Бүгін Өскеменде ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығының ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абайдың рухани-діни фәлсәфасы» тақырыбында жаңа TEDx форматында конференция болып өтті.
ШҚО Дін істері басқармасының басшысы Абдулдин Ануар Әлмырзаұлы қатысушыларды конференцияның ашылуымен құттықтап, спикерлермен таныстырды.
Конференцияға облыстық "Халифа Алтай" мешітінің шақыртуымен арнайы келген Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор, доктор Мухаммад аш-Шаххат Абдулхамид Мухаммад әл-Жинди мырза Абай шығармаларындағы діни дүниетаным тақырыбына терең тоқталды. Ол Мысыр елінде жүргенде Абайдың шығармаларымен алғаш рет оқып танысқанын ерекше тебіреніспен баяндады: «Абайдың рухани кемелденуіне қасиетті Құранды терең оқып түсінгендігі негіз болған. Қазақ баласы ислам дініне Абай философиясы арқылы қадам басатын болса, ол исламнан бұрын ең алдымен иманға келеді, сол арқылы жаратушысын тануға тырысып, өзін кемелдендіреді. Сондықтан да біз өз оқу орнымызда Абай ілімін кеңінен насихаттаудамыз. Абай философиясымен сусындаған мұсылман ешқандай теріс діни идеологияға ермейді», -деді ғалым.
Келесі спикеріміз философия PhD докторы, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, филология кафедрасының меңгерушісі, Абайтанушы Әубәкірова Қарлығаш Әділханқызы Абай философиясындағы жан мен тән категорияларының үндестігі мен ерекшелігі туралы қызықты ақпараттармен бөлісті.
Сондай-ақ, Өскемен қаласы Мұхамади мешітінің бас имамы Ибрагим қажы Қарнақбайұлы, ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығының теологы Ернұр Қанапиянов Абай Құнанбайұлының діни-сенім ұстанымы, оның қазақ руханиятының дамуына қосқан өлшеусіз мол мұрасы туралы тағылымды ойлар айтты. Конференцияның қызықты өткендігі соншалықты, студент жастар сан-қырлы сауалдар қойып, ғалымдардан тұшымды жауап алуға тырысты.
Конференция соңында студент жастар дін мәселесімен айналысушы мамандарға осындай еркін форматтағы игі іс-шарларды жиі өткізіп тұруды өтінді. Жастар спикер-ғалымдармен естелік суретке түсіп, ерекше тебіреніспен тарқады.