ҚР Еңбек кодексінің 30 бабының 1 тармағына сәйкес, еңбек шарты:
1) белгіленбеген мерзімге;
2) осы тармақтың 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында белгіленген жағдайлардан басқа, бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге жасалуы мүмкін.
Еңбек шартының мерзімі өткен кезде тараптар оны белгіленбеген немесе бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге ұзартуға құқылы.
Егер еңбек шартының қолданылу мерзімі өткен жағдайда тараптардың ешқайсысы соңғы жұмыс күні (ауысым) ішінде еңбек қатынастарын тоқтату туралы хабардар етпесе, осы Кодекстің 51-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, ол бұрын жасалған дәл сол мерзімге ұзартылған деп есептеледі.
Белгілі бір мерзімге жасалған еңбек шарты көп дегенде екі ретке ұзартылуы мүмкін.
Еңбек қатынастары жалғастырылған кезде еңбек шарты белгіленбеген мерзімге жасалған деп есептеледі;
Осы тармақшаның төртінші және бесінші бөліктерінің ережелері дербес білім беру ұйымдарының және олардың ұйымдарының шетелдік жұмыскерлеріне қолданылмайды.
3) белгілі бір жұмыстың орындалу уақытына;
4) уақытша болмаған жұмыскерді алмастыру уақытына;
5) маусымдық жұмысты орындау уақытына;
6) халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жергілікті атқарушы органдар беретін шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттың, еңбекші көшіп келушіге рұқсаттың және өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтаманың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін мерзімдері шегінде жасалуы мүмкін.
Заңды тұлғаның атқарушы органының басшысымен жасалған еңбек шартының қолданылу мерзімі өткен жағдайда, егер тараптардың ешқайсысы еңбек шартының қолданылу мерзімі өткенге дейін соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей еңбек қатынастарын тоқтату туралы хабардар етпесе, егер заңды тұлға құрылтайшылары, мүлкінің меншік иесі не құрылтайшылар, меншік иесі уәкілеттік берген тұлға (орган) немесе заңды тұлғаның уәкілетті органы бекітетін құжаттарда ұзартудың өзге мерзімі айқындалмаған болса, еңбек шарты бір жылға ұзартылады.
Заңды тұлғаның атқарушы органының басшысымен еңбек қатынастарын тоқтату туралы хабарламаға жұмыс беруші – заңды тұлға атынан заңды тұлға мүлкінің меншік иесі немесе ол уәкілеттік берген тұлға (орган) не заңды тұлғаның уәкілетті органы немесе ол уәкілеттік берген тұлға қол қояды.