
Қазіргі кезде кәсібилік деңгейі жоғары мамандар дайындау қандай өзекті мәселе болса, қай салада болмасын жас мамандарға қолдау көрсету дәл сондай көкейкесті мәселе болып табылады.
Әдістемелік көмек көрсету мақсатында Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Шығыс» өңірлік орталығы жылдық жоспарға сәйкес 2022 жылдың 23 қарашасы күні «Қазіргі жас педагог–жаңашылдық және позитивті ой ортасы» тақырыбында облыстың жалпы білім беретін мектептерінің жас мұғалімдеріне қазақ және орыс тілінде дөңгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстел барысында ШҚО ББ Күршім ауданы бойынша білім бөлімі «№1 Марқакөл орта мектебі» КММ ағылшын тілі пәні мұғалімі Байжұманова Аяужан Бақытжанқызы «Білікті жас маман – жарқын болашақтың кепілі» тақырыбында өзінің сабақта пайдаланатын оқыту платформаларындағы жұмыс түрлерін, әдіс-тәсілдерін, нәтижелерін ортаға салып, іс-тәжірибесімен бөлісті, шараға қатысушы жас педагогтермен практикалық жұмыс жүргізді.
«Использование технологии SKRUM для создания слаженной и ответственной команды в работе начинающего педагога» тақырыбында ШҚО ББ Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің «М.Әуезов атындағы № 17 орта мектебінің» мұғалімі Исраилов Руслан Джабраилович оқушылармен жобалық зерттеу жүргізген кезде топтық ынтымақтастықта жұмыс жасаудың тиімділігі жайлы таныстырылым жасады. Таныстырылым барысында барлық қатысушыларды екі топқа бөліп жобалық тақырып ұсынып, практикалық жұмыс өткізді.Топтар SKRUM технологиясы бойынша өз жобаларын қорғады.
Дөңгелек үстелге қатысқан әрбір жас педагог өзінің жұмысында пайдаланатын әдіс-тәсілдерін ортаға салып, нәтижеге жету кезінде оларды сабақтың сатыларында қолданудың тиімді жағы мен қиыншылық тудыратын жақтарын да сипаттай келе ой бөлісті, шешу жолдарын талқылады.
Іс-шара соңындағы кері байланыста қатысушылар спикерлерге дөңгелек үстелде қозғалған тақырыптар бойынша және жас мұғалімдерді толғандыратын мәселелер жайлы сұрақтар қойып, балалармен жұмыс кезінде қолданғанда оңды нәтижеге жетуге ықпал ететін жұмыс түрлерін көргендерін тілге тиек етіп, спикерлер мен ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Модератор – Кантаева Айзада Жумакановна, «Шығыс» ӨО оқыту мазмұны және білім сапасы мониторингі кабинетінің меңгерушісі.