
2022 жылдың 5 мамыры күні ҚР БжҒМ Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастыруымен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті базасында «Баланың кешенді дамуы: шығармашылық әлеуетін ашу» тақырыбында музыка, көркем еңбек пәндері мұғалімдерінің және көркем-эстетикалық бағыттағы қосымша білім беру ұйымдары педагогтерінің съезі өтті.
Съезге ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова, барлық аймақтардан 350-ден астам музыка, көркем еңбек пәндерінің мұғалімдері, әдіскерлер, министрліктің өкілдері, жоғары оқу орындары және педагогикалық колледж оқытушылары, біліктілікті арттыру институтының мамандары, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысынан 14 делегат қатысты.
Съезд аясында «Музыка», «Көркем еңбек» пәндері және қосымша білім беру бағыттары бойынша баяндамалар жасалды. Педагогтер мектепте музыка, көркем еңбекке оқытудың өзекті мәселелерін және өнер мен мәдениетті насихаттау арқылы қоғамдық сананы рухани жаңғырту мәселелерін талқылады.
Съездің қорытындысы бойынша жаңа Тұжырымдама әзірлеу және олимпиадалар мен түрлі деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыру бойынша ұсынымдар жасалды.
Қосымша білім беру педагогтерінің секциялық жұмысы барысында ШҚО ББ Жарма ауданы бойынша білім бөлімінің «Өнер мектебі» КМҚК директоры Мотышев Ернат Еркінұлы ҚР БжҒМ РҚББОӘО «Балалық шақ досы» медалімен марапатталды.
Республикалық съезге қатысушылар ШҚО-дағы әріптестеріне облыстық семинар өткізіп, алған ақпаратымен бөліседі.