Шымкентте мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға және цифрлық сервистерді пайдалануға арналған еліміздегі бесінші жаңа форматтағы цифрлық кеңсе ашылды. Кеңістік мемлекеттік қызметтерді пайдаланудың қолайлылығы мен қолжетімділігіне қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып жасақталған.
AI-кеңседе жедел қызмет көрсету, цифрлық, сараптамалық және оқыту аймақтарымен қоса демалуға арналған арнайы орын қарастырылған. Кеңсе моноблоктармен, жоғары жылдамдықты сканерлермен және eGov GPT сервисі орнатылған ақпараттық экрандармен жабдықталған.
Жаңа кеңсенің басты жаңашылдықтарының бірі - құжаттандыру терминалы. Оның көмегімен азаматтар жеке куәлік немесе паспортты өз бетінше бірнеше минуттың ішінде рәсімдей алады.
«Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру - күнделікті жұмысымыздың ажырамас бөлігіне айналды. Біз Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық міндеттер аясында қызметтерді автоматтандырып, азаматтарға барынша қолайлы әрі қолжетімді жағдай жасауға басымдық беріп келеміз. AI-кеңселер - осы бағыттағы нақты қадам», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Мұнда цифрлық сервистермен қатар, азаматтар цифрлық дағдыларын жетілдіріп, электрондық сервистерді пайдалануды тегін үйретуге арналған арнайы оқыту аймақтары да қарастырылған.
Бұған дейін осындай AI-кеңселер Астана қаласында, сондай-ақ Түркістан және Ұлытау облыстарында ашылған болатын. Мемлекеттік корпорация алдағы уақытта заманауи цифрлық кеңселер желісін еліміздің басқа өңірлерінде де дамытуды жоспарлап отыр.
Камбоджа Корольдігі Ішкі істер министрлігінің делегациясы мемлекеттік қызметтерді көрсету жүйесін цифрландыру мен модернизациялаудағы қазақстандық тәжірибені үйрену мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына барды.
Сапар барысында шетелдік қонақтар фронт-офистердің жұмысымен, өтінімдерді қабылдау және дайын құжаттарды беру процесімен, сондай-ақ азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасы мен жылдамдығын арттыруға бағытталған заманауи шешімдермен танысты.
Қолданыстағы жүйенің ауқымы делегацияға Қазақстандағы халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуді ұйымдастыру барысын іс жүзінде көруге мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда елде жұмыс істейтін 318 фронт-офистарында азаматтарға мемлекеттік қызметтің 1330 түрі қолжетімді. Оның 1272-сі электрондық үкімет порталы арқылы онлайн-форматта көрсетіледі.
Сапар аясында делегацияға Кайдзен қағидаттары бойынша жобаланған, өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары кеңейтілген заманауи «Халыққа қызмет көрсетудің цифрлық офистері», сондай-ақ азаматтарға дайын құжаттарды 24/7 режимінде алуға мүмкіндік беретін постаматтар таныстырылды.
Камбоджа өкілдерінің ерекше қызығушылығын цифрлық технологиялар мен биометриялық сәйкестендіруді ұштастыратын цифрлық ХҚКО-ның жаңа форматы – AI-офистер тудырды. AI-офистер үш функционалдық аймақты қамтиды: SELF – өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы анықтамалар алуға, DIGITAL – онлайн қызметтерді рәсімдеуге және ASSIST – күрделі мәселелерді консультанттың көмегімен шешуге бағытталған.
Камбоджа Ішкі істер министрлігінің өкілдері таныстырылған цифрлық шешімдердің тиімділігі мен практикалық маңызын жоғары бағалады. Делегация мүшелері мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін цифрландыруға, өзіне-өзі қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуге және заманауи технологияларды енгізуге ерекше қызығушылық танытты. Қазақстанның бұл бағыттағы тәжірибесі Камбоджада мемлекеттік қызметті көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту және жетілдіру барысында пайдалы болатынын атап өтті.
2026 жылдың басынан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еліміздің ауылдық елді мекендер тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді алу және цифрлық сервистерді пайдалану бойынша оқыту жұмыстарын жүргізді. Бір жарым ай ішінде еліміздің түрлі өңірлерінен 18 мыңнан астам азамат оқудан өтті.
Қазақстан Республикасында жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылып жатқан бұл бастама халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге және оларды онлайн форматта өз бетінше алу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Өңірлер арасында Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында оқытылған азаматтар саны басым.
Оқу сабақтарын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мамандары еліміздің әр өңіріндегі ауылдық округтер мен елді мекендерде өткізді.
Сонымен қатар, жыл басынан бері «Таным» корпоративтік оқу орталығының қатысуымен облыс орталықтарында 5 мыңға жуық азамат оқытудан өтті. Сабақ барысында азаматтар мемлекеттік қызметтерді онлайн режимде алу тәртібін, сондай-ақ мемлекеттік цифрлық инфрақұрылымның негізгі құралдары мен мүмкіндіктерін меңгерді.
Еске сала кетейік, электрондық мемлекеттік қызметтерді және заманауи онлайн-сервистерді пайдалануды тегін үйренгісі келетін азаматтар үшін еліміздің әр облыс орталығында оқу сыныптары жұмыс істейді. Сабақтар сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін өткізіледі.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен Грузияның Әділет үйі мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін дамытуға және халықпен жұмыс істеу тетіктерін жетілдіруге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат тараптардың тәжірибе алмасып, азаматтардың заманауи сұраныстарына сай тиімді шешімдерді бірлесіп әзірлеуге ниетті екенін айқындайды.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының қатарында халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын ұйымдастырудағы үздік тәжірибелермен алмасу, жасанды интеллект технологияларын, роботтандыру мен процестерді автоматтандыру құралдарын пайдалана отырып цифрлық қызметтерді дамыту көзделген. Сондай-ақ қызмет көрсету сапасының заманауи стандарттарын енгізу арқылы клиенттік тәжірибені жетілдіруге ерекше назар аударылатын болады.
«Себебі жаңа технологиялар мен заманауи үрдістерді уақытында меңгеру өте маңызды. Біздің мақсатымыз - тек жақсы тәжірибемен танысу емес, олардың ішіндегі ең тиімдісін таңдап, Қазақстан азаматтарының қажеттіліктеріне бейімдеу. Сонымен қатар бұл - өзара тиімді серіктестік. Бүгінде Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрландыруда жақсы нәтижелерге қол жеткізген елдердің бірі. Сондықтан біз халықаралық тәжірибені үйреніп қана қоймай, өз жетістіктерімізбен де бөлісуге дайынбыз», - деп атап өтті мемлекеттік корпорация басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Меморандум кадрлық әлеуетті дамыту бағытындағы ынтымақтастықты да қамтиды. Тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды, қызметкерлердің біліктілігін арттыруды, сондай-ақ тағылымдамалар мен оқыту іс-шараларын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар өзара қызығушылық тудыратын ғылыми-зерттеу және талдамалық жобаларды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді.
«Бұл сапар біз үшін ерекше маңызға ие. Себебі ол жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен практикалық шешімдермен алмасуға мүмкіндік береді. Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою өзара ықпалдастықтың жаңа кезеңін бастап, жүйелі әріптестіктің негізін қалайды», - деді Грузияның Әділет үйінің төрағасы Вахтанг Жвания.
Айта кетейік, екі күндік сапар аясында қазақстандық делегация Грузияның Әділет үйінде болып, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысымен, қолданыстағы цифрлық шешімдермен және клиенттер ағынын басқару жүйесімен танысты. Сондай-ақ Грузия Ішкі істер министрлігінің Сервистік агенттігі мен Грузия Әділет оқу орталығында кездесулер өтіп, тараптар алдағы ынтымақтастықтың дамуын талқылады.
Ұлытау облысы елімізде жаңа форматтағы Smart Point цифрлық ХҚКО іске қосылған алғашқы өңір болды. Бұл – мемлекеттік қызметтерді алудың сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған заманауи әрі инновациялық кеңістік. Жоба халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға, электрондық қызметтерді өздігінен пайдалану мәдениетін қалыптастыруға және азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың ыңғайлы, заманауи әрі технологиялық ортасын дамытуға бағытталған.
Аталған оқиғаның маңыздылығын арттыра түсетін жайт – Ұлытау облысы халыққа қызмет көрсетудің осы озық форматын енгізген Қазақстандағы алғашқы өңір болды. Орталықтың ашылуы елдегі цифрлық трансформация үдерістерінің алдыңғы қатарында болуға деген өңірдің талпынысын айқындай түсті.
Жаңа орталықтың жұмысымен танысу мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы Басқарма Төрағасы Арман Шоқанұлы Кенжеғалиев, Ұлытау облысының әкімі Дастан Адайұлы Рыспеков және Ұлытау облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ермек Жазылханұлы арнайы барды.
«Біз тек жаңа буындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашып жатқан жоқпыз. Біз мемлекет пен азамат арасындағы байланыстың жаңа мәдениетін қалыптастырып жатырмыз. Бұл ашықтыққа, заманауилыққа және адамға бағдарланған жаңа формат. Сонымен қатар жұмысымыздың басты қағидаты өзгермейді. Ол мемлекеттік қызметтердің әр азамат үшін қолжетімді болуы. Алдағы уақытта Apple Store үлгісіндегі мұндай орталықтар еліміз бойынша кезең-кезеңімен енгізіледі. Инфрақұрылымның дайындығына қарай Астана мен Павлодар қалаларында да іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деді Мемлекеттік корпорацияның Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Smart Point – азаматтарға операторлардың көмегінсіз мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға мүмкіндік беретін заманауи жоғары технологиялық кеңістік. Мұндай тәсіл күту уақытын едәуір қысқартып қана қоймай, мемлекеттік цифрлық сервистерді қолайлы әрі тиімді пайдалануға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Орталық бірнеше функционалдық аймақтан тұрады. Олардың әрқайсысы заманауи пайдаланушылардың қажеттіліктерін ескере отырып жасақталған.
Экспресс-аймақта мемлекеттік қызметтерді өздігінен алуға арналған терминалдар орнатылған. Сонымен қатар құжаттарды мессенджерлер мен басқа да цифрлық байланыс арналары арқылы жедел жолдауға мүмкіндік қарастырылған.
Цифрлық аймақ сымсыз қуаттау құрылғыларымен және жоғары жылдамдықты сканерлермен жабдықталған. Бұл келушілерге қажетті құжаттарды жедел цифрландырып, мемлекеттік ақпараттық жүйелерге жүктеуге мүмкіндік береді.
Сараптамалық аймақ күрделі мемлекеттік қызметтерді мамандардың сүйемелдеуімен алуға арналған.
Ерекше назар цифрлық сауаттылықты арттыру аймағына аударылған. Мұнда интерактивті экран және оқып-үйренуге әрі демалуға қолайлы кеңістік қарастырылған. Тұрғындар бұл жерде цифрлық дағдыларын тегін жетілдіріп, жаңа электрондық сервистерді меңгеріп, цифрлық мемлекеттің мүмкіндіктерін сенімді пайдалана алады.
Бүгінде Smart Point – бұл тек қызмет көрсетудің жаңа форматы ғана емес, технологиялар мен адамдардың арасын жақындататын, ал мемлекеттік қызметтерді барынша ыңғайлы, қолжетімді әрі тиімді ететін кеңістік. Осындай жобаларды іске асыру азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, қоғамдағы цифрлық мәдениетті нығайтуға және цифрлық Қазақстанды одан әрі дамытуға берік негіз қалыптастыруға ықпал етеді.
28-29 мамыр күндері Өскемен қаласында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның 10 жылдығына арналған аймақтық көшпелі семинар өтті. Ауқымды іс-шара орталық аппараттың бейінді департаменттері мамандарын, «Таным» корпоративтік оқу орталығының өкілдерін және бес филиалдың өңірлік бөлімшелері қызметкерлерін біріктірді.
Семинар кәсіби диалог алаңы ғана емес, сонымен қатар Мемлекеттік корпорацияның он жылдық қызметінің қорытындыларын шығаруға, тәжірибе алмасуға және еліміздегі мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін одан әрі дамыту мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.
Екі күн бойы қатысушылар жылжымайтын мүлікті және заңды тұлғаларды тіркеу, неке-отбасы заңнамасы, әлеуметтік қызметтер, жер кадастры, процестерді автоматтандыру және заманауи цифрлық шешімдерді енгізу салаларындағы өзекті мәселелерді қарастырды. Әсіресе, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуде Blockchain технологияларын қолдану және Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрын дамыту тақырыптары ерекше қызығушылық тудырды.
«Осындай кездесулердің маңызы зор. Олар әртүрлі өңірлерден келген мамандарға бір кәсіби ортада жұмыс істеп, тәжірибе алмасуға және тиімді шешімдерді бірлесіп әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасына тікелей әсер етеді», — деп атап өтті «Таным» корпоративтік оқу орталығының өкілдері.
Семинар барысында келесі мәселелерге ерекше назар аударылды:
Спикерлер тәжірибелік кейстерді, жүзеге асырылған жобалардың нәтижелерін және процестерді цифрландырудың сәтті үлгілерін таныстырды. Қатысушылар өз тәжірибелерімен белсенді түрде бөлісіп, тәжірибеде кездесетін күрделі жағдайларды талқылап, оларды шешу жолдарын ұсынды.
«Бүгінде Мемлекеттік корпорация — тек мемлекеттік қызметтердің бірыңғай операторы ғана емес. Бұл — күн сайын миллиондаған азаматқа қызмет көрсететін үлкен жүйе. Осындай көшпелі семинарлар бізге бір-бірімізді тыңдауға, проблемалық мәселелерді жедел шешуге және халыққа қызмет көрсетудің заманауи тәсілдерін бірлесіп қалыптастыруға мүмкіндік береді», — деді Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ филиалының директоры Азамат Есембулов.
Іс-шараның екінші күні панельдік сессиялар форматында өтті. Онда орталық аппарат бөлімшелерінің басшылары қызмет бағыттары бойынша бейінді бөлім қызметкерлерімен мақсатты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Осындай іс-шараларды өткізу бөлімшелер арасындағы кәсіби өзара іс-қимылды нығайтуға, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға және мемлекеттік қызмет көрсетудің бірыңғай стандарттарын еліміздің барлық өңірінде енгізуге ықпал етеді.
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамыр айындағы мерекелік күндердегі жұмыс кестесін хабарлайды.
Орталықтар Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні, Жеңіс күні, яғни 1,7,9 мамырда жұмыс істемейді.
2 және 11 мамыр - кезекші орталықтар үшін жұмыс күні. Бұл күндері халыққа қызмет көрсету орталықтары 9:00-ден 13:00-ге жұмыс істейді, мамандандырылған ХҚКО-ларда өтініштерді қабылдау 12:00-ге дейін жүзеге асады, ал дайын құжаттарды 13:00-ге дейін алып кетуге болады.
Айта кетейік, мереке күндерінен басқа уақытта барлық ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лар, оның ішінде кезекші бөлімшелер де, әдеттегі жұмыс кестесі бойынша қызмет көрсетеді.
Кезекші ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лардың тізімін Мемлекеттік корпорацияның ресми Instagram парақшасынан немесе 1414 нөмірі арқылы білуге болады.
7 сәуірде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына 10 жыл толды. Осы уақыт ішінде ол мемлекет пен азамат арасындағы негізгі қызмет көрсету арнасына айналды. Бүгінде жүйе жыл сайын ондаған миллион өтінішті қамтып, мемлекеттік қызметтердің басым бөлігін «бір терезе» қағидатымен ұсынады.
Осы жылдар ішінде елде мемлекеттік қызмет алудың біртұтас жүйесі қалыптасты. Соның арқасында қызмет алу бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл әрі қолжетімді болды. Азаматтар енді қызметті өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы да, бейнеХҚКО арқылы да ала алады. Биометриялық сәйкестендіру енгізіліп, көптеген қызмет цифрлық форматқа көшті
Өзгерістердің ауқымы нақты көрсеткіштерден де көрінеді. Бүгінде ХҚКО арқылы жыл сайын орта есеппен 23 миллионнан астам қызмет көрсетіледі. Бұдан бөлек, миллиондаған өтініш мобильді қосымшалар мен онлайн-сервистер арқылы рәсімделеді.
Цифрландыру бұл өзгерістердің негізгі қозғаушы күшіне айналды, бүгінде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн қолжетімді. «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға болады. Тек 2025 жылдың өзінде қосымшаны 2 миллионнан астам адам жүктеген. Қосымша арқылы азаматтар кезекке жазылып, өтініштерін бақылап, бірқатар қызметті қашықтан рәсімдей алады.
Цифрлық сервистермен қатар, азаматтарға қолдау көрсету бағытында 1414 Бірыңғай байланыс орталығы да маңызды рөл атқарады. Биыл 15 жылдығын атап өтетін орталық тәулік бойы жұмыс істейді және 2021 жылдан бері Мемлекеттік корпорация құрамында қызмет көрсетіп келеді. Жыл сайын мұнда 20–25 миллионға жуық өтініш өңделеді, ал бүгінде әр оныншы қоңырау жасанды интеллект негізіндегі ассистенттің қатысуымен қабылданып, азаматтарды қажетті қызметке жедел бағыттауға көмектеседі.
Сонымен бірге, корпорация тек қызмет көрсетумен шектелмей, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында да жұмыс жүргізіп отыр. Оқыту сабақтары еліміздің барлық өңіріндегі ХҚКО-ларда практикалық форматта ұйымдастырылып, қатысушыларға цифрлық қызметтерді еркін пайдалануды және өз бетінше онлайн алуды үйретеді. Тек наурыз айының өзінде бүкіл ел бойынша шамамен 700 қазақстандық цифрлық дағдыларын жетілдірді.
«Мемлекеттік корпорацияның басты миссиясы – мемлекеттік қызметтер жүйесін жаңғыртудың негізгі қозғаушы күшіне айналу. Осы жылдар ішінде біз азаматтардың нақты қажеттіліктеріне сай келетін қызмет көрсету моделін қалыптастырдық. Нәтижесінде қызметтер қолжетімді, сапалы әрі ыңғайлы бола түсті. Біз азамат мүддесіне бағытталған мемлекет қағидатымен жұмыс істейміз, мұнда әрбір шешім азаматтың қажеттілігіне сай қабылданады. Біздің мақсатымыз тек қызмет көрсетумен шектелмей, азаматтарға сенімді серіктес болу, баршаға қолжетімді, ашық цифрлық ортаны қалыптастыру», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Мемлекеттік корпорацияның жұмыс тәжірибесі халықаралық деңгейде қызығушылық тудырады. Моңғолия, Жапония, Өзбекстан және өзге де елдерден келген делегациялар Қазақстандағы мемлекеттік қызмет көрсету жүйесімен танысып, тәжірибе алмасқан болатын. Бұл қызығушылықтың негізінде соңғы он жылда қалыптасқан жаңа модель жатыр: бұрын әртүрлі мекемелерде көрсетілген қызметтер бүгінде бір инфрақұрылымға біріктіріліп, азаматтар үшін әлдеқайда ыңғайлы форматқа көшті. Қазір корпорация ХҚКО мен МХҚКО қызметтерін, жер кадастрын, әлеуметтік және зейнетақы бағыттарын, сондай-ақ АХАТ пен жылжымайтын мүлік салаларын қамтиды.
Бұл жүйеде бүгінде 16 мыңға жуық маман еңбек етіп, қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етіп келеді. Нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету тек цифрлар мен процестер ғана емес, ең алдымен азамат пен мемлекет арасындағы байланысты жеңілдетіп, оны түсінікті әрі ыңғайлы еткен жүйеге айналды.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы 2026 жылғы 1 сәуірден бастап кезекші кесте бойынша Өскемен қаласының №1 ХҚКО жұмыс істейтінін хабарлайды. Ол Сәтпаев көшесі, 34/2 мекенжайында орналасқан.
Ал, Қазақстан көшесі, 99/1 мекен-жайында орналасқан Өскемен қаласының №2 ХҚКО әдеттегі жұмыс кестесіне көшеді: жұмыс күндері сағат 8:00-ден 17:00-ге дейін. Сенбі және жексенбі — демалыс күндері.
Еске салайық, кезекші ХҚКО-лар дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 8:00-ден 19:00-ге дейін түскі үзіліссіз жұмыс істейді, ал сенбі күні — 8:00-ден 12:00-ге дейін.
Айта кетейік, кезекші мамандандырылған ХҚКО-дың мекенжайлары өзгеріссіз қалады:
Өскемен қаласының мамандандырылған ХҚКО-сы — Самар тас жолы көшесі, 23.
Олар дүйсенбіден жұмаға дейін 17:00-ге дейін жұмыс істейді, дайын құжаттарды беру 19:00-ге дейін жүзеге асырылады. Сенбі күні — 8:00-ден 12:00-ге дейін, ал дайын құжаттарды беру — 13:00-ге дейін.
2026 жылдың басынан бері Шығыс Қазақстан облысының халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 76 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ШҚО бойынша филиалы хабарлады.
Өңір тұрғындары көбінесе автокөлікке қатысты қызметтерге жүгінеді. Мәселен, көлік құралдарын тіркеу ең сұранысқа ие қызмет болып, шамамен 19 мың өтініш қабылданған. Екінші орында — Қазақстан Республикасы жеке куәліктері мен паспорттарын рәсімдеу, бұл қызметті 18 мыңнан астам адам пайдаланған. Үшінші орында — жылжымайтын мүлікті тіркеу, 11 мыңнан астам өтініш тіркелген.
Ең үлкен жүктеме дәстүрлі түрде ірі қалалық орталықтарға түседі. Қызметтердің ең көбі Өскемен қаласындағы мамандандырылған бөлімде көрсетілген — 21 мыңнан астам. Одан кейін осы қаладағы №3 ХҚКО — шамамен 14 мың қызмет. Аудандар арасында Риддер қаласының ХҚКО-сы көш бастап тұр, мұнда 5 мыңға жуық қызмет көрсетілген.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтерді бүгінде тек ХҚКО арқылы ғана емес, онлайн түрде де алуға болады. «ЦОН» мобильді қосымшасында 18 негізгі сервис және видеоЦОН форматында 79-ға жуық қызмет қолжетімді. Қосымша арқылы алдын ала кезекке жазылуға, QR-талон алуға, өтініш мәртебесін бақылауға және бірқатар қызметтерді, соның ішінде автокөлікке қатысты қызметтерді рәсімдеуге болады.
Осылайша, өңір тұрғындары мемлекеттік қызметтерді алудың офлайн және онлайн форматтарын белсенді түрде пайдаланып, өздеріне ыңғайлы тәсілді таңдауда.