Еңбек нарығында технологиялардың қарқынды дамуының нәтижесінде икемді жұмыспен қамтудың жаңа формалары пайда болды.
Икемді жұмыспен қамтудың нысандарын заңнамалық түрде реттеу мақсатында Әлеуметтік Кодекс аясында 2023 жылғы 1 шілдеден бастап келесідей режимдер енгізіледі:
- бірлескен жұмыс – бір жұмыс функциясын бірлесіп орындау үшін жұмыс берушінің бірнеше (әдетте екі) жұмысшыны қабылдауы;
- жылжымалы жұмыс кестесі- аптаның кез келген күндерінде жұмыс кестесінің әртүрлі ұзақтығымен жұмыс;
- төрт күндік жұмыс аптасы тараптардың келісімі бойынша бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасына ауысу құқығымен;
- платформалық жұмыспен қамту- бұл негізгі және қосымша жұмыспен қамтудың рөлін атқара алатын қарқынды дамып келе жатқан икемді жұмыс форматы.
Платформалық жұмыспен қамтуды толыққанды енгізу үшін екі кезеңде жұмыс атқарылуда:
бірінші кезеңде 2023 жылдан бастап платформалық жұмыспен қамтудың тараптарын айқындайтын тұжырымдамалық аппарат енгізіледі. Ол интернет-платформалардың операторларын, тапсырыс беруші мен орындаушыны, сондай-ақ олардың өзара қарым-қатынасының тәртібімен және интернет-платформалар арқылы жұмысқа орналасқан адамдарды әлеуметтік және зейнетақы жүйесіне тартуды анықтайды.
Платформалық жұмыспен қамту тараптарының өзара қарым-қатынасында еңбек қатынастарының белгілері болған жағдайда, Еңбек кодексіне осы санаттағы қызметкерлердің жұмыс ерекшеліктеріне жұмыс уақытының режимі мен есебін, демалысын және т.б. есепке алуды реттейтін жаңа бап енгізіледі.
екінші кезеңде интернет-платформалар арқылы жұмыспен қамтылған тұлғаларға 2025 жылдан бастап әзірленіп жатқан жаңа Салық Кодексі шеңберінде оңайлатылған салық режимі енгізіліп, қолданыстағы әлеуметтік сақтау жүйелеріне тарту жұмыстары жүргізілуде (МӘСҚ, БЖЗҚ, МӘМС және т.б. әлеуметтік төлемдер).
Анықтама: сараптамалық деректер бойынша бүгінде елімізде түрлі интернет-платформаларда 500 мыңға жуық азамат қызмет атқарады, бірақ олардың денсаулығы мен әл-ауқатын қорғауға, оның ішінде оларды тәуекелдерді сақтандыру жүйесіне қосуға мүмкіндік беретін әлеуметтік кепілдіктермен қамтылмаған.
Икемді жұмыспен қамтудың нысандарын ресімдеу жұмыспен қамтуды ұлғайтуға, еңбек ұтқырлығын арттыруға, қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.