
Сиқыршы - қыс мезгілі өзімен бірге көптен күткен Жаңа жыл мерекесін ала келді. Жаңа жыл - армандаған тілектердің орындалу уақыты. Дәл осындай ғажайып арман-тілектердің орындалуы бүгін Аяз ата мен Ақшақардың Резиденциясында өтті.
"№19 қосымша білім беру мектеп-орталығы" КММ, "Асыл Мирас" Аутизм орталығы және "Ақ ниет" облыстық мектеп-интернатының ерекше білім беру қажеттіліктері бар кіші мектеп жасындағы балаларды "Робокар Поли" мультфильмінің кейіпкерлері, Эльф ертегі кейіпкерлері, мультфильм кейіпкерлері Кукутика және Снежинка қарсы алды. Балалар ата-аналарымен бірге үлкен қызығушылықпен және тамаша көңіл-күймен "Жана жылдық кездесу - қысқы қызықтар!" атты мерекелік іс-шараға ат салысып, шанамен сырғанап, қызықты ойындарға қатысып, жаңа жылдық флешмобтың қимылдарын қайталап, шеңбер құрып, шыр айнала биледі.
Көңілді іс-шараға қатысушыларды Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Беделбайұлы Көшербаев Жаңа 2024 жылмен құттықтады. Әкім балалар дайындаған ән мен тақпақтарды үлкен қуанышпен тыңдады, тіпті би ойындарына қатысты.
Мереке соңында балаларға тәтті дастархан жайылып, Аяз Ата мен Ақшақар әр балаға дәмді сыйлықтар табыстады. Ұзақ уақыт бойы ұлдар мен қыздар сол ұмытылмас минуттарды еске алады деген сенімдеміз, себебі жыл олар үшін ұмытылмас әсерлер мен жарқын эмоциялардан басталғаны сөзсіз!