
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Түркістан облысында 2025 жылдың 13-14 ақпан аралығында Түркістан облысының мамандандырылған білім беру ұйымдарының базасында «Білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформация: ауылдық жерлердегі дарынды балаларды оқыту мүмкіндіктері» тақырыбында республикалық оқу-әдістемелік кеңестің (бұдан әрі – ОӘК) отырысын өткізді.
Іс-шараның мақсаты – білім беру жүйесінде цифрлық трансформацияны енгізу арқылы дарынды балаларды оқыту әдістерін жетілдіру, инновациялық тәжірибелерді қалыптастыру және тарату.
ОӘК-ке өңірлік «Дарын» орталығының және Шығыс Қазақстан облысындағы мамандандырылған білім беру ұйымдарының директорлары қатысты.
Қатысушылар білім беру жүйесіне цифрлық технологияларды енгізу перспективаларын талқылап, жасанды интеллект (ЖИ) және цифрлық құралдарды дарынды балаларды, әсіресе ауылдық жерлерде оқытуда қолданудың табысты тәжірибелерін ұсынды. Ерекше назар оқу үдерісін жекешелендіру, білім беру бағдарламаларын оқушылардың жеке қажеттіліктеріне бейімдеу және инновациялық әдістерді қолдану мәселелеріне аударылды.
ОӘК бағдарламасы аясында Төлеби ауданының мамандандырылған мектеп-интернаты мен Түлкібас ауданының үш тілде оқытатын мамандандырылған мектеп-интернаты білім беру үдерісіне цифрлық технологиялар мен ЖИ енгізу бойынша тәжірибелік жұмыстарын ұсынды. Бұл әдістер оқыту сапасын арттыруда және оқушылардың интеллектуалдық әлеуетін ашуда өз тиімділігін дәлелдеді.
Отырыстың қорытындысы бойынша білім беру жүйесіне цифрлық технологияларды одан әрі енгізу, педагогтерге әдістемелік қолдауды күшейту және үздік инновациялық тәжірибелерді өңірлерде тарату бойынша ұсыныстар әзірленді.
ОӘК-ке қатысу кәсіби байланыстарды кеңейтуге, дарынды балаларды оқытудың озық тәсілдерімен танысуға және Қазақстандағы білім берудің цифрлық трансформациясын дамытуға үлес қосуға мүмкіндік берді.