
Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы педагогтер үшін ШҚО ББ Өскемен қаласы ББ «№46 орта мектебі» КММ базасында «Білім беру сапасының механизмі ретінде функционалдық сауаттылықты қалыптастыру және білім беру жүйесіндегі бәсекеге қабілеттілік» тақырыбында облыстық кеңес өткізді.
Іс-шараға аудандық, қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері, пән ассоциациясы төрағалары, оқыту орыс тілінде жүретін білім беру ұйымдары директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары, қазақ тілі мен әдебиеті (Т1, Т2), орыс тілі мен әдебиеті (Я1, Я2), тарих пәні мұғалімдері қатысты.
Кеңестің пленарлық бөлімінде ШҚО білім басқармасының басшысы И.А.Чернышёва сапалы білім қарқынды дамудың басты шарты екенін, осы орайда ілімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктелетінін айтты. Сонымен қатар сапалы оқыту, оқытудың озық технологияларын тиімді пайдалану жолдарын меңгеру және жетілдіру мақсатында облыстың білім саласында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
С.Аманжолов атындағы ШҚУ ф.ғ.к., қауымдастырылған профессоры А.А.Алимхан оқушылар бойында зерттеушілік құзіреттілікті қалыптастырудағы жеке ойлары мен идеяларын білдірудің және оны негіздей білудің негізгі құралы академиялық жазу туралы сындарлы мәлімет берді.
ШҚО ББ Өскемен қаласы бойынша ББ «№17 орта мектеп» КММ директоры Саакян Е.А. негізгі орта (5-8 сыныптар), жалпы орта (10 сынып) білім беру деңгейінде академиялық жыл соңында орыс тілінде оқытатын мектептерде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша аралық аттестаттау аясында мектепте жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.
ШҚО ББ Өскемен қаласы бойынша ББ «Қ.Нұрғалиев атындағы № 43 мектеп-лицейі» КММ тарих пәні мұғалімі, педагог-шебер, «Үздік педагог-2022» атағы иегері Р.С.Чекетаева оқытуда функционалдық сауаттылықты қалыптастыру оқушының әлеуметтік мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсенді қатысуына, өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық фактор екенін тілге тиек етті.
Кеңес жұмысы жеке пәндер бойынша секциялық алаңдарда жалғасын тапты.
Секция жұмысында облысымыздың «Үздік педагог», «Үздік тіл пәндерінің мұғалімі» байқауларының иегерлері, озық тәжірибелі педагогтер табысты оқыту мен оқу, оқу мақсатына сәйкес тапсырмаларды құру маңыздылығы, тілдік пәндерде мәтін оқу барысында толық түсінік дағдыларын қалыптастыру, сабақ барысында инфографиканы қолдану туралы белсенді әдіс-тәсілдерін ортаға салып шеберлік сыныптар көрсетті.
Қоғамдық-гуманитарлық бағыты пәндерінің педагогтері кеңесінің қорытындысы бойынша 2024 жылғы әдістемелік жоспарға сәйкес жұмыс жалғастыру үшін ұсыныстар қабылданды.
Кеңеске барлығы 270 адам қатысты.