
«Катонқарағай – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі Мемлекеттік мекемелердің басшылары мен мамандарының әлеуметтік желілердегі парақшаларына мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауы тұрғысынан мониторинг жүргізді. Мемлекеттік органдар қызметкерлерінің 122 аккаунтының контенті зерделенді. 12 адамның аккаунтында күмәнді мазмұндағы 11-ден астам фотосурет, 1 бейне анықталды. Бүгінгі күні барлық анықталған кемшіліктер жойылды.
«Мемлекеттік қызметшілер өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға тиіс. Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік медиада олардың беделін түсіретін материалдарды, соның ішінде ойын - сауық және ойын мекемелерінен, шетелдік демалыс орындарынан қымбат бағалы зергерлік бұйымдар мен өзге де сән-салтанат заттарын көрсете отырып, қымбат тұратын автомобильдер мен интерьер аясында фото және бейнежазбаларды орналастыруға жол берілмейді», - деп хабарлады агенттік жобалық кеңсенің сауалына жауап ретінде.
Қоғамға жат мінез-құлық (оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиетін және қоғамдық имандылықты қорлайтын масаң күйде болу), эротикалық және порнографиялық мазмұндағы, имандылықты қорлайтын ым-ишарат бейнеленген, сондай-ақ қарудың аясында немесе онымен бірге фотосуреттер мен бейнелер орналастыруға жол берілмейді.
Бұдан басқа, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілердегі аккаунттарында былапыт сөздер мен нормативтік емес лексика, мемлекеттік рәміздерге құрметтемеушілік, ұлтаралық және діни алауыздықты насихаттау, мемлекеттің лауазымды тұлғалары мен басқа да мемлекеттік қызметшілердің атына әдепке жат сөздер айтуға, сондай-ақ мемлекет саясатының негізгі бағыттарына сәйкес келмейтін сөздер айтуға жол берілмейді.
Президенттің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне сәйкес мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды.