Ағымдағы жылдың 29 мамырында ШҚО ББ «Örken» Шығыс Қазақстан өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Жүйелі мектепішілік бақылау - мектеп қызметі сапасының көрсеткіші» тақырыбында республикалық семинар өткізілді.
Мектепішілік бақылау аясында жүргізілген іс-шаралардың нәтижесін қорытындылаған семинарға Ақмола, Алматы, Абай әдістемелік орталық өкілдері, облыс мектептерінің директорлары, директор орынбасарлары және педагогтер құрамынан офлайн форматта 60, онлайн форматта 300 адам қатысты.
Республикалық семинар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары М.Т.Мелдебекованың алғы сөзімен ашылды.
«Örken» әдістемелік орталығының директоры С.Н.Коваленко «1000 мектепке әдістемелік көмек» жобасын іске асыру бойынша 2023-2024 оқу жылындағы атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.
Іс-шара барысында «Örken» әдістемелік орталығының бөлім жетекшесі А.Ж.Кантаева жоба аясында менторлармен және жобаға енген 50 мектептің қызметіне қорытынды жасады.
Өскемен қаласы білім бөлімінің әдіскері Д.Л.Шакерова, ментор ретінде атқарған жұмысына тоқталып, әдістемелік көмек көрсету бағытындағы жұмыстары мен нәтижесін баяндады.
Зайсан ауданы бойынша білім бөлімінің Көгедай орта мектебі директорының орынбасары Р.М.Бакиев білім ұйымында жасалған нақты жұмыс барысы, қиындық пен кедергілерді жою және мектеп бойынша білім сапасының артуына ықпал еткен әдіс-тәсілдеріне таныстырылым жасады.
Семинар соңында «1000 мектепке әдістемелік көмек» жобасы менторларына және қатысушы мектептерге ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасы Е.Н.Дауеновтың сертификаттары табысталды.