ҚР Еңбек кодексінің 38-бабының 1-тармағына сәйкес, мыналар:
1) жұмыскер жұмысының (еңбек функциясының) өзгеруі, яғни жұмысты басқа лауазым, мамандық, кәсіп, біліктілік бойынша орындау;
2) еңбек шартында келісілген еңбек жағдайлары (жалақы мөлшері, жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі, жеңілдіктер мен басқа да жағдайлар) оны орындау кезінде өзгеретін өзге жұмысты тапсыру;
3) жұмыс берушінің оқшауланған құрылымдық бөлімшесіне ауыстыру;
4) жұмыс берушімен бірге басқа жерге ауыстыру жұмыскерді басқа жұмысқа ауыстыру болып табылады.
ҚР Еңбек кодексінің 38-бабының 2-тармағына сәйкес, осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыскерді басқа жұмысқа ауыстыруға жұмыскердің келісімімен жол беріледі, ол еңбек шартына тиісті өзгерістер енгізумен және жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.
Яғни, еңбек шартына қосымша келісім және басқа лауазымға ауыстыру туралы бұйрық ресімделеді.
Осылайша, егер қызметкердің ауысуға келісімі алынса, онда қызметкердің басқа лауазымға ауысуына байланысты өзгерістер енгізілетінін көрсететін еңбек шартына қосымша келісім ресімдеу қажет.
Сондай-ақ, ҚР Еңбек кодексінің 38-бабының 3-тармағына сәйкес, жұмыскердің денсаулық жағдайына байланысты медициналық қорытындымен расталған қарсы көрсетілімдер болған кезде, жұмыскерді басқа жұмысқа ауыстыруға жол берілмейді.