Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (ары қарай - Кодекс) 1 бабының 1 тармағының 56 тармақшасына сәйкес, қоса атқарылатын жұмыс (совместительство) – жұмыскердің негізгі жұмысынан бос уақытында еңбек шарты жағдайында тұрақты, ақы төленетін басқа жұмысты орындауы болып табылады.
Лауазымдарды қоса атқару (совмещение должностей) - жұмыскердің еңбек шартында (лауазымдық нұсқаулықта) көзделген өзінің негізгі жұмысымен қатар басқа бос лауазым бойынша қосымша жұмысты орындауы.
Қоса атқарылатын жұмыс кезінде жұмысшымен жеке еңбек шарты жасалады.
Жұмыскер лауазымдарды қоса атқару жұмысы туралы еңбек шартын басқа жұмыс берушімен жасасу үшін, негізгі жұмыс орны бойынша еңбектің сипаты мен шарттары (жұмыс орны, лауазымы, еңбек жағдайлары) туралы анықтама ұсынуға тиісті.
Еңбек шартында жұмыстың сипаты және жұмыстың лауазымды қоса атқару болып табылатындығы міндетті түрде көрсетілуі керек.
Лауазымды қоса атқару кезінде жеке еңбек шарты жасалатынын ескерсек, сауықтыру жәрдемақысы негізгі жұмыс орны бойынша да, лауазымды қоса атқару жұмысы бойынша да бөлек төленеді.
Негізгі жұмыс орны бойынша және қоса атқаратын жұмысы бойынша күнделікті жұмыстың жиынтық ұзақтығы Кодекстің 71-бабының 4-тармағында белгіленген күнделікті жұмыс ұзақтығының нормасынан 4 сағаттан артық аспауға тиіс.
Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты осы жұмыс ол үшін негізгі болып табылатын жұмыскермен еңбек шартын жасасқан жағдайда жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылуы мүмкін (Кодекстің 52 бабының 2 тармағы).
Сонымен қатар, Кодекстің 111 бабының 1 тармағына сәйкес сол бір ұйымда, еңбек шартында көзделген өзінің негізгі жұмысымен қатар басқа немесе осындай лауазым бойынша қосымша жұмыс орындайтын не уақытша болмаған жұмыскердің міндеттерін өзінің негізгі жұмысынан босатылмай орындайтын жұмыскерлерге қосымша ақы төлеу жүргізіледі.
Жұмыскерлерге тапсырылатын қосымша жұмыстар жұмыскердің еңбек шартында (лауазымдық нұсқаулықта) көзделген өзінің негізгі жұмысымен қатар басқа бос лауазым бойынша қосымша жұмысты орындауы яғни лауазымдарды қоса атқару арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» қаулысының (бұдан әрі - Қаулы) 18 қосымшасына сәйкес, мемлекеттік мекемелердің және қазыналық кәсіпорындардың негізгі лауазымы (мамандығы) бойынша жұмыс уақытының шегінде қосымша жұмыс орындайтын қызметкерлеріне лауазымдарды қоса атқарғаны (қызметтер көрсету аймағының кеңейгені) үшін қызметкердің өзінің лауазымдық айлықақысынан 50 %-ға дейін қосымша ақы төленеді. Алайда аталған қосымша ақылар мемлекеттік мекемелердің, қазыналық кәсіпорындардың басшыларына және олардың орынбасарларына қолданылмайды№
Лауазымдарды қоса атқару негізгі лауазым бойынша жұмыс уақыты шегінде жүргізіледі. Осыған байланысты, лауазымдарды қоса атқару (қызмет көрсету аймағын кеңейту) жәрдемақы төлеу үшін негіз болып табылмайды және сауықтыруға арналған жәрдемақы тек негізгі жұмыс орны бойынша төленеді.
Сонымен қатар, уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін атқарғаны (алмастырғаны) үшін қызметкерлерге қосымша ақы төлеу, егер уақытша болмаған қызметкерді ауыстыру алмастырушы қызметкердің лауазымдық міндеттеріне кірген жағдайда жүргізілмейді (Кодекстің 111-бабының 2-тармағының 3) тармақшасы).