СЫЧУК АЛЕКСАНДР ЕМЕЛЬЯНОВИЧ 1930 жылғы 13 наурызда Большенарым ауданының Усть Нарым ауылында дүниеге келген. Александр Емельяновичтің балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарына тап келіп, 12 жасынан бастап «Чапаево» атындағы ұжымшарда жер жырту, егін егу, күзгі жиын-терін жұмыстарына қатысты.Усть Нарым бастауыш мектебін бітірген соң 1947-1948 жылдары Большенарым механизация мектебінде оқып, тракторист-механизатор мамандығын алады. Сол жылдан бастап туған ауылындағы «Чапаево» атындағы ұжымшарда (кейіннен «Хайрузов» кеңшары) тракторист - механизатор болып еңбек етті. Осы ұжымда 1990 жылға дейін еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан.
Александр Емельянович өзіне тапсырылған жұмысты тыңғылық-ты атқарып, аса үлкен жауапкершілікпен қарады. Жанкешті, қажырлы еңбегінің арқасында үнемі жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отырды. 17 жасында «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
1966 жылы «Хайрузов» кеңшарында 13 мың центнерден артық астық бастырғаны үшін жоғары мемлекеттік награда– Социалистік Еңбек Ері атағын алып, «Ленин» орденімен және «Орақ пен балға» алтын медалімен марапатталған.
1998 жылы 25 маусымда ауданның ауылшаруашылық саласына қосқан зор еңбегі үшін Александр Емельяновичке I шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XVII сессиясының №17/5-I шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.