
Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы 5-11 сынып оқушылары үшін «Ұлы Отан соғысының тарихы және қазақстандықтардың Жеңіске қосқан үлесі» элективті курсының бағдарламасын әзірледі.
5-11 сынып оқушылары үшін «Ұлы Отан соғысының тарихы және қазақстандықтардың Жеңіске қосқан үлесі» элективті курс бағдарламасын әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылды, оның құрамына Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ және Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің тарих ғылымдарының кандидаттары, облыс мектептерінің жетекші мұғалімдері, облыстық мұражайлардың қызметкерлері және Облыстық кітапханалардың қызметкерлері кірді. Жұмыс тобының алдына оқушылардың Ұлы Отан соғысы оқиғалары туралы білімдерін тереңдететін, өз елінің патриоттарын тәрбиелеуге ықпал ететін, зерттеу, ойлау және коммуникативтік дағдыларды дамытатын бағдарламаны әзірлеу міндеті қойылды.
Сабақтарды өткізудің түрлері мен әдістері оқушылардың мұражайларға, театрларға бару, кітапхана сабақтары мен конкурстар өткізу, ғылыми жобаларды қорғау және ардагерлермен кездесулер, оның ішінде онлайн және виртуалды технологияларды пайдалану арқылы жүзеге асырылады.
Әзірленген курс «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті», «Орыс әдебиеті», «Бастапқы әскери және техникалық дайындық» және «Музыка» пәндерін біріктіреді және вариативті компонент есебінен жылына 34 сағатқа есептелген.
Курс соғыс кезеңдері, айтулы даталар хронологиясы,сол жылдары маңызды рөл атқарған тарихи тұлғалар, Жауынгерлік Даңқ орындары, Қазақстан мен шығыс қазақстандықтардың Ұлы Жеңіс ісіне қосқан үлесі туралы базалық мектеп бағдарламасының мазмұнына енбеген мұрағат материалдары мен мәдени мұрасы бойынша материалдарды қамтиды.
Элективті курсты оқытудан күтілетін нәтижелер:
- оқушылардың отандық тарихқа қызығушылығын арттыру, олардың ой-өрісін кеңейту;
- соғыс, жеңіс себептері, тарихтағы халық пен жеке тұлғаның рөлі туралы тұтас түсінік қалыптастыру;
- тарихи картамен, тарихи дереккөздермен, сандық ресурстармен дербес жұмыс істей білуді дамыту, ақпаратты талдау;
- өткен және қазіргі оқиғалар мен тұлғаларға қатысты өз ұстанымын анықтау және дәлелдей білу, диалог арқылы ой-өрісін жетілдіру.
Бағдарламаға тарих ғылымдарының кандидаты, С. Аманжолов атындағы ШҚМУ «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті Р.К. Нұрбекова, «Өрлеу «БАҰО» АҚ ШҚО бойынша ПҚ БАИ аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының мүшесі Р.С. Чекетаева, тарих ғылымдарының кандидаты, Шәкәрім атындағы Семей Мемлекеттік Университетінің «Тарих және саясаттану» кафедрасының қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы Г. А. Абенова рецензия жасады.
ШҚО білім басқармасы жанындағы Сараптамалық кеңес 5-11 сынып оқушылары үшін облыс мектептерінің оқу-тәрбие үдерісіне «Ұлы Отан соғысы тарихы және қазақстандықтардың Жеңіске қосқан үлесі» элективті курсын енгізуді ұсынды.
Бағдарлама Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының білім беру порталында орналастырылған.