Ағымдағы жылдың 3 қарашасында ШҚО ББ «Örken» ШҚ өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Өскемен қаласының «№46 орта мектебі» КММ базасында облыстың білім беру ұйымдарының директорлары, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, аудандық, қалалық әдістемелік кабинеттерінің меңгерушілері, әдіскерлер мен бірлестік жетекшілеріне арналған «Білім беру ұйымдарында мектепішілік бақылауды ұйымдастыру, мазмұны және технологиялары» облыстық семинары өтті.
Семинардың пленарлық бөлігінде «Örken» ШҚ өңірлік орталығы директоры С.Коваленко мектепішілік бақылаудың өзектілігін атап өтіп, орталықтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтты.
Ғылыми-әдістемелік орталықтың бөлім жетекшілері мектепішілік бақылауды ұйымдастырудың нормативтік негізі, әдістемелік қолдауы, мектепішілік бақылау арқылы іргелі және өзекті, перспективалы қажеттіліктеріне сәйкестігін сақтау негізінде білім берудің қолжетімділігін, сапасы мен тиімділігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жетілдіру бойынша ақпарат берді. Қала мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері қазақ тілін оқу бойынша «ONAI QAZAQSHA» мобильді қосымшасының таныстырылымын жасады. ШҚО ББ Өскемен қаласындағы «БІЛІМ ИННОВАЦИЯ» лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары лицейдің қызметінде мектепішілік бақылау бойынша білім беру және оқу сапасын толыққанды қадағалауға мүмкіндік беретін лицей платформасын таныстырды.
«Örken» ШҚ өңірлік орталығының әдіскерлері мен озық тәжірибесі бар директордың оқу-тәрбие орынбасарлары, педагогтер өз тәжірибесінен оқудағы олқылықты жою, мектептегі тәрбие ісі, инклюзивті білім беру, білімдегі халықаралық зерттеулер, үздік педагогикалық тәжірибелер мен әзірлемелер, білім беру қызметінің мектепішілік бақылауы бойынша практикалық тұрғыда тәжірибе бөліскен 6 секцияда семинар қатысушылары тың мағлұматтар мен әдіс-тәсілдер алды.
Семинар соңында әр секцияның жұмысы қорытындыланып ұсыныс-кеңестер берілді және шешімдер қабылданды.