
Объектiлердi пайдалануға қабылдау және беру тәртiбiне қойылатын жалпы талаптар
Тапсырыс берушi салынған объектiнi пайдалануға қабылдау мен берудi бекiтiлген жобаға сәйкес ол толық әзiр болған және сәйкестiк туралы декларация, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы және орындалған жұмыстардың бекiтiлген жобаға сәйкестiгi туралы қорытындылар болған кезде жүргiзедi.
Бұл ретте салынған объектінің толық дайындығы құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларына сәйкес айқындалады.
Құрылысы аяқталмаған объектiлердi пайдалануға қабылдау және беру кезiнде құрылысқа қатысушылар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.
Салынған объектіні пайдалануға қабылдау актімен ресімделеді. Салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісі бекітуге жатады.
Салынған объектiнi пайдалануға қабылдау актiсiне сәйкестiк туралы декларацияның және орындалған жұмыстардың жобаға сәйкестiгi мен құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы қорытындылардың негiзiнде тапсырыс берушi, мердiгер (бас мердiгер), техникалық және авторлық қадағалауларды жүзеге асыратын адамдар қол қояды.
Объект бұзушылықтармен және құрылыстағы шалағайлықтармен пайдалануға қабылданған жағдайда, объектiнi пайдалануға қабылдауға қатысушылар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.
Объектіні пайдалануға қабылдаудың бекітілген актісі болмаса, салынған объектіні пайдалануға жол берілмейді. Арнайы экономикалық аймақтардың аумағындағы өнеркәсіптік (өндірістік) объектілерді іске қосу-жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде пайдалануға жол беріледі. Стандарттау және қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін, іске қосу-жөндеу жұмыстары кезінде шығарылатын өнім объектіні пайдалануға қабылдау актісі бекітілгеннен кейін өткізіледі.
Құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке ғимараттардың, құрылысжайлардың және (немесе) олардың құрамдастарының сәйкестендіру мен техникалық мәліметтерін енгізу, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында жылжымайтын мүлiкке құқықтарды тіркеу үшін объектiнi пайдалануға қабылдаудың бекiтiлген актiсi негіз болып табылады.