Алтай ауданында облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының өкілдері кездесулер өткізді

Алтай ауданында облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының өкілдері кездесулер өткізді

Ағымдағы жылдың 25-26 ақпан күндері облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Ернат Қыдырмоллаев және орталықтың бөлім басшысы Дулат Жақиянов Алтай ауданындағы бірқатар оқу орындары мен мемлекеттік мекемелерінде, қоғамдық ұйымдарда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, діни өкілдермен кездесті.

Бүгінгі таңда дін және діни ұйымдар, деструктивті діни ағымдар мәселелері өте өзекті. Діни сауатсыздықтың нәтижесінде көптеген жастар теріс ағымдарға мүше болып, нәтижесінде қылмыстық және заң бұзушылық фактілері тіркелуде. Осы ретте ақпараттық және танымдық мақсатты алға қойған облыстық топ мүшелері аудандағы жастармен кездесіп, өзекті сауалдарына ұтымды жауап берді.  

Екі күндік жұмыс сапары барысында мамандар Алтай қаласының, Парыгино және Малеевск ауылдарындағы мектептердің жоғары сынып оқушыларымен, колледж студенттерімен кездесті. Сондай-ақ, этномәдени ұйымдар жетекшілеріне, төтенше жағдай бөлімінің жеке құрамына дәріс оқылды.

Орталық директоры Ернат Қыдырмоллаевтың айтуынша, аудан жастары дін мәселесіне, оның ағымдары мен қоғамдағы рөлі тақырыбына жоғары қызуғышылық танытты. – Мектеп оқушылары теріс діни ағымдар, одан аулақ болу және шығу жолдары тақырыбында өз сауалдарын жолдады. Жастар арасында осы іспеттес ақпараттық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізген кезде, дін мәселесіне қатысты көзқарастары айқын болады. Біздің басты мақсатымыз да осы, - дейді орталық басшысы.