Шығыс Қазақстан облысындағы ең танымал есімдер рейтингісі
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы өңірдегі ең танымал есімдерге рейтинг жасады. Үздік бестікке Ай-Сафи, Марьям, Томирис, Кира және Сафия есімдері енді. Ер есімдер тізімінде Бейбарыс, Алинур, Хақназар, Давид, Максим есімдері бар.
Жыл басынан бері ШҚО-да шамамен жеті мың туу туралы куәлік берілді. Оның ішінде үш мыңнан астамын ата-аналар проактивті форматта рәсімдеген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда проактивті өтінімдердің саны айтарлықтай артқан, бұл азаматтардың цифрлық сервистерге деген сенімінің өсіп келе жатқанын көрсетеді.
«Бала дүниеге келгеннен кейін ата-анаға SMS-хабарлама келеді. Сол хабарламаға жауап ретінде бірнеше сұраққа жауап беріп, таңдалған есімді көрсету қажет. Мұндай формат туу туралы куәлікті алу рәсімін айтарлықтай жеңілдетеді және азаматтардың уақытын үнемдейді», – деді Мемлекеттік корпорация ШҚО бойынша филиалының директоры Азамат Есембулов.
Қазақстанда жүргізуші куәлігін алғаш рет рәсімдеу тәртібі өзгерді
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүргізуші куәлігін алғаш рет алу қызметі енді «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы қолжетімді болғанын хабарлайды.
Енді алғаш рет жүргізуші куәлігін алғысы келетін азаматтар өтінішті мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, тікелей «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы бере алады. Жүйе медициналық анықтамасының бар-жоғын, автомектепті аяқтау туралы куәлігін және шектеулердің болуын мемлекеттік деректер базасы арқылы автоматты түрде тексереді.
Өтініш жіберілгеннен кейін азамат өзіне ыңғайлы уақытта теориялық және практикалық емтихандарға жазыла алады. Осылайша, мемлекеттік баж төлемі емтихандарды сәтті тапсырған соң мамандандырылған ХҚКО бөлімінде төленеді. Бұл тәсіл рәсімдеу процесін оңтайландырып, азаматтар үшін анағұрлым қолайлы жағдай жасайды.
Пилоттық жоба Ішкі істер министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығы аясында жүзеге асып жатыр. Құжат жүргізуші куәліктерін беру тәртібін жаңартып, цифрлық технологияларды кеңінен енгізуге бағытталған.
Қазіргі уақытта жаңа қызмет еліміздің барлық өңірінде қолжетімді. Пилоттық жобаның мерзімі 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін белгіленген. Осы кезеңде қызметтің тиімділігі мен қолайлылығы бағаланып, талдау нәтижесінде жаңа тәртіпті тұрақты түрде енгізу мәселесі қаралады.
Жаңа рәсімдеу форматы жүргізуші куәлігін алғаш рет алатындар үшін бұл процесті бұрынғыдан да жеңіл, ыңғайлы және қолжетімді етті.
Сонымен қатар, «ЦОН» мобильді қосымшасы болашақ жүргізушілерге қосымша мүмкіндіктер ұсынады: қолданушылар теориялық және практикалық емтихандарға, сондай-ақ сынақ емтиханына жазыла алады. Бұдан бөлек, қосымшада көлік сатып алу-сату шартын рәсімдеу, автокөлік тарихын тексеру және өзге де электрондық қызметтерді пайдалану сияқты пайдалы функциялар қамтылған.
Шетелдік БАҚ Қазақстандағы мемлекеттік қызмет көрсетудің тәжірибесімен танысты
Digital Bridge 2025 халықаралық IT-форумы аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы алыс-жақын шетелдік журналистер үшін пресс-тур ұйымдастырды. Астаналық халыққа қызмет көрсету орталығында қонақтар мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы Қазақстан тәжірибесін зерттеп, енгізіліп жатқан цифрлық шешімдерді бағалады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында қонақтарға қызмет көрсету бөлімінің жұмысы туралы жан-жақты ақпарат беріліп, қызмет көрсетуде қолданылып жатқан заманауи шешімдер таныстырылды.
Журналистерге «ЦОН» мобильді қосымшасы және «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызмет көрсету процестері көрсетілді. Осылайша, шетелдік қонақтар жоғары деңгейдегі автоматтандыруды, интерфейстердің ыңғайлылығын және қызметтерді алу жылдамдығын атап өтті.
«Қазір мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы электронды түрде көрсетіледі. Бұл – еліміздің цифрлық трансформациядағы маңызды жетістігі. Ол қабылданған шаралардың тиімділігін дәлелдеп, Қазақстандағы цифрландырудың тұрақты дамуын көрсетеді. Біз алдағы уақытта да жаңа технологияларды енгізіп, қызмет көрсету үдерістерін жетілдіре береміз. Негізгі мақсатымыз – халыққа заманауи талаптарға толық сай қызмет ұсыну», – деп атап өтті Арман Кенжеғалиев, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма Төрағасы.
Сонымен қатар, мобильді қосымшаның бейнеқоңырау арқылы кеңес алу, әлеуметтік төлемдерді есептеуге арналған онлайн-калькулятор, автокөлік тарихын тексеру және көлікті сатып алу-сату шартын тікелей смартфоннан рәсімдеу сияқты инновациялық сервистері ерекше қызығушылық тудырды.
Қонақтар құжаттандыру терминалдарына да назар аударды. Олардың көмегімен азаматтар бірнеше минут ішінде паспорт немесе жеке куәлікке өтініш бере алады.
Делегацияға компьютерлермен жабдықталған өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы да таныстырылды. Мұнда арнайы құрылғысы жоқ азаматтар мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің қатысуынсыз қызметтерді электронды форматта рәсімдей алады.
Сапарды қорытындылай келе, шетелдік БАҚ өкілдері қызмет көрсету орталығының жұмысын жоғары бағалап, Қазақстан тәжірибесі мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласында басқа елдерге үлгі бола алатынын атап өтті.
Айта кетейік, пресс-тур Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумы аясында өтті. Оған Оңтүстік Корея, Таиланд, Қытай, Малайзия, Армения, Әзірбайжан, Өзбекстан және Беларусь елдерінің журналистері қатысты.
«ЦОН» мобильді қосымшасында «Автокөлікті сатып алу-сату шарты» жаңа сервисі қолданысқа енгізілді
2025 жылдың 2 қыркүйегінен бастап мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және сапасын арттыру мақсатында «ЦОН» мобильді қосымшасында көлік құралдарын тіркеу кезінде сатып алу-сату шартын рәсімдеуге арналған жаңа сервис іске қосылды.
Бұған дейін көлікті сату немесе сатып алу үшін азаматтар қызмет көрсету орталықтарында QR-код арқылы шартқа қол қоятын. Енді бұл үдеріс «ЦОН» мобильді қосымшасының «Автокөлікті сатып алу-сату шарты» сервисі арқылы жүзеге асырылады. Шартқа қол қою үшін сатушы да, сатып алушы да электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдаланады. Осылайша, шартты мамандандырылған ХҚКО-ға бармай тұрып алдын ала рәсімдеуге болады. Бұл азаматтарға уақытты үнемдеуге және қызметті алу процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, құжатқа қол қойылғаннан кейін оны ХҚКО-ға ұсыну арқылы көлікті тіркеу рәсімі аяқталады.
Маңыздысы, жасалған шарттың деректері сервистің базасында тұрақты түрде сақталады. Бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, қажет болған жағдайда мәмілені қайта тексеруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, құжатты қолдан жасау немесе қате мәлімет енгізу қаупін болдырмау үшін оның заңды күші сақталып, жеке деректердің құпиялығы қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияның арқасында мәліметтер автоматты түрде тексеріліп, қателіктердің алдын алады.
Бір шартты рәсімдеудің құны – 1 500 теңге.
Сервисті пайдалану үшін азаматтар «ЦОН» мобильді қосымшасын (App Store және Google Play) жүктеп, ЖСН мен телефон нөмірі арқылы авторизациядан өтуі қажет.
Бұл сервис келісімді рәсімдеудің қосымша мүмкіндігі, осылайша, азаматтар мемлекеттік қызметті өзіне ыңғайлы кез келген тәсілмен ала алады.
Жаңа «Автокөлікті сатып алу-сату шарты» сервисі мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болып саналады. Ол қазақстандықтарға қызметті ыңғайлы, қауіпсіз әрі ашық форматта пайдалануға жол ашады.
Өскемен қаласының ХҚКО-ларында #ATAZAN_AZAMAT_KZ челленджі аясында алғашқы жеке куәліктер табысталды
Қазақстан Республикасы Конституциясы күні қарсаңында Өскемен қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында 16 жасқа толған азаматтарға алғашқы жеке куәліктерін салтанатты түрде табыстау рәсімдері өтті.
Іс-шаралар республикалық #ATAZAN_AZAMAT_KZ челленджі аясында ұйымдастырылды. Жас азаматтарға алғашқы құжаттары салтанатты жағдайда естелік сыйлықтармен бірге табысталды.
«Челлендж маңызды мемлекеттік мереке – Конституция күніне орайластырылып, әрбір азаматтың құқықтық мемлекет қалыптастырудағы рөлін айшықтауға бағытталған. Атап айтқанда, азаматтық құқыққа енді ғана ие болып жатқан жастарға ерекше көңіл бөлінуде. Алғашқы жеке куәліктің табысталуы олардың құқықтық мәртебесін ресми мойындаудың және қоғам өміріне белсенді араласуының белгісі болып табылады», – деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» ШҚО бойынша филиалы.
#ATAZAN_AZAMAT_KZ челленджі аясындағы осындай шаралар республика көлемінде өтіп, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің бір бөлігіне айналмақ.
Еске сала кетейік, 16 жасқа толған азамат жеке куәлік алу үшін ата-анасымен немесе заңды өкілімен бірге кез келген ХҚКО-ға барып, туу туралы куәлігін, ата-анасының жеке куәлігін ұсынып, мемлекеттік баж салығын (0,2 АЕК) төлеуі қажет.
#ATAZAN_AZAMAT_KZ
Жүктілік және босану бойынша жәрдемақыны рәсімдеу әрбір болашақ ана үшін маңызды кезең. Бұл жәрдемақыны рәсімдеу процесі қаншалықты оңтайландырылғаны туралы айтамыз.
____
️
2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда жер учаскелеріне берілетін мемлекеттік актілер және пәтерлер мен үйлердің техникалық паспорттары кадастрлық паспортқа ауыстырылды.
Кадастрлық паспортта пәтерге қатысты қандай мәліметтер көрсетіледі және ескі техникалық паспортты міндетті түрде ауыстыру қажет пе ?
___
«Таным» орталығы 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік органдар мен ұйымдардың
4000-нан астам қызметкерін оқытты
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының «Таным» корпоративтік оқу орталығы 2025 жылдың бірінші жартыжылдығын қорытындылады. Қаңтар айынан маусымға дейін орталықта 30 мемлекеттік орган мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарынаң 4000-нан астам қызметкер оқытылды. Сабақтар Qosyl meet платформасында онлайн форматта өтті.
Оқыту бағдарламасы азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу барысындағы қызметкерлердің жауапкершілігі туралы нақты түсінік қалыптастыруға бағытталды. Қазақстандықтардың әрбір сұранысы жан-жақты қаралып, өтініш берушілер сапалы, толық жауап алуы үшін процестердің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Осы мақсатта «Таным» орталығы Бас прокуратураның, ЦДИАӨМ мемлекеттік қызметтер комитетінің, Әділет министрлігінің, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, сондай-ақ Мемлекеттік корпорацияның сарапшыларын шақырды.
Сабақ барысында спикерлер әкімшілік рәсімдердің қағидаттарын қоса алғанда, өтініштерді тіркеу және есепке алу жөніндегі заңнаманың талаптарын, сондай-ақ өтініштермен жұмыс істеудің құқықтық негіздерін түсіндірді. Бұл білім мамандарға азаматтармен қарым-қатынасты сауатты құруға және бюрократиялық кедергілерді азайтуға көмектеседі.
Азаматтар мен бизнес өкілдерін жеке қабылдау бойынша арнайы оқу блогы да қарастырылды. Тыңдаушылар мұндай кездесулерді өткізудің үздік тәжірибелерімен, тиімді диалог құру және қиын жағдайларды реттеу тәсілдерімен танысты. Бұл өте маңызды тақырыптар, себебі қатысушылар үшін «e-Өтініш» жүйесінде жұмыс істеуден басқа, ерекше дағдыларды талап ететін халықпен тікелей қарым-қатынас форматы да сұранысқа ие болып қала береді.
Сонымен қатар, қатысушылар жасырын Мемлекеттік қызметтерді анықтау әдістемелерін және олардың қолжетімділігін арттыру үшін цифрлық құралдарды пайдалануды зерттеді. Мемлекеттік корпорация арқылы әртүрлі мемлекеттік органдардың 50-ден астам ақпараттық жүйелердің қатысуымен мемлекеттік қызметтердің кең спектрі ұсынылатындықтан бұл тақырып та маңызды. Мемлекеттік қызметтер азаматтарға жылдам әрі сапалы көрсетілу үшін ведомстволар арасындағы үйлесімді өзара іс-қимылды талап етеді.
Тәжірибелік сабақтар мен жасалатын қателіктерді талдау тыңдаушыларға бірлесіп жұмыс жасаудың, бюрократиялық кедергілерді азайтудың және барлық кезеңдерде жүйелі қызмет көрсету үшін жағдай жасаудың маңызын түсінуге көмектесті.
«Таным» корпоративтік оқу орталығы кадрлық әлеуетті дамытуға және оқытуға, заманауи тәсілдерді енгізуге баса назар аудара отырып, осы бағыттағы жұмысты жалғастырады.
Мемлекеттік корпорация жүргізуші куәлігін алу кезінде 073/е медициналық анықтамасын автоматты түрде тексеруді енгізді
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының ақпараттық жүйесін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесімен біріктірді. Бұл жүргізуші куәлігін алу кезінде 073/е үлгісіндегі жалған медициналық анықтама ұсыну мүмкіндігін жояды.
Енді азаматтарға «Жүргізуші куәлігін беру» мемлекеттік қызметін алу кезінде медициналық анықтаманы қағаз түрінде тапсырудың қажеті жоқ. Медициналық тексерудің нәтижесі автоматты түрде ИАЖ ХҚКО-ға келіп түседі. Бұл жаңашылдық өтініштердің қарау мерзімін жеделдетуге, жалған құжаттарды ұсыну жағдайларын болдырмауға және жүргізуші куәлігін алу рәсімінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Аталған бастама ауқымды цифрлық трансформацияның бір бөлігіне айналды және бұл мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды оңтайландыру арқылы мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Айта кету керек, жүргізуші куәлігінің қолданылу мерзімі аяқталмай тұрып ауыстырылған жағдайда, медициналық тексеруден өту талап етілмейді. Сондай-ақ, психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлерден анықтама ұсыну қажеттілігі жоқ.
Құрбан айт күні ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмыс кестесі
Құрбан айт мерекесіне орай халыққа қызмет көрсету орталықтары, сондай-ақ мамандандырылған ХҚКО-лар 6 маусым, жұма күні жұмыс істемейді.
Бұл ретте 7 маусым, сенбі күні кезекші ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лар үшін жұмыс күні. Халыққа қызмет көрсету орталықтары азаматтарды сағат 09:00-ден 13:00-ге дейін қабылдайды. Ал мамандандырылған ХҚКО-ларда өтініштерді қабылдау сағат 09:00-ден 12:00-ге дейін, ал құжаттарды беру – 13:00-ге дейін жүргізіледі.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысындағы ХҚКО-ларда жұмыс күні бір сағатқа ерте басталып, бір сағатқа ерте аяқталады.
Кезекші ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лардың актуалды тізімін Мемлекеттік корпорацияның Instagram парақшасынан немесе 1414 нөмірі арқылы біле аласыз.