ҚР Еңбек кодексінің 126-бабына сәйкес, донор болып табылатын жұмыскердің тексерілу және қан мен оның компоненттерін донациялау уақытында жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақталады, сондай-ақ оларға Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес өзге де кепілдіктер беріледі.
Жұмыскер жұмыс күндері медициналық зерттеп-қаралу және қанды және (немесе) оның компоненттерін донациялау кезінде орташа жалақысы сақтала отырып, жұмыстан босатылады ("Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" ҚР Кодексінің 208-бабының 1-тармағы).
Қанды және (немесе) оның компоненттерін донациялауды өтеусіз негізде жүзеге асырған донорға орташа жалақысы сақтала отырып, қосымша бір демалыс күн беріледі, бұл жыл сайынғы еңбек демалысына қосылуы мүмкін. Осы кепілдіктер донациялау кезінен бастап бір жыл бойы жарамды.
Қан мен оның компоненттерін донациялау болмаған кезде қосымша демалыс күні берілмейді ("Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" ҚР Кодексінің 208-бабының 2-тармағы).
Егер донор болатын жұмыскер жұмыс берушімен келісім бойынша қанды және (немесе) оның компоненттерін донациялау күндері жұмысқа шықса, оның орташа жалақысы сақтала отырып, өзінің қалауы бойынша басқа демалыс күні беріледі не бұл күн жыл сайынғы еңбек демалысына қосылуы мүмкін ("Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" ҚР Кодексінің 208-бабының 3-тармағы).
Донор болатын жұмыскерді қанды және (немесе) оның компоненттерін донациялау күндері түнгі уақыттағы жұмыстарға, үстеме жұмыстарға, ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарға тартуға жол берілмейді ("Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" ҚР Кодексінің 208-бабының 4-тармағы).