Әскерилерге дәріс оқылды

Әскерилерге дәріс оқылды

Өскемен қаласында №3477 әскери бөлімінде дін мәселелерін зерттеу ортылығының бөлім басшысы Дулат Жақиянов әскери қызметкерлермен кездесу өткізіп, «Терроризм мен діни экстремизмді алдын алу» тақырыбында дәріс оқыды.

Бүгінгі таңда жаһандық мәселеге айналып, халықаралық ахуалдың түйткілін тудырған терроризм мен діни экстремизм проблемасы өте өзекті. Осы ретте облыстық Дін мәселелерін зерттеу орталығы мемлекеттік қорғаныс саласында еңбек етіп жүрген әскерилермен кездесті. – Әрбір қазақстандық зайырлы мемлекеттің негізгі тармақтары мен өз құқықтарын білу шарт. Әлемдік жаңалықтардан хабардар болып, дін мен қоғам мәселесінің жігін нақты ажыратқаны жөн. Сонда ғана діни сауаттылығымыз артып, заң бұзушылық фактілері азаяды. Аталмыш кездесу өткізудегі мақсатымыз осы, - деді кездесу барысында Дулат Жақиянов.

Сондай-ақ, еліміздегі діни ағымдар мен олардың қоғамдағы он және теріс рөлі төңірегінде әскерилер ортақ ойларын талқыға салды. Жиналғандарды мешітке бару тәртібі, діни идеология, халықаралық байланыстар мәселелері толғандырғаны байқалды. Әскери бөлім басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Руслан Бөлебаевтың айтуынша, аталмыш тәрбие сағаттары мен ақпараттық-танымдық кездесулердің маңызы өте зор. Өйткені бөлім қызметкерлері көкейде жүрген сауалдарына жауап алып, қоғам мен дін мәселелері бойынша ақпараттандырылады.

Жалпы, Орталық мамандары мен бөлім басшылары жастармен және еңбек ұжымдарымен үнемі ақпараттық кездесулер өткізіп, тұрғындардың сауалдарына жауап беруде. Діни экстремизм мен заң бұзушылықты алдын алу мақсатында арнайы ыстық желі жүйесі де іске қосылған.