Мектеп жанындағы тілдік орталықтың ашылуы

Мектеп жанындағы тілдік орталықтың ашылуы

Күзгі каникул мектебі жоспары аясында Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Өркен» аймақтық ғылыми-әдістемелік орталығының директоры С. Коваленко Глубокое ауданы білім бөліміне қарасты №1 Белоусовка орта мектебі жанынан қазақ тілін ауызекі түрде үйрету мақсатындағы тіл орталығын ресми түрде ашты.

Орталықтың ашылуына орай балалар мен ата-аналарға арналған ашық есік күні ұйымдастырылып, қазақ тілін оқыту үдерісіне тереңірек бойлау мақсатында қызықты іс-шаралар өткізілді.

Мерекенің басты мақсаты – тіл үйрену үдерісін жеңіл әрі еркін қалыпта өткізу үшін жайлы және қызықты орта қалыптастыру.

Орталықтың жетекші педагогтері оқушылар мен ата-аналарға қазақ тілін еркін меңгерту мақсатында коммуникативтік ойындар мен интерактивті тапсырмаларға бай шеберлік сабақтарын өткізді.

Сондай-ақ, ата-аналарға балаларды қазақ тіліне қызықтыру және оқу жылында олардың тілге деген ынтасын сақтау, үйде өздігінен білім алу үшін ресурстарды қолдану туралы жеке кеңестер берілді.

Шарада кеңес беру бұрышына ерекше назар аударылды, онда ата-аналар мен оқушылар оқу материалдарымен және қосымша тілдік ресурстарға қолжетімділік беретін QR-кодтармен жұмыс істеу әдістерін үйренді.

«Өркен» орталығының директоры мен облыстық «Қонақжай отбасы» жобасына қатысқан Павел Осипов, Александр Афанасьев, Виктория Залесных және Кристина Мельникова есімді оқушылар арасында бейресми жағдайда ашық пікірлесті. Жобаға қатысқан  оқушылар жазғы демалыстарын Катонқарағай ауданының қонақжай отбасыларында өткізген әсерлерімен бөлісіп, жобаның келесі кезеңіне қатысуға ықыластарын білдірді. Ата-аналары балалардың қазақ тілінде жаңа сөздер мен тілдік дағдыларды меңгергенін айтып өтті.

Тіл орталығының ашылуы қазақ тілінде ауызекі тілдесуге,  тілдік қарым-қатынасты еркін қолдануға мақсатталған  орта  болып табылады. Мұнда білім тек оқу сабақтарында ғана емес, сондай-ақ  қарым-қатынас арқылы да игеріледі.