2020ж. 17 маусымда «Өскемен көпсалалы технология колледжі» КММ Ұлы ақынның 175-жылдығына арналған «Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасындағы рухани-адамгершілік тәрбиенің өзекті мәселелері» атты облыстық семинар-практикум өтті. Семинарға 29 колледждің тәрбие жұмысы жөніндегі директорларының орынбасарлары қатысты.
ШҚО білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Искакова Гульмира Мамырбековна аталған семинарды ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Семинардың жұмысына ШҚО білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің бас маманы Ильясова Гульмира Бейсенбаевна жетекшілік етті.
Өскемен көпсалалы технология колледжі директорының ОТЖ жөніндегі орынбасары Тулькубаева Динара Амангельдиновна. «Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасындағы рухани-адамгершілік тәрбиенің өзекті мәселелері» атты баяндамасында ұлы ақынның ойлары мен көзқарастарының қазіргі жастар тәрбиесіндегі өзектілігі және колледжде Абайдың 175-жылдығына орай өткізілген іс-шаралар жайлы айтып берді.
Жас ұрпаққа тәрбие берудегі кітапхананың ролі туралы колледж кітапханашысы Бозтайлақова Г.К. баяндап берді. Семинарға қатысушылардың назарына кітапханада ақпан айында өткізілген «Мен Абайды оқимын» атты флешмобтың бейнежазбасы ұсынылды.
Қазақ тілі және әдебиеті оқытушысы Ықыбаева Асем Саденовна «Абай және жастар» тақырыбындағы баяндамасында «Хакім Абай даналығы» атты онлайн-дәрісті өткізу тәжірибесімен әріптестерімен бөлісіп, студенттердің ұлы ақынның шығармашылығы бойынша өткізілген іс-шараларға ерекше ықыласпен қатысқандары туралы айтып берді.
Қазақ тілі және әдебиеті оқытушысы Толеубекова Ардак Толеубековна данышпан Абайдың терең ойлары мен көзқарастарының маңыздылығы мен өзектілігіне тоқталып, семинарға қатысушыларға Абайдың қара сөздері бойынша онлайн-тест сұрақтарына жауап беруді ұсынды.
Қатысушылар семинар өте жоғары деңгейде өткеніне, қолданылған материалдардың да жақсы дайындалғанын айтып, пікірлерін білдірді.