өскемен қаласының Назарбаев даңғылы бойындағы көшелер мен инфрақұрылым нысандары тексерілді. Нәтижесінде есірткі дүкендерінің мекенжайлары мен QR-кодтары көрсетілген 30-дан астам наркограффити анықталды. Барлық заңсыз жазбалар арнайы бояудың көмегімен боялып, жойылды.
Рейд барысында жастар арасында есірткінің адам денсаулығына және қоғамға тигізетін зияны туралы түсіндіру жұмыстары да жүргізілді. Мамандар есірткі заттарының таралуына қарсы күресте тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның белсенді ұстанымы маңызды екенін атап өтті.
Мұндай профилактикалық рейдтердің негізгі мақсаты — есірткінің заңсыз жарнамасының таралуына жол бермеу, жастарды зиянды әдеттерден қорғау және тұрғындардың құқықтық жауапкершілігін арттыру.
«Заң және тәртіп» қағидаты аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Полиция қызметкерлері тұрғындарды қоғамдық орындарда есірткі жарнамасына ұқсас жазбалар немесе QR-кодтар анықталған жағдайда, бұл туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырады.
Шығыс Қазақстан облысында мемлекеттік қызметшілер арасында «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» тақырыбында пікірсайыс турнирі ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің зияткерлік әлеуетін арттыру, сыни ойлау және шешім қабылдау дағдыларын дамыту, сондай-ақ шешендік өнері мен өз ойын дәлелді жеткізу қабілетін жетілдіру.
Турнирге облыстық басқармалар мен аудан әкімдіктерінің мемлекеттік қызметшілерінен құралған 16 команда қатысты. Қатысушылар өзара пікір алмасып, өз ұстанымдарын нақты дәлелдермен қорғап, өзекті мәселелер бойынша ойларын ортаға салды.
Пікірсайыс барысында мемлекеттік қызметшілердің білім деңгейі, логикалық және сыни ойлау қабілеті, шешендік шеберлігі мен командалық жұмыс дағдылары сынға түсті.
Тартысты өткен турнир қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
I орын – Шығыс Қазақстан облысының Цифрландыру және архивтер басқармасы;
II орын – Шығыс Қазақстан облысының Білім басқармасы;
III орын – Зайсан ауданының әкімдігі.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары А. Садырбаев, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Е. Айқымбеков, сондай-ақ Мемлекеттік басқару академиясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының доценті А. Сейлхан қатысты.
Пікірсайыс турнирі мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық дамуына ықпал етіп, олардың жаңа идеялар мен бастамаларды талқылауына, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді.
2026 жылдың қазан айында Өскемен қаласында жергілікті өндірушілердің дәстүрлі «Өскемен өнімі» көрмесін өткізу жоспарлануда.
Көрме отандық өнімдерді ілгерілетуге, жергілікті өндірушілерді қолдауға, сондай-ақ кәсіпкерлер, тұтынушылар және мемлекеттік органдар арасында іскерлік байланыстарды дамытуға арналған алаң болып табылады.
Көрмеге қатысу өз өнімдеріңізді таныстыруға, жаңа клиенттер мен іскерлік серіктестер тартуға, сондай-ақ басқа да жергілікті өндірушілермен ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді.
Қатысу шарттары және қатысуды растау бойынша қосымша ақпаратты 87076718494, 87760948899 телефондары арқылы немесе pred_uka@mail.ru электрондық поштасы арқылы алуға болады.
Сіздерді 26 қыркүйек күні өтетін «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне шақырамыз:
▪️ «Алтай» КТО (Жібек Жолы көшесі, 44);
▪️ «Дос-Нар» СҮ (Виноградов көшесі, 17а)
Жәрмеңкеде сіздерді кең ассортименттегі өнімдер күтеді: жаңа піскен ет өнімдері (сиыр еті, жылқы еті, қой еті, шошқа еті), шұжық және сүт өнімдері, нан-тоқаш өнімдері, бал және тағы басқа өнімдер.
Бұл – сапалы өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға, отандық өндірушілерді қолдауға және жағымды атмосферада уақыт өткізуге тамаша мүмкіндік!
Жәрмеңкенің жұмыс уақыты: 08:00-ден 15:00-ге дейін.
Қазақстан Республикасында шетел азаматтарына Қазақстан аумағында сатып алынған және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ел аумағынан тыс жерге әкетілетін тауарлар бойынша қосылған құн салығын (ҚҚС) қайтаруды көздейтін Tax Free пилоттық жобасы іске асырылуда.
Tax Free дегеніміз не?
Қазақстандағы Tax Free — шетелдік туристерге Қазақстанда тауарларды сатып алу кезінде төленген ҚҚС-тың бір бөлігін қайтаруға мүмкіндік беретін пилоттық механизм. Бұл ретте сатып алынған тауарлар Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аумағынан тыс жерге әкетілуі тиіс.
Қандай сатып алулар Tax Free жүйесіне жатады?
Tax Free жүйесі азық-түлікке жатпайтын тауарларға қолданылады. Сатып алудың ең төменгі сомасы — 10 АЕК. 2026 жылы 10 АЕК — 43 250 теңге.
Аталған ең төменгі сома бір чек бойынша немесе Tax Free қағидаларына сәйкес ресімделген сатып алулар жиынтығы бойынша есептеледі.