Тілдік пәндер мұғалімдеріне арналған әдістемелік семинар: тәжірибені біріктіру және жаңа мүмкіндіктер ашу

Тілдік пәндер мұғалімдеріне арналған әдістемелік семинар: тәжірибені біріктіру және жаңа мүмкіндіктер ашу

2024 жылғы 6 желтоқсанда Өскемен қаласында «Study Inn» білім беру Холдингінің 15 жылдығы мен «Көкжиек-Горизонт» баспасының 10 жылдығына арналған ауқымды әдістемелік семинар өтті. Іс-шара қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілі пәндерінің 170 мұғалімін біріктірді.

Іс-шара мақсаты - мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсету және қазіргі заман педагогикасының өзекті мәселелерін, атап айтқанда, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту мәселелерін талқылау болды. Семинар Өскемен қаласындағы «Ш. Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейі» КММ базасында өтті.

Пленарлық отырыстың ашылуы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің қауымдастырылған профессоры, «Deutsch für Kasachstan» жобасының ғылыми жетекшісі Мереке Хафизқызы Танкибаеваның алғысөзімен басталды.

Семинардың маңызды бөлігі – п.ғ.к., оқу-әдістемелік кешендердің авторы Н.В. Новосельцеваның «Тілдік білім беруде функционалдық сауаттылықты дамыту: стандарттар мен ұлттық дәстүрлердің өзара байланысы» тақырыбында оқыған дәрісі болды.

Дискуссиялық бөлімнен кейін қатысушылар кері байланыс анкеталарын толтырып, іс-шараға жоғары баға берді. Семинардың практикалық материалдары озық әдістемелер және негізгі аспектілермен байланысты болды.

Семинардың екінші бөлімі секциялық отырыстарында қатысушылар жетекші мамандар, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің п.ғ.к., доценті А.К. Рауандинаның қазақ тілі оқулықтарындағы тапсырмаларды функционалдық сауаттылықты дамытуда тиімді пайдалану әдістері, Н.В. Новосельцеваның орыс тілі бойынша әдістемелік ұсынымдары, Р.С. Ақышева және Айдана Шейктің ағылшын тілінде функционалдық сауаттылық тапсырмаларын тиімді қолдану тақырыбында («Effective use of functional literacy tasks in English lessons») дәрістерін тыңдады. Өз кезегінде ф.ғ.к., доцент, профессор Абылайхан атындағы университетінің неміс тілі бойынша ОӘК авторы М. Х. Танкибаева «Шет тілдерін оқытудағы тұрақты даму мақсаттарын іске асыру үшін цифрлық оқулықтардың дидактикалық мүмкіндіктері» тақырыбында тәжірибесімен бөлісті.

Семинардың қорытындысы шығарылып, қатысушылар оның кәсіби өсу үшін маңыздылығын ерекше атап өтті. Қатысушыларға сертификат табысталды.