
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ШҚО Дін істері басқарма басшысы Жанат Мекеева мәлімдеді.
Басқарма басшысы облыс аумағындағы діни ахуал, дін саясатының жүзеге асырылуы, теріс діни ағымдармен жүргізіліп жатқан жұмыс жайлы ауқымды ақпарат ұсынды.
Жалпы, облыс әкімдігі мемлекеттің діни бірлестіктермен өзара іс-қимылын қамтамасыз ете отырып, конфессияаралық келісімді нығайту, ҚР дін саласындағы заңнамасы нормаларының орындалуын бақылау, облыс аумағында мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу, сонымен қатар діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша тұрақты түрде жұмыстар жүргізуде. Облыс аумағында 12 конфессияны қамтитын 152 діни бірлестік тіркелген. Олардың жұмысы үйлесімді жүйеге қойылған.
Жанат Мекеева діни экстремизмді алдын алу мақсатындағы жұмыс жайлы кеңінен айтып өтті. - Басқарма интернет желісінде діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына ерекше назар аударады. Қазіргі уақытта Қазақстанда тыйым салынған террористік құрылымдардың ұлттық тізбесіне 22 шетелдік ұйым енгізілген. Жыл басынан бері әлеуметтік желілерде және интернет-кеңістікте діни экстремизм мен терроризм белгілері бар 3000-нан астам материалдар анықталды. Әлеуметтік желілердегі радикалды топтардан Облыстың 851 тұрғынын алып тастауға мүмкіндік туды, осылайша оларды деструктивті діни ағымдардың идеологиясына тартуға жол берілмеді, - деді өз сөзінде басқарма басшысы.