
Клуб мүшелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты Үндеуін талқылады.
Еліміздің Батыс және Солтүстік өңірлерінде орын алған қиын жағдай, яғни көктемгі су тасқынына байланысты жерлестерімізге көмек көрсету қажеттілігі бір ауыздан қолдау тапты. Сондай-ақ, өңірдің діни бірлестік басшылары ел басына күн туғанда ұлтаралық татулықты, конфессияаралық ауызбіршілікті таныту өте маңызды екенін ерекше атап өтті. “Ұлт болып, халық болып көмек көрсетсек, ауыр күндерді бірлесе еңсере аламыз. Біз ортақ үйіміз -Қазақстанды мекен еткен бейбіт елміз. Сондықтан ұлтаралық бірлік, татулық пен достық - біздің басты жетістігіміз”,-деді өз сөзінде Еврей қауымдастығы басшысының орынбасары Евгений Леонов. Сонымен қатар діни бірлестік басшылары өз тарапынан өз қауымдастықтарының мүшелерін осы игі іске шақыруға ниет етті. “Ауыр жағдайда қалған отандастарымызға қол ұшын созу -сауапты іс. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, еш адам бұдан тыс қалмай, барынша жәрдемдесу қажет. Сонымен қатар, барлық конфессия өкілдері, дін қызмеикерлері Дұға оқып, ниет етіп жатыр”,- деді Рим-католик шіркеуінің басшысы Жанмарк әкей.
Елдігіміз бен ұлтаралық бірегейлікті одан әрі нығайтып, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек тоқтамай көрсетіліп жатқандығы айтылды. -Барынша көмек көрсетіліп жатыр, дегенмен әлі де қол ұшын беруге әзірміз,- деді облыстық “Халифа Алтай” мешітінің наиб имамы Дәулет Қабидолдин.
Кездесу соңында діни бірлестіктер басшылары бір-бірін Ораза айт мерекесімен құттықтап, Пасха мерекесін ортақ тойлауға шақырды.