
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тұжырымдамасына сәйкес 2020 жылдың 25 мамырында Шығыс Қазақстан облысының барлық білім беру ұйымдарында бейімделген кесте бойынша 1-10 сынып оқушылары үшін онлайн-сынып сағаттары өткізілді.
Сынып сағаты аясында облыстың 1-10 сынып оқушылары Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі А. Қ. Аймағамбетовтің әлеуметтік желілерде оқу жылының аяқталуымен құттықтауын тыңдады. Министр педагогтер мен оқушыларға және олардың ата-аналарына биылғы оқу жылының аяқталуындағы кедергі-қиындықтар ешкімге оңай тимегендігін тілге тиек етіп, тынымсыз еңбектің арқасында лайықты аяқтағандары үшін алғыс білдірді. Мектеп бітірушілерге шын жүректен жоғары нәтижелерге қол жеткізуде, табандылық пен табыс тіледі.
Сонымен қатар, осы мерекемен оқушыларды, мұғалімдер мен ата - аналарды онлайн-режимде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. К. Ахметов, қалалық және аудандық білім бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары құттықтады.
Сынып сағаты барысында сынып жетекшілері 2019-2020 оқу жылының қорытындысын шығарды, ғылыми-жобалық, спорттық және қоғамдық қызметте көзге түскен оқушыларға алғыс білдірді.
Оқу жылының оқу-тәрбие нәтижелері бойынша сынып сағаттарында «Мектеп-білім ордасы» атты бейнероликтер көрсетілді.
1-10 сынып оқушылары үшін «Алтын белгі» иегерлері «Бірге - білім берудің жаңа биіктіктеріне!» челленджін ұйымдастырды.