
Педагог - өз ісінің шебері, жоғары мәдениетті, өз пәнін терең меңгерген, ғылым мен өнердің тиісті салаларынан хабардар, жалпы, әсіресе балалар психологиясының мәселелеріне қанық, оқыту мен тәрбиенің әдістемесін жетік игерген маман.
Осындай мамандардың бірі - Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының Күршім ауданы білім бөлімі бойынша «Қалжыр орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, «педагог-шебер» Жумукенова Лайла Какеновна.
Еліміздегі «Елге қызмет» бағдарламасы бойынша ұзақ жылдар бойы үздіксіз қызмет етіп жүрген педагогтің оқушылары халықаралық «Ясауитану» білім байқауының, республикалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының, Қ.Бітібаева атына өткізілген қазақ тілі олимпиадасының, республикалық «Менің Әуезовім» шығармалар конкурсының, республикалық ғылыми жобалар конкурсының, республикалық «Жас каллиграфшы» байқауының, облыстық «Ақберен» конкурсының, облыстық Абай оқуының, облыстық «Театрдың таңғажайып әлемі» фестивалінің жеңімпаздары.
Лайла Какеновна республика, облыс көлемінде өзіндік іс-тәжірибесін таратқан, жаңартылған білім мазмұны бағдарламасы бойынша авторлық ізденісімен дараланған білікті маман, сондай-ақ «Зерделім» үйірме жұмысы бағдарламасының, «Ой-зерделім» әдістемелік оқу-құралының авторы.
Педагог 2021 жылы «Шығыс Қазақстан облысының білім беру ісіне қосқан үлесі үшін» құрметті атағымен марапатталды және облыс әкімі Д. Ахметов тарапынан тағайындалған ақшалай сыйлық сертификатына ие болды.