
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында «Жас ұстаз: Табысқа апарар жол» атты бірінші республикалық жас мұғалімдер форумы өз жұмысын тәмамдады.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова форум қатысушыларын өзінің табысты және шығармашыл әріптестері ретінде атай алатынын мақтанышпен жеткізді:
– Біз, ұстаздар, болашақ премьер-министрлер мен президенттерді, ұлт қаһармандары мен әлем жұлдыздарын, ең бастысы, нағыз патриоттар мен бақытты адамдарды кездестіріп, оқытамыз. Бүгінде еңбек жолын бастаған әрбір жас маман өз өмірін мектепке, балаларға арнайды.
Республикалық форум жас мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған NIS-тің ауқымды жобасын жалғастырды. Идеяның өзі жас ұстаздардың «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидиновамен кездесуден кейін туған. Елордада, Өскеменде, Қарағандыда, Алматыда, Павлодарда, Қостанайда бірқатар кейс-сессиялар өтті.
Ұлыбританиядан NIS-пен ұзақ уақыттан бері табысты ынтымақтастық орнатқан Кембридж университетінің білім беру факультеті өкілі Элейн Уилсон жас оқытушылар қатарына қосылды.
– Қазақстанда Педагогикалық шеберлік орталығы тарапынан әзірленген мұғалімдерді кәсіби даярлаудың көптеген жақсы бағдарламалары бар. Ұстаздар үнемі білімдерін жетілдіріп отырады, бұл сіздің елдің біліктілікті арттыруда жетекші екенін дәлелдеп отыр. Бәрін білемін деп ойламаңыз, оқи беріңіз, оқи беріңіз, – деген Элейн Уилсон форум қатысушыларына сәттілік тіледі.
Екі күн шығармашылық талпынысқа, жаңа таныстықтарға, кәсіби жаңалықтарға, өршіл жобаларға, шабыттандыратын тренингтер мен шеберлік сағаттарына толы болды.
Форум қатысушыларымен «галстуксыз кездесуге» Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, «Назарбаев Зияткерлік мектептерін» Дамыту қорының директоры, «SHARE орта білім берудегі ғылым» жобасының жетекшісі Назипа Аюбаева, Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің кеңесшісі Әсел Молдабекова келді.
Жаңа буын мұғалімдері Асхат Қанатұлына философиялық, мемлекеттік ауқымдағы және өзіне тән – жеке лайфхактардан бастап әдеби талғамға ұласқан сауалдар жолдады. Әсел Молдабекова көптеген ыңғайсыз сауалдарға жауап берді. Жас ұстаздар электронды білім беру жүйелеріндегі ақпараттық интеграцияға, ауылдық жерлердегі интернеттің төмен жылдамдығы мен тұрақсыздығына, мектептер үшін серверлер мен платформалардағы мәселелерге назар салды.
Өскемендік Алена Рахимованың бүгінгі мектептегі ең өзекті басымдығы – бағалауға арналған шеберлік сабағы форум қатысушыларының үлкен қызығушылығын тудырды. Ол топтық жұмыста оқушыны бағалау әрдайым қиын екенін, объективтілік баланың оқуға деген қызығушылығын сақтайтынын ерекше атап өтті.
Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының ағылшын тілі мұғалімі Әділ Анарбеков бағалау кезінде баланың психологиялық жай-күйі шешуші мәнге ие екенін айтты:
– Шәкірт пен ұстаз арасындағы алтын көпір – сенім, ол адалдық, сүйіспеншілік және үміттен құралады.
жас педагогтер форумына қосылған Дэвид Марш арадағы мыңдаған шақырымға қарамастан қатысушылармен достасып үлгерді. Ол кез келген елінде мұғалімнің табысының басты критерийі оның мамандығына деген адалдығы деген жеке сенімімен бөлісті.
Семей қаласындағы Зияткерлік мектептің физика пәні мұғалімі, Қазақстаннан алғаш болып Global Teacher Prize жаһандық сыйлығының топ 50 иегері қатарына кіріп, амбассадоры атанған Асхат Жұмабеков жаңа буын ұстаздарының мерекелік көңіл күйіне ерекше үн қосты. Асхат өз мамандығын саналы түрде таңдағанын айтып, нағыз мұғалім ретінде форум қатысушыларына олардың әрқайсысы өзінің ең үздік нұсқасы бола алатынын нық сеніммен жеткізді.
Форум ұйымдастырушылары – отандық мұғалімдердің кәсіби дамуын жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан Педагогикалық шеберлік орталығының табысты командасы сахнаға шығып, жас мамандардың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленді.– Жас мұғалімдер – әр мектептің стратегиялық ресурсы, бүгінгі білім саласына жаңа идеялар мен жаңа шешімдер әкелетін де солар. Олардың жаңа білімге ашық, оқуға дайын екендігіне қуаныштымын», – деді Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Жанбота Қабдықәрімова.
Орталық online.cpm.kz платформасында жұмыс істейтін «Жас мұғалім мектебі» ашық онлайн курсын әзірлеп, дайындады. Жаңа ресурс әртүрлі бағыттағы оқу материалдарын біріктірді: мұғалімнің құндылықтары мен көзқарастары, оқыту стратегияларының калейдоскопы, көлденең және тік жоспарлау, сонымен қатар сабақты зерттеу, эмоциялар мен уақытты басқару және басқа да танымал басымдықтар.
Еліміздің әр өңірінде Педагогикалық шеберлік орталығы «Жасампаз жас ұстаз» жас мұғалімдер клубтарын құрып, кәсіби алаңға айналып үлгерді. «Шамшырақ» онлайн-платформасы негізінен ауыл мектептерінен келген үздік жас мұғалімдердің тәжірибесі туралы бейнематериалдар жариялай бастады.
Бүгінде «Табысқа апарар жол» бірінші форумы тарих бетіне жазылды, педагогтердің кәсіби дамуы мен байланысы үшін бірегей платформа құрылды және еліміздің үздік жас мұғалімдері NIS-пен бірге табысқа жету жолын жалғастырады.