«Азаматтарға арналған үкімет» 10 жыл: қызмет алу жүйесі қалай жаңарды
7 сәуірде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына 10 жыл толды. Осы уақыт ішінде ол мемлекет пен азамат арасындағы негізгі қызмет көрсету арнасына айналды. Бүгінде жүйе жыл сайын ондаған миллион өтінішті қамтып, мемлекеттік қызметтердің басым бөлігін «бір терезе» қағидатымен ұсынады.
Осы жылдар ішінде елде мемлекеттік қызмет алудың біртұтас жүйесі қалыптасты. Соның арқасында қызмет алу бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл әрі қолжетімді болды. Азаматтар енді қызметті өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы да, бейнеХҚКО арқылы да ала алады. Биометриялық сәйкестендіру енгізіліп, көптеген қызмет цифрлық форматқа көшті
Өзгерістердің ауқымы нақты көрсеткіштерден де көрінеді. Бүгінде ХҚКО арқылы жыл сайын орта есеппен 23 миллионнан астам қызмет көрсетіледі. Бұдан бөлек, миллиондаған өтініш мобильді қосымшалар мен онлайн-сервистер арқылы рәсімделеді.
Цифрландыру бұл өзгерістердің негізгі қозғаушы күшіне айналды, бүгінде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн қолжетімді. «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға болады. Тек 2025 жылдың өзінде қосымшаны 2 миллионнан астам адам жүктеген. Қосымша арқылы азаматтар кезекке жазылып, өтініштерін бақылап, бірқатар қызметті қашықтан рәсімдей алады.
Цифрлық сервистермен қатар, азаматтарға қолдау көрсету бағытында 1414 Бірыңғай байланыс орталығы да маңызды рөл атқарады. Биыл 15 жылдығын атап өтетін орталық тәулік бойы жұмыс істейді және 2021 жылдан бері Мемлекеттік корпорация құрамында қызмет көрсетіп келеді. Жыл сайын мұнда 20–25 миллионға жуық өтініш өңделеді, ал бүгінде әр оныншы қоңырау жасанды интеллект негізіндегі ассистенттің қатысуымен қабылданып, азаматтарды қажетті қызметке жедел бағыттауға көмектеседі.
Сонымен бірге, корпорация тек қызмет көрсетумен шектелмей, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында да жұмыс жүргізіп отыр. Оқыту сабақтары еліміздің барлық өңіріндегі ХҚКО-ларда практикалық форматта ұйымдастырылып, қатысушыларға цифрлық қызметтерді еркін пайдалануды және өз бетінше онлайн алуды үйретеді. Тек наурыз айының өзінде бүкіл ел бойынша шамамен 700 қазақстандық цифрлық дағдыларын жетілдірді.
«Мемлекеттік корпорацияның басты миссиясы – мемлекеттік қызметтер жүйесін жаңғыртудың негізгі қозғаушы күшіне айналу. Осы жылдар ішінде біз азаматтардың нақты қажеттіліктеріне сай келетін қызмет көрсету моделін қалыптастырдық. Нәтижесінде қызметтер қолжетімді, сапалы әрі ыңғайлы бола түсті. Біз азамат мүддесіне бағытталған мемлекет қағидатымен жұмыс істейміз, мұнда әрбір шешім азаматтың қажеттілігіне сай қабылданады. Біздің мақсатымыз тек қызмет көрсетумен шектелмей, азаматтарға сенімді серіктес болу, баршаға қолжетімді, ашық цифрлық ортаны қалыптастыру», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Мемлекеттік корпорацияның жұмыс тәжірибесі халықаралық деңгейде қызығушылық тудырады. Моңғолия, Жапония, Өзбекстан және өзге де елдерден келген делегациялар Қазақстандағы мемлекеттік қызмет көрсету жүйесімен танысып, тәжірибе алмасқан болатын. Бұл қызығушылықтың негізінде соңғы он жылда қалыптасқан жаңа модель жатыр: бұрын әртүрлі мекемелерде көрсетілген қызметтер бүгінде бір инфрақұрылымға біріктіріліп, азаматтар үшін әлдеқайда ыңғайлы форматқа көшті. Қазір корпорация ХҚКО мен МХҚКО қызметтерін, жер кадастрын, әлеуметтік және зейнетақы бағыттарын, сондай-ақ АХАТ пен жылжымайтын мүлік салаларын қамтиды.
Бұл жүйеде бүгінде 16 мыңға жуық маман еңбек етіп, қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етіп келеді. Нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету тек цифрлар мен процестер ғана емес, ең алдымен азамат пен мемлекет арасындағы байланысты жеңілдетіп, оны түсінікті әрі ыңғайлы еткен жүйеге айналды.
Астанада ХҚКО-да цифрлық сауаттылыққа арналған тегін оқыту жүріп жатыр
Астанадағы ХҚКО тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетумен қатар, цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған оқыту алаңы ретінде жұмыс істей бастады. «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы Астанада азаматтарға мемлекеттік қызметтерді онлайн рәсімдеуді үйрететін және цифрлық қызметтерді қолдану қабілетін дамытуға бағытталған тегін офлайн оқытуды іске қосты.
Оқыту Мемлекеттік корпорацияның «Таным» оқу орталығы мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның қатысуымен ұйымдастырылды және практикалық форматта өтеді. Мамандар азаматтарға «Электрондық үкімет» порталы мен мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының біріңғай платформасын, «ЦОН» және «eGov Mobile» қосымшаларын қалай қолдану керегін көрсетіп, қажетті қызметтерді онлайн алу жолдарын үйретеді. Оқыту бағдарламасы азаматтар тарапынан жиі түсетін сұрақтар мен сұраныстарға сәйкес әзірленеді.
Бұл бастама Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген цифрландыру бастамалары аясында жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, оқыту халыққа қызмет көрсетудің жаңа форматы – «Цифрлық халық кеңсесі» үлгісін енгізуге бағытталған. «Apple Store» үлгісіндегі бұл формат азаматтарға қызметтерді жылдам алуға және оларды онлайн түрде өз бетінше рәсімдеуді меңгеруге көмектеседі.
Айта кетейік, жоба әзірге пилоттық форматта жұмыс істейді: бірінші тоқсанда оқыту Астанада өтсе, екінші тоқсанда бұл тәжірибені өңірлерге кеңейту жоспарланған.
Оқыту тегін әрі тұрақты түрде өткізіледі. Іс-шара әр сәрсенбі және жұма күндері Астана қаласындағы ХҚКО-ның «Нұра» ауданы бөлімінде (Керей мен Жәнібек хандар көшесі, 4) сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін өтеді. Кіру тегін.
Мемлекеттік қызметтердегі цифрлық серпіліс: бір жылда өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары арқылы 15 млн-ға жуық қызмет көрсетілді
2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтар мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматта өз бетінше алу мүмкіндігін белсенді пайдаланған. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы хабарлады. Жүргізілген талдау нәтижесіне сәйкес, өзіне-өзі қызмет көрсету аймағындағы өтініштер саны бір жыл ішінде 6,6 млн-нан астамға өсіп, шамамен 14,8 млн-ға жеткен. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш шамамен 8,2 млн болған.
Өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары арқылы көрсетілген қызметтер саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр – мұнда бір жыл ішінде 2,3 млн-нан астам қызмет көрсетілген. Одан кейін тізімде Алматы облысы (1 млн-нан астам) және Түркістан облысы (шамамен 1 млн) орналасқан.
Аталған аймақта ең көп сұранысқа ие болған келесі бес қызмет: электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алу, архивтік анықтамалар рәсімдеу, тұрғылықты жері бойынша тіркеу, соттылығының бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама беру, сондай-ақ жылжымайтын мүліктің бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама алу.
«Біздің қызметіміздің негізгі мақсаты – азаматтарға барынша ыңғайлы әрі қолжетімді жағдай жасау. Әр адам мемлекеттік қызметті өзіне қолайлы тәсілмен алуы тиіс: біреулер мобильді қосымшалар мен электрондық үкімет порталын таңдаса, өзгелері банк қосымшаларын немесе ХҚКО-ға жүгінуді жөн көреді. Біз үшін ең бастысы – қызмет алушылардың жайлылығы мен қанағаттану деңгейі», – деп атап өтті Мемлекеттік корпорацияның Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Айта кетейік, 2025 жылы ХҚКО операторлары арқылы 13 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 15 млн-нан асқан. Фронт-офистер арқылы көрсетілген мемлекеттік қызметтер көлемі бойынша Алматы, Астана және Шымкент қалалары көшбасшы болып қала береді.
Сауалнама нәтижелеріне сәйкес, еліміз бойынша мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қанағаттану деңгейі 95 пайыздан асады.
Жаңа жыл мерекесіндегі ХҚКО мен МХҚКО жұмыс кестесі
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы Жаңа жыл мерекесіне байланысты 2026 жылғы 1–2 қаңтарда, сондай-ақ 7 қаңтар күні халыққа қызмет көрсету орталықтары мен мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс істемейтінін хабарлайды.
3 қаңтар, сенбі күні, кезекші ХҚКО мен МХҚКО үшін жұмыс күні болып табылады. Азаматтарды қабылдау 09.00-ден 13.00-ге дейін жүзеге асырылады.
5 және 6 қаңтар жұмыс күндері болып саналады. Бұл күндері еліміздегі барлық ХҚКО мен МХҚКО әдеттегі кесте бойынша 09.00-ден 18.00-ге дейін қызмет көрсетеді.
Еске сала кетейік, халыққа қызмет көрсету орталықтары, соның ішінде мамандандырылған орталықтар, жұмыс күндері 09.00-ден 18.00-ге дейін азаматтарды қабылдайды. Кезекші ХҚКО мен МХҚКО дүйсенбіден жұмаға дейін 09.00-ден 20.00-ге дейін, ал сенбі күні 09.00-ден 13.00-ге дейін жұмыс істейді.
Қазақстанда жүргізуші куәлігін алғаш рет рәсімдеу тәртібі өзгерді
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүргізуші куәлігін алғаш рет алу қызметі енді «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы қолжетімді болғанын хабарлайды.
Енді алғаш рет жүргізуші куәлігін алғысы келетін азаматтар өтінішті мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, тікелей «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы бере алады. Жүйе медициналық анықтамасының бар-жоғын, автомектепті аяқтау туралы куәлігін және шектеулердің болуын мемлекеттік деректер базасы арқылы автоматты түрде тексереді.
Өтініш жіберілгеннен кейін азамат өзіне ыңғайлы уақытта теориялық және практикалық емтихандарға жазыла алады. Осылайша, мемлекеттік баж төлемі емтихандарды сәтті тапсырған соң мамандандырылған ХҚКО бөлімінде төленеді. Бұл тәсіл рәсімдеу процесін оңтайландырып, азаматтар үшін анағұрлым қолайлы жағдай жасайды.
Пилоттық жоба Ішкі істер министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығы аясында жүзеге асып жатыр. Құжат жүргізуші куәліктерін беру тәртібін жаңартып, цифрлық технологияларды кеңінен енгізуге бағытталған.
Қазіргі уақытта жаңа қызмет еліміздің барлық өңірінде қолжетімді. Пилоттық жобаның мерзімі 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін белгіленген. Осы кезеңде қызметтің тиімділігі мен қолайлылығы бағаланып, талдау нәтижесінде жаңа тәртіпті тұрақты түрде енгізу мәселесі қаралады.
Жаңа рәсімдеу форматы жүргізуші куәлігін алғаш рет алатындар үшін бұл процесті бұрынғыдан да жеңіл, ыңғайлы және қолжетімді етті.
Сонымен қатар, «ЦОН» мобильді қосымшасы болашақ жүргізушілерге қосымша мүмкіндіктер ұсынады: қолданушылар теориялық және практикалық емтихандарға, сондай-ақ сынақ емтиханына жазыла алады. Бұдан бөлек, қосымшада көлік сатып алу-сату шартын рәсімдеу, автокөлік тарихын тексеру және өзге де электрондық қызметтерді пайдалану сияқты пайдалы функциялар қамтылған.
Өскемен қаласында B санаты бойынша практикалық емтихан тапсыруға арналған жаңа автодром ашылды.
2025 жылдың 15 қыркүйегінен бастап Өскемен қаласындағы мамандандырылған ХҚКО-да B санатындағы жүргізуші куәлігін алу үшін практикалық емтихан тапсыратын жаңа автоматтандырылған автодром жұмысын бастайды.
Алаң қазіргі заманғы стандарттарға толық сәйкес келеді және автоматты (АКПП) және механикалық (МКПП) беріліс қорабы бар көліктерге арналған.
Азаматтардың ыңғайлығы үшін кезекті онлайн брондау «ХҚКО» мобильді қосымшасы арқылы қолжетімді. Бұл күту уақытын қысқартып, процесті айқынырақ әрі ыңғайлы етеді.
«Автодромның іске қосылуы емтихан кезектерін қысқартуға, жүргізушілерді дайындау сапасын арттыруға және практикалық емтихан тапсыру процесінің ашықтығы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Заманауи автодром, электронды кезек және барлық талаптардың сақталуы – бұл біз ұмтылатын стандарт», – деп атап өтті КЕАҚ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» ШҚО бойынша филиалының директоры.
Айта кетейік, басқа санаттар бойынша емтихандар бұрынғыдай Назарбаев даңғылы, 59 мекенжайындағы оқу комбинатында өткізіледі.
Автодром Өскемен қаласындағы мамандандырылған ХҚКО аумағында, Самар тас жолы, 23/1 мекенжайында орналасқан. Жұмыс уақыты: жұмыс күндері сағат 08:00-ден 17:00-ге дейін, сенбі күні 08:00-ден 12:00-ге дейін. Жексенбі – демалыс күні.
«ЦОН» мобильді қосымшасында «Автокөлікті сатып алу-сату шарты» жаңа сервисі қолданысқа енгізілді
2025 жылдың 2 қыркүйегінен бастап мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және сапасын арттыру мақсатында «ЦОН» мобильді қосымшасында көлік құралдарын тіркеу кезінде сатып алу-сату шартын рәсімдеуге арналған жаңа сервис іске қосылды.
Бұған дейін көлікті сату немесе сатып алу үшін азаматтар қызмет көрсету орталықтарында QR-код арқылы шартқа қол қоятын. Енді бұл үдеріс «ЦОН» мобильді қосымшасының «Автокөлікті сатып алу-сату шарты» сервисі арқылы жүзеге асырылады. Шартқа қол қою үшін сатушы да, сатып алушы да электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдаланады. Осылайша, шартты мамандандырылған ХҚКО-ға бармай тұрып алдын ала рәсімдеуге болады. Бұл азаматтарға уақытты үнемдеуге және қызметті алу процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, құжатқа қол қойылғаннан кейін оны ХҚКО-ға ұсыну арқылы көлікті тіркеу рәсімі аяқталады.
Маңыздысы, жасалған шарттың деректері сервистің базасында тұрақты түрде сақталады. Бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, қажет болған жағдайда мәмілені қайта тексеруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, құжатты қолдан жасау немесе қате мәлімет енгізу қаупін болдырмау үшін оның заңды күші сақталып, жеке деректердің құпиялығы қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияның арқасында мәліметтер автоматты түрде тексеріліп, қателіктердің алдын алады.
Бір шартты рәсімдеудің құны – 1 500 теңге.
Сервисті пайдалану үшін азаматтар «ЦОН» мобильді қосымшасын (App Store және Google Play) жүктеп, ЖСН мен телефон нөмірі арқылы авторизациядан өтуі қажет.
Бұл сервис келісімді рәсімдеудің қосымша мүмкіндігі, осылайша, азаматтар мемлекеттік қызметті өзіне ыңғайлы кез келген тәсілмен ала алады.
Жаңа «Автокөлікті сатып алу-сату шарты» сервисі мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болып саналады. Ол қазақстандықтарға қызметті ыңғайлы, қауіпсіз әрі ашық форматта пайдалануға жол ашады.
Өскемен қаласының ХҚКО-ларында #ATAZAN_AZAMAT_KZ челленджі аясында алғашқы жеке куәліктер табысталды
Қазақстан Республикасы Конституциясы күні қарсаңында Өскемен қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында 16 жасқа толған азаматтарға алғашқы жеке куәліктерін салтанатты түрде табыстау рәсімдері өтті.
Іс-шаралар республикалық #ATAZAN_AZAMAT_KZ челленджі аясында ұйымдастырылды. Жас азаматтарға алғашқы құжаттары салтанатты жағдайда естелік сыйлықтармен бірге табысталды.
«Челлендж маңызды мемлекеттік мереке – Конституция күніне орайластырылып, әрбір азаматтың құқықтық мемлекет қалыптастырудағы рөлін айшықтауға бағытталған. Атап айтқанда, азаматтық құқыққа енді ғана ие болып жатқан жастарға ерекше көңіл бөлінуде. Алғашқы жеке куәліктің табысталуы олардың құқықтық мәртебесін ресми мойындаудың және қоғам өміріне белсенді араласуының белгісі болып табылады», – деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» ШҚО бойынша филиалы.
#ATAZAN_AZAMAT_KZ челленджі аясындағы осындай шаралар республика көлемінде өтіп, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің бір бөлігіне айналмақ.
Еске сала кетейік, 16 жасқа толған азамат жеке куәлік алу үшін ата-анасымен немесе заңды өкілімен бірге кез келген ХҚКО-ға барып, туу туралы куәлігін, ата-анасының жеке куәлігін ұсынып, мемлекеттік баж салығын (0,2 АЕК) төлеуі қажет.