
Күзгі каникул мектебі жоспарының жұмыс шеңберінде «Örken» Шығыс Қазақстан аймақтық ғылыми-әдістемелік орталығы Алтай қаласындағы №11 орта мектебі базасында Алтай, Үлкен Нарын және Катонқарағай аудандарынан келген ағылшын тілі мұғалімдеріне арнайы семинар ұйымдастырды.
Іс-шараны өткізуге Oxford University Press халықаралық баспасы қолдау көрсетіп, мұғалімдерге «21 ғасырдағы оқыту – Сыныпта жаһандық дағдыларды дамыту» тақырыбын ұсынды.
Кездесудің мақсаты - мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсету, ағылшын тілін оқытуға арналған жаңа цифрлық құралдармен таныстыру және сабақ барысында қолдануға болатын практикалық идеялармен шабыттандыру.
Семинарды Оксфорд университетінің халықаралық лектор Эдже Арисут жүргізді, теориялық білім мен тәжірибені үйлесімді біріктіру жолдарын ұсынды.
Шарада мұғалімдер түрлі білім беру технологиялары бойынша әдіс-тәсілдерімен және тәжірибелерімен белсенді түрде бөлісті.
Семинар бойы шығармашылық пен өзара әрекеттестік үйлесім тапты. Халықаралық интерактивті әдістер мен арнайы құралдар қатысушыларға әлемдік білім беру кеңістігінің бір бөлігі ретінде сезінуге мүмкіндік берді. Ағылшын тілін оқытуға арналған цифрлық ресурстар мен платформалар семинардың негізгі элементтеріне айналып, мұғалімдер оларды тікелей іс-шара барысында зерттеп, қолданды.
Іс-шараның соңында қатысушы мұғалімдерге ұйымдастырушылар атынан сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды, бұл олардың мектептерінде жаңа идея мен білімге деген құлшыныстарын арттыратын болды. Мұндай кездесулер аймақ мұғалімдері үшін маңызды, әрі өзекті. Семинар жұмысына 70 мұғалім қатысты.