
Оқу жылының аяқталуы және бітіру кештері қарсаңында білім беру мекемелерінде ақша жинаудың алдын алу мақсатында ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің аға офицері Бекбаева Гүлнұр Айтқұрманқызы және ШҚО Білім басқармасының бас маманы-заңгер Төлегенұлы Бахтияр мектептерде оқушылардың ата-аналарымен кездесулер өткізуде.
ҚР 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыруда сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім берудің маңыздылығы атап өтілді. Тұжырымдамаға сәйкес, баланы әр түрлі жас кезеңдерінде мектепке дейінгіден бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім, тәрбиемен алып жүру қажет.
Сыбайлас жемқорлықтан азат Қазақстанда өмір сүруге бағытталған патриоттық және бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу мақсатында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен 2018 жылдан бастап «Adal urpaq» жобасы іске асырылуда.
Алайда, білім беру саласында қабылданып жатқан барлық шараларға қарамастан, бұл сала сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне неғұрлым бейім салалардың бірі болып қалуда.
ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне 1424 колл-орталығы арқылы наразы ата-аналардан шағымдар келіп түсуде. Ата-аналар мектеп бітіру кештерін өткізуге және мұғалімдерге сыйлықтарға мектептерде ақша жиналып жатқандығына шағымдануда. Көбінесе ақша жинау ата-аналар комитеттері арқылы жүзеге асырылады. Аталған өтініштерді қарау қорытындысы бойынша мектептердің жауапты тұлғалары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қабылдамағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды, ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді, жиналған барлық қаражат қайтарылды.
Осыған орай, Антикор ҚР Білім туралы Заңының 63-бабына сәйкес, мемлекеттік білім беру мекемелері мен шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық нысанындағы орта білім беру ұйымдарына оқушылардан, ата-аналар мен педагогтардан ақша алуға тыйым салынатындығын ескертеді.