GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Әкім аппараты
Қызметі
Онлайн қабылдау
Баспасөз орталығы
Все материалы
06 октября 2025
Шетелдік БАҚ Қазақстандағы мемлекеттік қызмет көрсетудің тәжірибесімен танысты

Digital Bridge 2025 халықаралық IT-форумы аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы алыс-жақын шетелдік журналистер үшін пресс-тур ұйымдастырды. Астаналық халыққа қызмет көрсету орталығында қонақтар мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы Қазақстан тәжірибесін зерттеп, енгізіліп жатқан цифрлық шешімдерді бағалады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында қонақтарға қызмет көрсету бөлімінің жұмысы туралы жан-жақты ақпарат беріліп, қызмет көрсетуде қолданылып жатқан заманауи шешімдер                                      таныстырылды. 

Журналистерге «ЦОН» мобильді қосымшасы және «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызмет көрсету процестері көрсетілді. Осылайша, шетелдік қонақтар жоғары деңгейдегі автоматтандыруды, интерфейстердің ыңғайлылығын және қызметтерді алу жылдамдығын атап өтті.

«Қазір мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы электронды түрде көрсетіледі. Бұл – еліміздің цифрлық трансформациядағы маңызды жетістігі. Ол қабылданған шаралардың тиімділігін дәлелдеп, Қазақстандағы цифрландырудың тұрақты дамуын көрсетеді. Біз алдағы уақытта да жаңа технологияларды енгізіп, қызмет көрсету үдерістерін жетілдіре береміз. Негізгі мақсатымыз – халыққа заманауи талаптарға толық сай қызмет ұсыну», – деп атап өтті Арман Кенжеғалиев, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма Төрағасы.

Сонымен қатар, мобильді қосымшаның бейнеқоңырау арқылы кеңес алу, әлеуметтік төлемдерді есептеуге арналған онлайн-калькулятор, автокөлік тарихын тексеру және көлікті сатып алу-сату шартын тікелей смартфоннан рәсімдеу сияқты инновациялық сервистері ерекше қызығушылық тудырды.  

Қонақтар құжаттандыру терминалдарына да назар аударды. Олардың көмегімен азаматтар бірнеше минут ішінде паспорт немесе жеке куәлікке өтініш бере алады.

Делегацияға компьютерлермен жабдықталған өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы да таныстырылды. Мұнда арнайы құрылғысы жоқ азаматтар мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің қатысуынсыз қызметтерді электронды форматта рәсімдей алады.

Сапарды қорытындылай келе, шетелдік БАҚ өкілдері қызмет көрсету орталығының жұмысын жоғары бағалап, Қазақстан тәжірибесі мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласында басқа елдерге үлгі бола алатынын атап өтті.

Айта кетейік, пресс-тур Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумы аясында өтті. Оған Оңтүстік Корея, Таиланд, Қытай, Малайзия, Армения, Әзірбайжан, Өзбекстан және Беларусь елдерінің журналистері қатысты.

02 сентября 2025
"ЦОН мобильді қосымшасында Автокөлікті сатып алу- сату шарты" жаңа сервисі қолданысқа енгізілді

2025 жылдың 2 қыркүйегінен бастап мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және сапасын арттыру мақсатында «ЦОН» мобильді қосымшасында көлік құралдарын тіркеу кезінде сатып алу-сату шартын рәсімдеуге арналған жаңа сервис іске қосылды.

Бұған дейін көлікті сату немесе сатып алу үшін азаматтар қызмет көрсету орталықтарында QR-код арқылы шартқа қол қоятын. Енді бұл үдеріс «ЦОН» мобильді қосымшасының «Автокөлікті сатып алу-сату шарты» сервисі арқылы жүзеге асырылады. Шартқа қол қою үшін сатушы да, сатып алушы да электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдаланады. Осылайша, шартты мамандандырылған ХҚКО-ға бармай тұрып алдын ала рәсімдеуге болады. Бұл азаматтарға уақытты үнемдеуге және қызметті алу процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, құжатқа қол қойылғаннан кейін оны ХҚКО-ға ұсыну арқылы көлікті тіркеу рәсімі аяқталады.  

Маңыздысы, жасалған шарттың деректері сервистің базасында тұрақты түрде сақталады. Бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, қажет болған жағдайда мәмілені қайта тексеруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, құжатты қолдан жасау немесе қате мәлімет енгізу қаупін болдырмау үшін оның заңды күші сақталып, жеке деректердің құпиялығы қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияның арқасында мәліметтер автоматты түрде тексеріліп, қателіктердің алдын алады.

Бір шартты рәсімдеудің құны – 1 500 теңге.

Сервисті пайдалану үшін азаматтар «ЦОН» мобильді қосымшасын (App Store және Google Play) жүктеп, ЖСН мен телефон нөмірі арқылы авторизациядан өтуі қажет.

Бұл сервис келісімді рәсімдеудің қосымша мүмкіндігі, осылайша, азаматтар мемлекеттік қызметті өзіне ыңғайлы кез келген тәсілмен ала алады.

Жаңа «Автокөлікті сатып алу-сату шарты» сервисі мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болып саналады. Ол қазақстандықтарға қызметті ыңғайлы, қауіпсіз әрі ашық форматта пайдалануға жол ашады.

01 августа 2025
Биыл елімізде 2,7 млн га алаңда шегірткеге қарсы күрес жүргізілді

Жалпы шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күресті уақытылы және сапалы ұйымдастыру еліміздің азық түлік азық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Осыған байланысты, Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып, барлық қажетті шараны қабылдады. Биыл республика аумағында үйірлі шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күрес шаралары 2,7 млн га алаңда жүргізілді. Қазір еліміздің барлық өңірінде өңдеу жұмыстары толығымен аяқталды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 400 мың гектарға төмен. Бұл туралы ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Саят Сақмолдин ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Күрес шараларын уақытылы және сапалы жүргізу мақсатында, аталған бағыттағы жұмыстарды үйлестіру үшін барлық өңірде облыс әкімінің өкімімен облыс әкімі орынбасарлары басқаратын жедел штабтар, әр аудан, қалаларда арнайы жұмыс топтары құрылды. Арнайы жол картасы әзірленді.

«Жалпы, биылғы зерттеу жұмыстарына 3652 адам тартылды, бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда екі есеге артық. Зерттеушілер санының артуы мониторинг жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізуге мүмкіндік берді. Зерттеу шараларына 7 агродрондар сатып алынып жұмылдырылды. Ол да мониторинг жұмыстарына өз септігін тигізіп отыр»,-деді спикер.

Жалпы өңдеу жұмыстарына 443 бірлік арнайы техника жұмылдырылды, Атап айтқанда, шегірткелермен күресуге 239 жер үсті бүріккіш техникасы, 100 газогенератор, 24 жеңіл ұшақ, 31 аса жеңіл ұшақтар және өзінің жоғары тиімділігін көрсеткен 49 агродрон қолданылды.

Биылғы өңдеу шараларына биологиялық тиімділігі жоғары препараттар қолданылды. Сонымен қатар шегіртке мәселесі бойынша азаматтардың өтініштерін жедел қарастыру үшін арнайы колл-орталығы мен телеграмм-бот каналы құрылды.

Облыс әкімдіктері өз тарапынан қолдау көрсетіп, еңбек биржасынан адамдарды тарту, басқа да күрес шараларына қажетті жағдайлардың бәрін дер кезінде ұйымдастырып отырды. Сондай-ақ ҚХР, РФ, Өзбекстан сынды көршілес мемлекеттермен екі жақты келісімдер аясында шегіртке тектес зиянкестерге қарсы қорғау шараларын жүргізу бойынша бірлескен зерттеулер, онлайн кеңестер және шегірткенің таралуы жөнінде ақпарат алмасу жүйелі түрде жүргізіліп отырды.

Жүргізілген шаралардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануына және шегірткелердің көршілес мемлекеттердің шекаралас аумақтарына қоныс аударуына немесе ұшып келуіне жол берілмеді.
ortcom.kz

01 августа 2025
Мемлекет басшысы көлік саласының қызметкерлерін марапаттады

Президент, ең алдымен, көлік саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, оларды еліміздің дамуына елеулі үлес қосып жатқан нағыз еңбек адамдары деп атады.

– Мемлекет үшін көлік саласының стратегиялық маңызы айрықша. Бұл – айқын нәрсе. Көлік жүйесі – әрбір елдің дамуының көрінісі. Онсыз экономиканың алға басуы мүмкін емес. Сондықтан бұл салаға біз аса маңызды басымдық ретінде қараймыз. Көлік құралдары – экономиканың қозғаушы күші, өсіп-өркендеу кепілі десек, артық болмайды. Еліміздің осы саладағы мүмкіндіктері мол, тіпті, бірегей деуге болады. Қазақстан – Еуразиядағы негізгі транзиттік хабтың бірі. Біз қазір Транскаспий халықаралық көлік бағдарын белсенді түрде дамытып жатырмыз. Бұл – Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасында тауар жеткізудің төте жолы. Былтыр Сиань қаласында көлік-логистика орталығын аштық. Оны «Бір белдеу, бір жол» атты жаһандық бастама аясында Қытай елімен бірлесіп жүзеге асырдық. Бұл қадам халықаралық жүк тасымалын арттыруға септігін тигізуде, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан аумағы арқылы өтетін дәліздердің инфрақұрылымын біртіндеп жақсарту қолға алынғанын айтты.

– Логистика орталықтары және қоймалар салынуда. Темір жол құрылысы жанданып жатыр. Осындай маңызды шаралар сыртқы сауда айналымын ұлғайтуға мүмкіндік береді, экономиканы өркендетуге ықпал етеді. Биыл «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі салынып бітеді. Соның арқасында жүк көлемі бес есе артады. Осы ауқымды жобаны, негізінен, өз жұмысшыларымыз жүзеге асырып жатқанын да атап өту қажет. Сондай-ақ жыл соңында Алматы бекетін айналып өтетін темір жол іске қосылады. Нәтижесінде жүктеме азайып, жүк жеткізу мерзімі қысқармақ. Көлік-тасымал саласы озық, заманауи және бәсекеге қабілетті болуы керек. Сол себепті, алдағы уақытта еліміздегі темір жолдың ұзындығын едәуір арттыру көзделіп отыр. Он бір мың шақырым теміржолды жөндеу жұмысы жалғасады. Жаңадан 5 мың шақырым жол салу және оны жаңғырту жоспарлануда. Қазір Транс-Қазақстан теміржол дәлізі ауқымды жобасы қолға алынды. Менің тапсырмаммен ұзындығы 323 шақырым болатын «Мойынты – Қызылжар» теміржолы салынып жатыр. Бұдан бөлек, «Дарбаза – Мақтаарал» және «Аягөз – Бақты» теміржол өткелінің құрылысы қарқынды жүруде, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, тағы бір маңызды бағыт – машина жасау секторы. Әлемнің ең озық компанияларын тарта отырып, жергілікті өндірісті дамыту өзекті.

– Қазір Қазақстанда шетелдік үздік компаниялар жұмыс істейді. Мен жыл басында Астанадағы электровоз құрастыру кәсіпорнына бардым. Онда жүк және жолаушылар тасымалдайтын электровоз бен қосалқы бөлшектер шығарылып жатыр. Ең бастысы, осындай маңызды жұмысты өз мамандарымыз атқаруда. Мемлекет мұндай жобаларға жан-жақты қолдау көрсете бермек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы әуе қатынастарын дамыту көлік саясатындағы басым міндеттердің бірі екенін атап өтті.

– Бүкіл ел бойынша авиация инфрақұрылымын жаңғырту үшін кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, өткен жылы Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жаңа терминалдар іске қосылды. Әуежайлардың өткізу қабілеті айтарлықтай артты. Бұрын Алматы әуежайы жылына 2,5 миллион жолаушыға ғана қызмет көрсете алатын. Бүгінде бұл көрсеткіш 14 миллионға дейін ұлғайды. Менің тапсырмаммен Зайсанда, Катонқарағайда және Кендірліде үш жаңа әуежай салынып жатыр. Арқалық әуежайы қалпына келтіріле бастады. Мұндай жобалардың жүзеге асуы жолаушылар нөпірін көбейтіп қана қоймайды. Сонымен қатар логистика, туризм, сауда және басқа да қосалқы салалардың дамуына серпін береді. Әуе рейстерінің географиясын кеңейту мақсатында тұрақты түрде жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Қазіргі кезде Қазақстанның 30-дан астам елмен тікелей әуе қатынасы бар. Бірақ бұл аз. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, алдағы маңызды міндет – әуе арқылы жүк тасымалын дамытып, Қазақстанды аймақтағы жетекші авиациялық хабқа айналдыру.

– Үкімет ұлттық жүк тасымалдаушы әуе компаниясын құру туралы жоспарын мәлімдеді. Жалпы, еліміздегі азаматтық авиация мен әуе арқылы жүк тасымалын дамыту мәселесі тек көлік қызметі ретінде қарастырылмайды. Оның ауқымы одан әлдеқайда кең. Бұл – еліміздің экономикалық өсіміне, халықаралық аренадағы орнына және егемендігіне тікелей әсер ететін стратегиялық вектор, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы автокөлік жолдарының сапасын жақсартуға қатысты ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанына назар аударды.

– Былтыр 7 мың шақырым автокөлік жолы пайдалануға берілді. Талдықорған – Өскемен, Қарағанды – Алматы, Ақтөбе – Атырау – Астрахан бағытындағы күре жолдар жаңғыртылды. Жергілікті автокөлік жолдары да жөнделіп жатыр. Мұндай ауқымды жұмыс ел тарихында бірінші рет іске асатын болды. Бұдан бөлек, басқа да ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылы халық көптен күткен Бұқтырма су қоймасындағы көпір ашылды. Бұл – Қазақстандағы ең ұзын көпір. Осы өткел екі облысты және жеті ауданды байланыстырады, сондай-ақ Қытай мен Ресейді жалғайды. Шақпақ баба асуында еліміздегі ең алғашқы туннель іске қосылды. Шын мәнінде, «Жол – тіршілік көзі, жол бар жерде қайнаған өмір бар» деп бекер айтылмаған. Осы нысандардың игілігін ең алдымен халық көреді. Сапалы жол азаматтардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Жалпы, Қазақстанда көлік-транзит саласы қарқынды дамуда. Бұл – өздеріңіз сияқты азаматтардың қажырлы еңбегінің жемісі. Қазір осы салада 770 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сіздер адал қызмет етіп, елімізді көркейтуге мол үлес қосып жүрсіздер. Мен бүгін барлық көлік саласы қызметкерлеріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Біз бір ел болып заң мен тәртіпке бағынатын Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Бұл – мемлекетіміздің болашағы үшін өте маңызды жұмыс, оны міндетті түрде орындауымыз керек. Көлік саласы мамандары өз міндеттерін мінсіз атқарып, мемлекеттік маңызы бар іске белсенді түрде атсалысып келеді. Алдағы уақытта да ел игілігіне қызмет етесіздер деп сенемін. «Еңбек еткен елден ырыс кетпейді» дейді халқымыз. Еңбекқорлық пен кәсібилік – өркениетті қоғамға тән қасиеттер. Еңбек адамы ең жоғары марапатқа лайықты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Салтанатты жиында еліміздің көлік саласын дамытуға, қатынас жолдарының инфрақұрылымын қалыптастыруға және жаңғыртуға қосқан елеулі үлесі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградамен марапатталды. Атап айтқанда, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы «Қазақстан темір жолы» компаниясының ардагері Қалтай Сәмбетовке берілді. Ол 66 жыл үздіксіз жұмыс істеп, теміржол саласын және көлік инфрақұрылымын дамытуға зор үлес қосқан. Ең жоғары мемлекеттік награда көлік саласының өкіліне алғаш рет табысталып отыр.

Сондай-ақ былтыр мемлекеттік наградалар жүйесіне 9 жаңа құрметті атақ енгізілді. Соның бірі – «Қазақстанның көлік саласының еңбек сіңірген қайраткері». Бүгін бұл құрметті атақ еңбек ардагерлері – Борис Исинамановқа, Владимир Аверкинге, Қанат Шайминге және Андрей Горватқа берілді.

Жиында сала ардагері, «Қазақстанның Еңбек Ері» Қалтай Сәмбетов, «Гидротехникалық құрылыстар» филиалы Бұқтырма шлюзінің «Тайфун» сүңгуір станциясының капитаны – жоғары санатты механигі Владимир Аверкин, «Шымкент әуежайы» АҚ ұшу аппараттарын жуушы Нұрзейнеп Пірманова сөз сөйледі.
ortcom.kz

01 августа 2025
Елімізде ауданы 2 мың шаршы метрден асатын сауда объектілерін сақтандыру жүйесі енгізілді

Биыл 24 маусымда Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Құжаттың іске асырылуы азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік және құқықтық жағдайын жақсартуға, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жұмыстарының жалпы тиімділігін арттыруға бағытталды. Заң 10 кодекс пен 37 заңға 600-ден астам түзетулер енгізілді. ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында осылай деді.
Оның айтуынша, заң жобасын дайындау барысында депутаттық корпуспен бірлескен жұмыс жүргізілді. Барлық норма профильді комитеттерде, уәкілетті органдар мен сарапшылардың қатысуымен жұмыс топтарында талқыланды.

«Заңнамадағы негізгі өзгерістерді атап өтейін. Біріншісі - өрт, өнеркәсіптік және сейсмикалық қауіпсіздік. Адамдар жаппай баратын объектілерде және биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ТЖМ аумақтық органдары пайдалануға беру кезінде олардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды шығарады. Бұл норманы енгізу өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған объектілерді іске қосу және одан әрі пайдалану фактілерінің алдын алуға мүмкіндік береді»,-деді спикер.

Зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу үшін ауданы 2 мың шаршы метрден асатын сауда объектілерін сақтандыру жүйесі енгізілді. Өрт автоматикасын монтаждауға және техникалық қызмет көрсетуге рұқсат беру, сондай-ақ Хан Шатыр мен ЭКСПО сияқты объектілерді салуға арналған арнайы техникалық шарттарды келісу туралы нормалар енгізілді. Бұдан бөлек, ірі төтенше жағдайларды жоюға қатысқан кезде өрт сөндірушілер тамақпен қамтамасыз етіледі.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласы бойынша Министрлікке қауіпті өндірістік объектілер мен техниканы жаңартудың жиынтық жоспарын келісу беріледі. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтерін өз меншігінде арнайы ғимараттар мен құрылыстар кешені, оқу-жаттығу полигоны, шаң және газды талдау зертханасы, арнайы техника, аппараттар мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету талап етіледі.

Қауіпті өндірістік объектілерде зиянды факторлардың пайда болуын алдын алу үшін ұйымдарда тікелей басшыға бағынатын жеке өндірістік бақылау қызметін құру міндеті бекітілді. Және мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырудың ерекше тәртібі енгізілді.

Заң сейсмология саласындағы негізгі терминдерді бекітті, жергілікті атқарушы органдарға сейсмикалық аймақтарға бөлу карталарын және сейсмикалық тәуекел карталарын әзірлеу, сондай-ақ оларды бекіту, аймақтарға бөлу мен бағалау жүргізу, сейсмологиялық станциялар желісін және автоматтандырылған хабарландыру жүйесін кеңейту үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлу бөлінеді.

Сондай-ақ төтенше жағдайлар қаупі туындаған немесе орын алған кезде халықты жедел хабардар ету саласында маңызды өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, негізгі түзетулердің бірі жедел кезекші қызметтің лауазымды тұлғаларына уәкілетті лауазымды тұлғалардың алдын ала бұйрығынсыз хабарландыру жүйесін өз бетімен іске қосады. Мұндай шара шешім қабылдау уақытын қысқартып, халықтың қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етеді.
ortcom.kz

28 июля 2025
«Blockchain» технологиясы Мемлекеттік қызмет көрсету жылдамдығын қалай арттырады

 

«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы серіктес банктермен бірлесіп «Blockchain» технологиясы арқылы заңды тұлғалардың жылжымайтын мүлік кепіліне тіркеу сервисін іске қосты.

Бұл сервис Мемлекеттік корпорация мен екінші деңгейлі банктер арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық аясындағы жобалардың жалғасы.

Заңды тұлғалардың жылжымайтын мүлкін кепілге қойып, онлайн рәсімдеу арқылы несие беруді жеңілдету сынды банк саласындағы «Blockchain» технологиясының мүмкіндіктерінің арқасында мәмілелерді тіркеуге жұмсалатын уақыт бірнеше есе қысқарады. Нәтижесінде, құжат жинау қажеттілігі мен қызмет алушы мен қызмет көрсетушінің бетпе-бет кездесу талабының жойылуының арқасында кепілді тіркеу мерзімі 3 күннен 1 сағатқа қысқарады.

Жалпы Мемлекеттік корпорация мен екінші деңгейлі банктер арасындағы ынтымақтастық аясында жеке тұлғаларға кепіл түріндегі ауыртпалықтарды тіркеу және оны тоқтату, әлеуметтік әлсіз топтарға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша жалдау шартын жасау, сондай-ақ жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату және беру шарттарын рәсімдеу секілді қызметтер көрсетіледі.

2024 жылы «Blockchain» технологиясы арқылы қарыз шарты бойынша талап ету құқығын беру, шарт талаптарының өзгеруіне байланысты ауыртпалықтарды өзгерту, сондай-ақ тұрғын емес үй-жайларды кепілге қою шартын тіркеу қызметтері де іске қосылды.

Бүгінгі күнге дейін «Blockchain» технологиясы арқылы 360 мыңнан астам өтінім қарастырылды. Жылжымайтын мүлікке ауыртпалықтарды тіркеу 2024 жылы өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артты, яғни 87,8 мың операциядан 131,7 мыңға дейін өсті.

Жаңа технологияны пайдалану бойынша Астана, Алматы және Шымкент қалалары, сондай-ақ Ақтөбе, Түркістан, Қарағанды және Алматы облыстары жоғары белсенділік танытты.

Жаңа сервис «Blockchain» технологиясын қолдану арқылы көрсетілетін қызметтер қатарын кеңейтіп, банктер тарапынан түсетін шарттардың барлық ауқымын жылжымайтын мүлікті (ауыртпалық құқықтарын) электронды тіркеуге аудару.

24 июня 2025
Жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу мәмілесін ХҚКО-ларда тіркеуге болады

Халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚКО) жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу мәмілелерін рәсімдеу қызметі жалғасуда. Бұл мүмкіндік арқылы азаматтар меншік құқығын тікелей бере алады. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалында хабарлады.

ХҚКО қызметкерлері азаматтарға әр кезеңде көмек көрсетіп, құжаттарды ресімдеуге жәрдемдеседі және барлық мәліметтерді түсіндіреді.

Филиал мамандарының айтуынша, рәсімдеу процесі мемлекеттік органдар бекіткен үлгілік шарттар негізінде жүзеге асырылады. Қызметті алу үшін азаматтар жақын маңдағы ХҚКО-ға барып, жеке куәлік пен меншік құқығын растайтын құжаттарды ұсынуы, маманның көмегімен үлгілік шартты толтырып, мәмілені тіркеуі қажет.

Айта кетейік, жыл басынан бері филиал арқылы мыңнан астам мәміле тіркелген.

17 июня 2025
Мемлекеттік қызметтерді үйден не жұмыс орныңыздан шықпай-ақ алыңыз: «Жеке менеджер» қызметі қалай жұмыс істейді

«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы азаматтардың қажеттіліктеріне қарай мемлекеттік қызметтерді көрсету форматтарын үнемі жетілдіріп келеді. Солардың бірі – «Жеке менеджер» сервисі. Бұл қызмет арқылы сіз өзіңізге қолайлы уақытта және сізге ыңғайлы жерде мемлекеттік қызметке қол жеткізе аласыз. Ол үшін өтінім қалдыру жеткілікті – арнайы маман келіп, қажетті сұрақтарыңызды жұмыс немесе жеке істеріңізден қол үзбей-ақ шешуге көмектеседі.

Аталған қызмет әсіресе кішкентай баласы бар ата-аналарға, жұмыс кестесі тығыз азаматтарға, кәсіпкерлерге және денсаулығына байланысты қозғалысы шектеулі жандарға өте қолайлы, яғни Халыққа қызмет көрсету орталығына келуге мүмкіндігі жоқ азаматтардың барлығына арналған.

«Жеке менеджер» қызметі 2024 жылдан бастап іске қосылды және қазіргі таңда көптеген мемлекеттік қызметтерді үйде, кеңседе немесе сіз үшін ыңғайлы кез келген жерде алуға мүмкіндік береді. Тек жеке куәлік, төлқұжат, жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу қызметтері бұл сервис арқылы көрсетілмейді. Қызмет көрсететін маман сіздің өтінішіңіздің негізінде, алдын ала келісілген уақытта келеді. Қызмет құны – 7190 теңге, оған ұйымдастыру мен жеткізу шығындары кіреді.

Қызметті пайдалану үшін Мемлекеттік корпорацияның ресми сайтына кіріп, «Жеке менеджер» бөліміндегі «Өтінім қалдыру» батырмасын басып, қажетті ақпаратты енгізу керек. Одан кейін «Азаматтарға арналған үкімет» мамандары сізбен хабарласып, келу уақытын нақтылайды. Сондай-ақ, өтінімді 1414 байланыс орталығы арқылы да беруге болады. Операторлар кеңес беріп болған соң, сізге сілтеме жазылған жеке SMS-хабарлама жіберіледі. Сілтемеге өтіп, өтінімді онлайн беруге болады.

Айта кетейік, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының өзінде де «Жеке менеджер» сервисі қарастырылған. Бұл қызметті орталықта қолдансаңыз, сізге басымдығы бар талон беріледі. Одан кейін қызмет көрсету туралы келісімшарт жасалады. Бұл қызметтің құны – 5500 теңге. Сервис төлқұжат пен жеке куәлік рәсімдеуден басқа барлық мемлекеттік қызмет түрлерін қамтиды.

Мемлекеттік корпорация азаматтардың қажеттіліктерін ескеріп, мемлекеттік қызметтерді қолжетімді әрі ыңғайлы ету үшін жаңа сервистерді енгізуді жалғастыруда.

12 июня 2025
2025 жылғы 12 маусымда Ушаново ауылдық округінің әкімі Дархан Дәулетханұлы Қадырбаев Ушаново ауылының дәрігерлік амбулаторияның ұжымын келе жатқан медицина қызметкерінің күнімен құттықтады

Құрметті дәрігерлер, медбикелер, фельдшерлер және біздің денсаулығымызды күзететіндердің бәрі!

     Сіздерді медицина қызметкері күнімен құттықтаймын!

     Пациенттердің ризашылық күлкілері Сізге мақтаныш болсын, күш пен шабыт ешқашан кетпесін!

     Өзгелерді қалай сақтасаңыз, өзіңізді де солай қорғаңыз!

12 июня 2025
2025 жылғы 12 маусымда Ушаново ауылдық округінің әкімі Дархан Дәулетханұлы Қадырбаев "Степное негізгі мектеп – балабақша кешені" КММ түлектерін мектепті бітіруімен құттықтады

     Құрметті түлектер!

     Сіздерді маңызды оқиға - мектепті бітірулеріңізбен құттықтаймыз!

     Бүгін сіздің алдыңызда жаңа мүмкіндіктерге, жетістіктер мен жаңалықтарға толы ересек өмірге есік ашылады. Оқу жылдары, алғашқы жеңістер, Достық, тәжірибе және Сіздің болашағыңыздың негізі болатын білім.

     Сізге өзіңізге деген сенімділік, арманға жетуге батылдық және кез-келген қиындықты жеңуге шыдамдылық тілейміз. Әрқайсыңыз өз кәсібіңізді тауып, армандағандай жүзеге асыра берсін. Байқап көруден, қателесуден, үйренуден және өзгеруден қорықпаңыз-бұл сәттілікке апаратын жол.

     Сізге сенетін және қолдайтын адамдар, ал Жүректе өз күштері мен мейірімділігіне сенетін адамдар болсын. Сізге сәттілік, түлектер! Сәт сапар тілеймін!

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы