Жұмысқа кіріспес бұрын қызметкер қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарымен таныстырылуы тиіс екенін білесіз бе?
Кез келген өндірісте, құрылыс алаңында немесе басқа да жұмыс орындарында белгілі бір қауіп-қатерлер болады. Сондықтан уақтылы өткізілетін нұсқама – жай ғана формалдылық емес, жазатайым оқиғалардың алдын алудың маңызды шарасы.
❗ Жұмыс беруші нені қамтамасыз етуге міндетті?
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 182-бабына сәйкес жұмыс беруші:
✅ Нұсқама беру және оқытуды жүргізуге – жұмыскерлерге еңбек міндеттерін қауіпсіз орындау қағидаларын түсіндіруге және олардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша білімін тексеруге;
✅ Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге – кәсіптік тәуекелдерді анықтауға және олардың алдын алу мен төмендету жөнінде шаралар қабылдауға;
✅ Қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге – жұмыскерлерді белгіленген нормаларға сәйкес арнайы киіммен, аяқкиіммен және қажетті жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге;
✅ Қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауға – белгіленген қағидалардың орындалуын қадағалауға және анықталған бұзушылықтарды уақтылы жоюға;
✅ Медициналық қарап-тексерулерді ұйымдастыруға – заңнамада көзделген жағдайларда өз қаражаты есебінен медициналық қарап-тексерулер өткізуді қамтамасыз етуге міндетті.
⚠ Білу маңызды!
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша қажетті оқытудан және білімін тексеруден өтпеген жұмыскерлер жұмысқа жіберілмейді.
Сонымен қатар, жұмыскердің өзі де белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтауға, қорғаныш құралдарын дұрыс пайдалануға және адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар туралы уақтылы хабарлауға міндетті.
Нұсқаманы тек формалды түрде өткізу қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді. Әрбір жұмыскер ықтимал қауіп-қатерлерді түсініп, қауіпті жағдайда қалай әрекет ету керектігін білуі маңызды.
Есіңізде болсын: жазатайым оқиғаның салдарын жойғаннан гөрі, оның алдын алған әлдеқайда маңызды.
Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету – жұмыс берушінің міндеті және әрбір жұмыскердің құқығы!
#ЕңбектіҚорғау #ЕңбекҚауіпсіздігі #ЕңбекИнспекциясы #ЕңбекҚұқықтары #МЕИК
eGov Mobile мобильді қосымшасында отбасының әл-ауқатын бағалауға арналған жаңа сервис пайда болды. Ол 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кейбір мемлекеттік көмектерді отбасының нақты жағдайы мен мұқтаждығына қарай көрсету тәртібіне көшу аясында іске қосылды.
Калькулятор арқылы азаматтар отбасының әл-ауқатын бағалау талаптарымен танысып, отбасының саламаттылық деңгейін анықтай алады. Бұл ретте отбасының табысы мен мүлкі ғана емес, отбасы құрамы, балалардың, қарт адамдардың және мүгедектігі бар адамдардың болуы сияқты әлеуметтік жағдайлар да ескеріледі. Бағалау алты бағыт бойынша 59-дан астам көрсеткішке сүйенеді.
Айта кетерлігі, есеп адамның өзі енгізген мәліметтер негізінде жүргізіледі және тек ақпараттық сипатқа ие. Яғни калькулятордың нәтижесі әлеуметтік төлем тағайындау немесе оны тоқтату туралы шешім болып саналмайды.
Бүгінде Қазақстандағы 6,2 миллион отбасы мен үй шаруашылығы туралы өзекті әрі жан-жақты мәлімет Отбасының цифрлық картасында жинақталған. Отбасының әлеуметтік жағдайын объективті әрі дәл бағалау үшін 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйенің деректері пайдаланылады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Отбасының әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтау әдістемесі екі негізгі бағытты кешенді бағалауды көздейді. Олар – материалдық жағдайы мен жалпы әлеуметтік тұрақтылығы.
Материалдық әл-ауқатты бағалау алты сала бойынша 59 көрсеткішті қамтиды. Атап айтқанда, азаматтардың қаржылық жағдайы, жұмыспен қамтылуы, жылжымалы және жылжымайтын мүлкі, көлік құралдары, кәсіпкерлік қызметі, ауыл шаруашылығы активтері, сондай-ақ қолданыстағы кредиттік міндеттемелері ескеріледі.
Қажетті мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден тікелей алынады. Осы деректердің жиынтығы негізінде еліміздегі барлық үй шаруашылықтары А-дан Е-ге дейінгі бес санатқа бөлінеді. Бұл санаттар тек заңнамада мұқтаждық өлшемшарты белгіленген төлемдерді тағайындау кезінде ғана ескеріледі.
Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақылардың жекелеген түрлерін тағайындау тәртібі өзгереді. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап төлемнің 14 түрін тағайындау кезінде отбасының әлеуметтік жағдайы кешенді бағаланады. Жаңа тәсілдің мәні мен өзгерістері туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте түсіндірді.
Бұған дейін бірқатар жәрдемақы адамның белгілі бір әлеуметтік санатқа жатуына қарай тағайындалса, енді заңда белгіленген төлемдер бойынша отбасының жалпы әл-ауқаты да ескеріледі. Бұл ретте отбасының әлеуметтік жағдайы объективті көрсеткіштер негізінде бағаланады.
Жаңа тәртіпке сәйкес, А және В санаттарына жатқызылған отбасыларға жәрдемақының жекелеген түрлерін тағайындау шарттары қайта қаралады. Ал С, D және Е санаттарындағы отбасылар заңнамада көзделген талаптарды сақтаған жағдайда мемлекеттік қолдау алу құқығын толық сақтайды.
Сонымен қатар өзгерістер әлеуметтік көмектің барлық түріне бірдей қатысты емес. Бюджеттен төленетін 36 түрлі жәрдемақының 22-сі бұрынғы тәртіппен тағайындала береді. Оларды алу кезінде отбасының жалпы материалдық жағдайы мен әлеуметтік әл-ауқаты ескерілмейді.
Әрбір жұмыскердің жалақысын уақтылы алуға, қауіпсіз еңбек жағдайларына және еңбек құқықтарының сақталуына құқығы бар.
Алайда іс жүзінде жұмыс берушінің жалақыны кешіктіруі, тиесілі төлемдерді төлемеуі, еңбек шартының талаптарын бұзуы немесе еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтамауы сияқты жағдайлар кездеседі.
Егер еңбек құқықтарыңыз бұзылса, не істеу керек?
📌 1-қадам. Өтініш беріңіз
Жұмыскер жұмыс берушінің орналасқан жері бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясының аумақтық департаментіне, оның ішінде e-Otinish порталы арқылы өтініш бере алады.
📌 2-қадам. Өтінішті қарау
Мемлекеттік еңбек инспекторлары өтініште көрсетілген мән-жайларды зерделейді, ұсынылған құжаттарды талдайды және заңнамада көзделген негіздер болған жағдайда жұмыс берушіге тексеру жүргізеді.
📌 3-қадам. Тиісті шаралар қабылдау
Егер заңбұзушылықтар расталса, мемлекеттік еңбек инспекторы өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдайды. Атап айтқанда, жұмыс берушіге анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілуі, ал кінәлі тұлғалар әкімшілік жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
📌 4-қадам. Орындалуын бақылау
Еңбек инспекциясының жұмысы заңбұзушылықтарды анықтаумен ғана шектелмейді. Мемлекеттік еңбек инспекторлары берілген нұсқамалардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады және жұмыскерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін заңнамада көзделген шараларды қабылдайды.
Біздің міндетіміз – заңбұзушылықтарды анықтап қана қоймай, жұмыскерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қалпына келтіруге ықпал ету.
Егер еңбек құқықтарыңыз бұзылса, бұл жағдайды назардан тыс қалдырмаңыз. Мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгініңіз.
#ЕңбекИнспекциясы #ЕңбекҚұқықтары #ЖұмыскерлердіңҚұқықтарынҚорғау #ЕңбекЗаңнамасы #МЕИК
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындыларына шағымдану тәртібін түсіндіреді. Егер азамат мүгедектік тобына, оның мерзімі мен себебіне, сондай-ақ еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесіне қатысты қабылданған шешіммен келіспесе, сараптамалық қорытындыны қайта қарау туралы өтініш беруге құқылы. Бұл құқықты оның заңды өкілі де пайдалана алады.
Ол үшін сараптамалық қорытынды алынған күннен бастап үш айдан кешіктірмей ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне шағым беру қажет. Шағымды қағаз түрінде немесе e-Otinish платформасы арқылы электрондық форматта жолдауға болады.
Қорытындыны қайта қарау тәртібі бастапқы куәландырудың қалай жүргізілгеніне байланысты. Егер азамат тікелей жүргізілген сараптама нәтижесіне шағымданса, оны МӘС әдіснама және бақылау бөлімі қайта қарайды. Мамандар медициналық құжаттарды зерделеп, азаматты тексереді. Диагнозды және ағза функцияларының бұзылу дәрежесін нақтылау қажет болған жағдайда кардиолог, онколог, офтальмолог, педиатр және психолог сияқты бейінді мамандар тартылады.
Егер азамат сырттай, проактивті форматта жүргізілген куәландыру нәтижесімен келіспесе, шағымын тұрақты тіркелген жері бойынша аумақтық департаментке береді. Құжаттар басқа өңірдің МӘС әдіснама және бақылау бөліміне қарауға жіберіледі. Қорытынды азаматтың жеке деректері көрсетілмеген медициналық құжаттар негізінде сырттай қайта қаралады.
Мұндай жағдайда тиісті бөлімге МӘС актісі келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде сараптамалық қорытынды шығарылады. Бұл мерзім құжаттарға сараптамалық баға беру кезеңіне қатысты. Ал ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 99-бабына сәйкес, заңнамада жекелеген жағдайлар үшін өзге мерзімдер белгіленуі мүмкін. Мұндай жағдайда шағым 20 жұмыс күнінде қаралатын болады.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің бас маманы мемлекеттік еңбек инспекторы Серғазин Әли «№ 29 мектеп-қосымша білім беру орталығы» КММ-де профилактикалық бақылау жүргізуді аяқтады.
Профилактикалық бақылаудың негізгі мақсаты Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, қызметкерлердің еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету және жұмыс берушінің құқықтық сауаттылығын арттыру.
Бақылау іс-шарасы барысында еңбек қатынастарын реттейтін еңбек заңнамасы талаптарының сақталуына, оның ішінде еңбек шарттарын рәсімдеу, жұмыс уақыты мен тынығу уақыты режимін сақтау, сондай-ақ қызметкерлерге заңнамада көзделген кепілдіктер мен құқықтарды қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Профилактикалық бақылау еңбек заңнамасын бұзудың ықтимал тәуекелдерін уақтылы анықтауға, жұмыс берушілерге заңнама талаптарын түсіндіруге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.
Мұндай іс-шараларды өткізу еңбек тәртібін нығайтуға, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруға және қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайларын қалыптастыруға ықпал етеді.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті еңбек заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.
Еңбек құқықтарының сақталуы мәселесі көптеген азаматтар үшін өзекті болып қала береді. Маманның уақтылы берген консультациясы күрделі жағдайларды түсінуге, қажетті түсіндірмелер алуға және туындаған мәселелерді шешу жолдарын табуға көмектеседі.
Азаматтарды қабылдау барысында еңбек инспекторына еңбек қатынастарына қатысты сұрақтарымен тұрғындар жүгінді. Азаматтар ресми өтініш жазуды жоспарлаған болатын. Алайда әңгімелесу барысында инспектор оларға еңбек заңнамасының нормаларын жан-жақты түсіндіріп, көкейлеріндегі сұрақтарға жауап берді және алдағы уақытта қандай әрекеттер жасау керектігі жөнінде ұсынымдар берді.
Қажетті түсіндірмелерді алғаннан кейін азаматтар қалыптасқан жағдайды түсініп, әрі қарай қандай қадамдар жасау керектігін айқындай алды. Кейбір жағдайларда қабылдау барысында-ақ туындаған мәселелердің шешімін табуға көмектесіп, қосымша өтініштер берудің және мәселені шешу мерзімінің созылуының алдын алды.
Кездесу қорытындысы бойынша азаматтар түсінікті әрі нақты түсіндірмелер және көрсетілген көмек үшін алғыстарын білдірді. Қабылдау оң нәтижемен аяқталды: азаматтар өз сұрақтарына жауап алып, туындаған мәселелерді шешудің ықтимал жолдарымен танысты.
Мұндай кездесулер азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогтың маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетеді. Еңбек инспекторының басты міндеті өтініштерді қараумен ғана шектелмей, еңбек заңнамасының бұзылуының алдын алуға ықпал ету, азаматтарға өз құқықтарын түсінуге көмектесу және туындаған мәселелерді заң аясында шешу жолдарын көрсету.
Азаматтарға консультациялық көмек көрсету және олардың еңбек құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың тоғыз айында жұмыс берушілер Enbek.kz электронды еңбек биржасына 1 миллионнан астам бос жұмыс орнын жариялаған. Бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,9%-ға көп. Былтырғы тоғыз айда 978 мың бос жұмыс орны тіркелген болатын. Жалпы, платформада ай сайын орта есеппен 120 мыңға жуық жұмысқа орналасу мүмкіндігі ұсынылды.
Жұмыс берушілердің белсенділігі әсіресе қыркүйек айында артқан. Осы айда 254 мың бос жұмыс орны ұсынылып, бұл тоғыз айдағы жалпы көрсеткіштің 23,2%-ын құрады. Қыркүйектегі көрсеткіш тамыз айымен салыстырғанда екі есеге жуық өскен. Бос жұмыс орындарының саны барлық салада артты. Әсіресе сауда, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және көлік салаларында өсім байқалған.
2026 жылдың тоғыз айында жарияланған бос жұмыс орындарының басым бөлігі білім беру саласына тиесілі. Оның үлесі – 26,3%. Одан кейін басқа қызмет түрлері – 13%, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету – 8,5%, өңдеу өнеркәсібі – 7,2% және мемлекеттік басқару – 6,8%.
Өңірлер бойынша бос жұмыс орындарының ең көп үлесі Астана қаласында – 8,7%, Алматы қаласында – 8,4%, Қарағанды облысында – 6,8%, Түркістан облысында – 6,7% және Павлодар облысында – 6,3% тіркелген.
Бос жұмыс орындарының басым бөлігі орта деңгейдегі біліктілігі бар мамандарға арналған. Олардың үлесі – 42,1%. Жоғары білікті мамандарға арналған жұмыс орындары 32,7%-ды, ал арнайы біліктілікті қажет етпейтін жұмыстар 25,2%-ды құрайды.
Жұмыс берушілер көбіне медбикелерді, автокөлік жүргізушілерін, тәрбиешілерді, математика мұғалімдерін, бухгалтерлерді және аспаздарды іздеген. Сондай-ақ жоғары білікті мамандардың ішінде әлеуметтік педагогтер мен мектеп психологтарына да сұраныс бар.
Құрылтай отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев депутат Наталья Рамазанованың Цифрлық отбасы картасын қалыптастыру тетігі туралы қойған сауалына жауап бере отырып, отбасы санатын (А, В, С, D және Е) айқындау кезінде бүкіл отбасы мен үй шаруашылығына қатысты деректер жиынтығы негізге алынатынын атап өтті.
«Мұнда жалақы немесе мүлік сияқты тек бір фактор ескерілмейді. Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік дерекқорлардан үй шаруашылығы туралы сегіз негізгі бағыт бойынша 50-ден астам көрсеткішке қатысты мәлімет жинайды. Олардың қатарында жұмыспен қамту, кірістер, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, несиелік жүктеме, білім беру және басқа да мәліметтер бар. Үй шаруашылығының материалдық және әлеуметтік жағдайы туралы жалпы мәліметтер негізінде оның санаты айқындалады»,
— деп түсіндірді Асқарбек Ертаев.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда әлеуметтік қолдаудың жекелеген шараларын тағайындау тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Төлемдерге құқықты айқындау кезінде отбасының әл-ауқат деңгейі ескеріледі. Әл-ауқаты жоғары және ауқатты отбасыларға жататын «А» және «В» санатындағы отбасылар мұндай қолдау шараларына үміткер бола алмайды.
Сонымен қатар министр кірістермен қатар шығыстар да ескерілетінін атап өтті. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап екінші деңгейлі банктер алушының және оның отбасы мүшелерінің келісімімен банк шоттары мен депозиттері туралы мәліметтерді ұсынады.
Жүйе үй шаруашылығының қаржылық жағдайындағы өзгерістерге жедел ден қояды.
«30 дерекқормен ықпалдастырылған мәліметтер күн сайын жаңартылып отырады, ал отбасының санаты ай сайын айқындалады. Мәселен, қазан айында “В” санатында болған отбасы белгілі бір тәуекелдерге байланысты желтоқсан айында “С” санатына ауысса, оған мемлекеттік қолдау шаралары бірден, проактивті түрде тағайындалады»,
— деп түйіндеді сөзін Асқарбек Ертаев.