
НҰҚСАРА АМАНЖАН НҰҚСАРАҰЛЫ
1942 жылы 1 қазанда Катонқарағай ауданының Қабырға ауылында көпбалалы, қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. 1950 жылы Шыңғыстай ауылындағы Абай атындағы орта мектептің бірінші сыныбына барып, оны 1960 жылы бітіріп шығады. Келесі жылы армия қатарына азаматтық борышын өтеуге шақырылып, төрт жыл Қызыл Тулы Солтүстік Теңіз Флотында сүңгуір қайықта қызмет етеді. Туған ауылына 1965 жылы лейтенант шенінде қайтып оралған ол досы Оралхан Бөкейдің шақыруымен Большенарымдағы аудандық «Еңбек туы» газетіне аудармашы болып орналасады. Бір жылдан кейін отбасылық жағдайымен Шыңғыстайға қайтып келіп, мектепте денешынықтыру және алғашқы әскери даярлық пәндерінен сабақ береді. Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық институтты сырттай оқып бітірген Нұқсара Аманжан өзінің сүйікті ісін зейнеткерлікке шыққанша абыроймен атқарып, шәкірттері мен ата-аналарының құрметіне бөленеді. Нұқсара Аманжан баулыған жас жігіттер мен қыздар әскери дайындықтан өткізілген аудандық, облыстық жарыстарда үнемі алдыңғы орындардан көрінеді.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де он жыл бойы бала кезгі досы Оралхан Бөкейдің Шыңғыстайдағы мұражай-үйіне ие болады. Негізгі жұмыстан қолы босай қалған кездерінде зергерлікпен, қолөнерлікпен шұғылданады. Жасы сексенге келгенше қоғамдық жұмыстардан да, ауданда өткізілетін мәдени шаралардан да қол үзбейді. Бәйбішесі Бақтина Жақиярова екеуі «Қазыналы Катонқарағай» ансамбілінің құрамында ән айтып, би билеп өнер көрсетіп, белді мүшесіне айналды. Жеке өздері ауданда, облыста өткізілген өнер байқауларына қатысып, жүлделі орындарды еншілеп округтің, ауданның намысын қорғады.
Нұқсара Аманжанның ұзақ жылдардағы жемісті еңбегі сала, аудан, облыс басшыларының көптеген Алғыс хаттарымен, Мақтау грамоталарымен бағаланған.
2021 жылы 26 қазанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Аманжан Нұқсараұлына VII шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XI сессиясының №11/106-VII шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
.