Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің 100 жылдық мерейтойы

Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің 100 жылдық мерейтойы

Шығыс Қазақстан облысында Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің 100 жылдық мерейтойы атап өтілді. "Ертіс Концерт" залында өткен салтанатты іс-шарада ҚР Оқу-ағарту министрлігі, облыс әкімдігі, білім басқармасының өкілдері, әлеуметтік серіктестер, педагогикалық еңбек ардагерлері, колледждің өткен жылдардағы түлектері қатысты. Мерейтой аясында Қазақстан Республикасы колледждерінің студенттері арасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Қанипа Бітібаева атындағы Республикалық олимпиада және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі Асқар Ислямов атындағы «Үздік педагогикалық эссе» республикалық байқауы өткізіліп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Диплом, Алғыс хаттарымен марапатталып, қаржылай сертификаттар тапсырылды. Сонымен бірге, шетелдің 5 педагогикалық оқу орнымен Ынтымақтастық туралы Меморандумдар жасалынды. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу және оқыту ісінде көп жылдық еңбектері мен қосқан зор үлесі үшін бірқатар колледж оқытушылары мен қызметкерлері ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, облыс әкімдігінің, білім басқармасының, облыстық білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамоталары, Алғыс хаттарымен марапатталды. Еліміздің жарқын болашағы үшін білімді де саналы жас ұрпақты тәрбиелеп отырған білім ошағының тұғыры әрдайым биік болсын!