
ТОЛЫҚПАЕВ СЕРІК ҚҰЛЫМБЕКҰЛЫ
1970 жылы 14 қарашада Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы, Белқарағай ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. 1992 жылы Қазақстан ауыл шаруашылық институтын «Агрохимия және топырақтану» мамандығы бойынша, 2002 жылы Құқықтық «Әділет» жоғары мектебін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Серік Құлынбекұлы еңбек жолын заман талабына сай кәсіпкерліктен бастады. 1992 жылы жекешелендіріп алынған Катонқарағай ауылындағы қонақ үйді толық жөндеуден өткізіп, кәсібін бастады. 1996 жылы Шығыс Қазақстан облысында темекі өнімдерін сататын «Aitas» компаниясының іргетасын қалады. 2007 жылы «Aitas» компаниясы ірілене келе, бүкіл Қазақстан өңіріне азық-түлік пен сусын жеткізетін «SOYUZ INTER PRODUCT» ЖШС-не айналды.
2004 жылы Еуропа Банкінен «Өскемен құс фабрикасы» АҚ-ның 100 пайыз акциясын сатып алды. Серік Құлынбекұлы құс өндірудің қыр-сырын толық меңгере келе, фабриканы толық жөндеуден өткізіп, заманауи техникалардың арқасында еліміздегі ең жедел дамушы 25 өндірістің қатарына енгізді. 2018 жылы жылына 50 000 тонна құс етін өндіретін Макинск құс фабрикасын іске қосты. 2023 жылға қарай құс етін өндірудің жылдық межесі 120 000 тоннаға дейін жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда Серік Құлынбекұлының басшылығымен он екі кәсіпорын мен үш қорды біріктіретін «Aitas» компаниялар тобы құрылған. «Катонқарағай ауданын тұрақты дамыту» Қоры 2019 жылдан бастап ауданымызда ірі жобаларды іске асыруда. Туризм бағыты бойынша кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде. Үлкен Нарын, Катонқарағай, Өрел ауылдарындағы мектептердің «Ауыл мектебі» жобасына енуіне ықпал жасап, қаржылай демеушілік жасауда.
Серік Құлынбекұлының жемісті еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып, «Құрмет» орденімен, көптеген мерекелік медальдармен, «Қазақстанның құс шаруашылығын қалпына келтіргені үшін», «Ауыл шаруашылығының үздігі», «Еңбек даңқы» төсбелгілерімен, Бірінші Президент Н.Назарбаевтың алғыс хатымен марапатталған.
2020 жылы 25 желтоқсанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Серік Құлынбекұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XLVI сессиясының №46/411-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.