
Өскемен қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жалпы білім беретін пәндерден өткен Республикалық ғылыми жобалар байқауынан жүлделермен оралды. Оқушылардың химия, биология, тарих, физика пәндері бойынша ұсынған ғылыми жобалары үздік жұмыстар қатарынан көрінді. Атап айтсақ, «Өндірісте балқарағай шайырын қолданудың артықшылықтарын зерттеу» тақырыбын алған Алтын Бекжанқызының жұмысы І орынға лайықты деп танылды. ІІ орынды иеленген Алимхан Уалиев Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде репрессияға ұшыраған өз отбасының тарихы мысалы негізінде «Пирамида» схемасы: НКВД адамдарды қалай саяси қылмыскерлерге айналдырды» жобасын ұсынды.
– Ғарыштық телескоп конструкцияларының тиімділігін арттыру – ғарыш саласы үшін әрқашан өзекті мәселе. Салмақты азайту, икемділікті сақтау және өнімділікті жақсарту - ғалымдардың алдында әрқашан тұратын мақсат. Fe-Ni-Co инвар қорытпасы метрология, жоғары дәлдіктегі аспаптар және ғарыш саласындағы оптика сияқты өлшемі тұрақтылықты қажет ететін көптеген салаларда кеңінен қолданылады», - дейді Дәулет Қапаров өз жобасы туралы. Байқау нәтижесі бойынша Дәулеттің «Ғарыш телескоптарында қолданылатын легирлеуші элементтері бар Fe-Ni-Co қорытпасының пайдалану қасиеттерін зерттеу» атты жұмысы ІІ орынды иеленді.
ІІ орынға Жансая Токтарханованың «Математикалық модельдер негізінде клиникалық-гематологиялық синдромдарды диагностикалау жүйесін жасау» жобасы және Айасыл Қарқынның «Кәдімгі көктеректің вегетативті бөлігінен өсімдік өсу реттегіші» жобасы лайықты деп танылды.
«Коррозиядан қорғау үшін қылқан жапырақты ағаштар негізіндегі ингибиторлық композицияларды әзірлеу және тиімділігін бағалау» тақырыбындағы Марина Ельсюкованың жобасына ІІІ орын берілді.
Жүлдегерлер мен жобаның ғылыми жетекшілеріне дипломдар табысталды. Бұл жобалар болашақта жүзеге асырылып, еліміздің ғылым саласының ілгері дамуына үлес қосарларына үмітіміз бар.