
Шығыс Қазақстан облысында 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамту қамтамасыз етілді. Қазір өңір алдында 2025 жылға қарай 2 жастан 3 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамтуды қамтамасыз ету міндеті тұр.
Осы мақсатта қадамдық жоспар әзірленді, оған сәйкес 2025 жылға дейін қосымша 2892 жаңа орын ашу, оның ішінде жеке меншік балабақшаларда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жоспарланып отыр. Соңғы 3 жылда 16 мектепке дейінгі мекеме, 2800 астам жаңа орын ашылды.
Жекеменшік балабақшаларды ашу үшін кәсіпкерлерді тарту бойынша жұмыс жалғасын табуда. Сондай игі істердің бірі - мемлекеттік қолдаумен Ұлан ауданы Герасимовка ауылында 162 балаға арналған «Болашақ» жекеменшік балабақшасының ашылуы. Жас кәсіпкер И.У. Тулегенов мемлекеттік бағдарлама бойынша бұрынғы балабақшаның бос ғимаратын сатып алып, қауіпсіздік ережелері мен заманауи стандарттарға сәйкес балабақша ашты. Бұл ауылдағы кезекте тұрған балаларды толығымен қамтуға және жаңа 33 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда Ұлан ауданында 34 мектепке дейінгі ұйымда 1351 бала мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған. Сонымен қатар, 463 бала мектепалды даярлық сыныптарында білім алуда. 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтылған.
2-3 жасар балаларды толығымен қамтамасыз ету үшін ауданда мектепке дейінгі мекемелер желісін кеңейту жоспарланып отыр. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Азовое орта мектебіндегі шағын орталықта 25 балаға арналған толық күнді топ ашу жоспарланып, сол бағытта жұмыстар атқарылып жатыр.
2024 жылы Қасым Қайсенов кентінде жаңа салынған тұрғын үй ғимаратының бірінші қабатында 75 орындық балабақша ашу жоспарлануда.
Осылайша, мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар және бизнестің мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейтуге белсенді қатысуы 2-3 жастағы балаларды 100% қамту бойынша қойылған міндеттерді іске асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.