ҚР Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 122-бабының 1-тармағына сәйкес қызметкердің еңбек міндеттерін атқаруына байланысты оның өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтірілген кезде жұмыс беруші зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген көлемде өтеуге міндетті.
Кодекстің 122-бабының 2-тармағына сәйкес, осы баптың 1-тармағында көзделген зиян, осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, қызметкерде сақтандыру төлемдері болмаған кезде толық көлемде өтеледі. Сақтандыру төлемдері болған кезде жұмыс беруші қызметкерге сақтандыру сомасы мен зиянның нақты мөлшері арасындағы айырмашылықты өтеуге міндетті.
Кодекстің 122-бабы 3-тармағының негізінде жұмыскерге кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін бес пайыздан жиырма тоғыз пайызды қоса алғанда белгілеуге байланысты зиян келтірілген кезде жұмыс беруші жұмыскерге жоғалған жалақысын және оның денсаулығына зиян келтіруден туындаған шығыстарды өтеуге міндетті.
Жәбірленушінің еңбек (қызметтік) міндеттерін атқаруы кезінде жоғалтқан табысы бөлігінде зиянды өтеу кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеу мерзіміне, бірақ ол Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгіленген зейнеткерлік жасқа толғаннан аспайтын мерзімге жүзеге асырылады.
Алушының зейнеткерлік жасқа жеткенге дейінгі төлем мерзіміне шектеулер кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу алғаш рет 2015 жылғы 10 мамырдан кейін белгіленген немесе қайта куәландыру жүргізілген адамдарға қатысты, өйткені ҚР 27.04.2015 жылғы №311-V Заңымен ҚР Азаматтық кодексіне, ҚР Еңбек кодексіне, ҚР 07.02.2005 жылғы №30 қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.