
Шығыс Қазақстан облысының Білім басқармасы «Bilim Media Group» компаниясымен бірлесіп Өскемен қаласында 2020 жылғы 5 наурызда Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы №1 орта мектеп базасында «Bilim Lab» ресурстық орталығының ашылу салтанаты өтті.
Шараның негізгі бөлімінде тренинг өткізілді, компания спикерлері Bilim Media Group компаниясының ресурстары: bilimland.kz, itest.kz, imektep.kz, twig-bilim.kz жайлы және оларды қолдану туралы толық ақпарат берді. Қонақтар өздерін толғандырған сауалдар қойып, пікірлерімен бөлісіп, ізгі тілектерін білдірді.
Орталықтың басты мақсаты – мектеп мұғалімдеріне білім беру саласындағы алдыңғы қатарлы технологияларды, Bilim Media Group инновациялық компаниясының электронды оқыту ресурстары бойынша семинарлар мен тренингтер өткізу. Бұл мұғалімдердің біліктілігін көтеруге септігін тигізеді. Кез келген мұғалім оқушылармен бірге орталықта ашық сабақ өткізіп, семинар, тренингтерге қатысып сертификат алу мүмкіндігіне ие болды. Ресурстық орталық заманауи озық техника құралдарымен, интерактивті тақта және компьютерлер құрылғыларымен жабдықталған. Аталған орталықта мұғалімдер мен оқушылар ҰБТ және ОЖСБ-ны дайындалуға мүмкіндік алды.
Мұғалімдердің оқыту процесінде цифрлық ресурстарды белсенді пайдалануы жалпы білім беру процесін жетілдіру мен оңтайландырудың басты аспектілерінің бірі екенін атап өту керек.