Шығыс Қазақстан облысы білім саласы қызметкерлерінің тамыз кеңесінің қорытындысы

Шығыс Қазақстан облысы білім саласы қызметкерлерінің тамыз кеңесінің  қорытындысы

2023 жылдың 24 тамызы күні Шығыс Қазақстан облысы білім саласы қызметкерлерінің пленарлық тамыз кеңесі өтті. Кеңесте «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбы аясында білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы мәселелері қарастырылды.

 С.Аманжолов атындағы ШҚУ 5 корпусының 1 және 2 қабаттарында ШҚО балаларына қосымша білім беруде сәндік-қолданбалы өнер және инновациялар көрмесі ұйымдастырылды.

Пленарлық отырысқа Шығыс Қазақстан облысының әкімі Көшербаев Ермек Беделбайұлы, Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігінің өкілі, Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Шер Раиса Петровна, облыстық мәслихат төрағасы Рыпаков Денис Сергеевич, педагогтер, әлеуметтік серіктестер, ЖОО ректорлары, ата-аналар, қоғамдастық пен БАҚ өкілдері қатысты.

Тамыз кеңесінің пленарлық отырысында білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру туралы ақпаратпен Шер Р. П. сөз сөйледі.

ШҚО білім басқармасының басшысы Чернышёва И. А. 2022-2023 жылдың қорытындыларымен және жаңа оқу жылына педагогикалық қауымдастығының алдына қойылған міндеттермен таныстырды.

Қатысушылар алдында көптілді білім беруді дамыту шеңберінде «Қонақжай отбасы» жобасы, ТжКБ ұйымдарында дуалды оқыту жүйесі, оқушылардың салауатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты дамыту сондай-ақ, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты қысқарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы тақырыптарды қозғаған спикерлер сөз сөйледі.

Тамыз кеңесінде 15 ардагер-педагог «Еңбек ардагері» медалімен, 3 педагог ҚР ОАМ грамоталарымен және дипломдарымен, 9 мұғалім министрліктің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сондай-ақ, «Орта білім берудің үздік ұйымы – 2023» конкурсының грант иегерлері және 2022-2024 жылдарға арналған көптілді білім беруді дамытудың Кешенді жоспары шеңберінде облыс әкімінің сыйлығына алғаш рет өткен «Тіл пәндерінің үздік мұғалімі – 2023» конкурсының жеңімпаздары ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Мәселен, Өскемен қаласының №49 орта мектебі 25 млн.теңге алды, Күршім ауданының Юрий Гагарин атындағы №1 орта мектебіне 19 млн. теңге көлемінде грант берілді, ал С. Ластаев атындағы Катонқарағай орта мектебі өз мектебін дамытуға 12 млн. теңге алды.

Тамыз кеңесінің жұмысына 350 педагог, педагогикалық еңбек ардагерлері және ҮЕҰ, БАҚ өкілдері қатысты.

Дәстүрлі тамыз кеңесінің соңында облыс әкімі Е. Б. Көшербаев білім басқармасына және қалалар мен аудандардың әкімдеріне өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу үшін қолайлы жағдай жасау жөнінде тапсырмалар берді.