«Ай қонағымен» кездесу

«Ай қонағымен»  кездесу

Жалпы білім беретін орта мектептерде кәсіби білім алуға, оның ішінде   заманауи журналистика мамандығына ниетті оқушыларды  даярлауда айрықша мән беріліп отыр. Соның айғағы Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың 2021-2022 оқу жылындағы ерекшеліктердің бірі - вариативтік компонент сағаттары есебінен «Жаһандық құзіреттілік» курсы енгізілді. Мектептерде аталған курс бойынша  «Медиасауаттылық» аптасына 1 сағат элективті курсы жүргізілуде. Осы курс аясында білім алушылар ақпаратпен жұмыс істеуге, материалды бағалауға, талдауға, жалған мәлімет пен насихатты ажырата білуге үйренеді және аталған курс журналист мамандығын таңдауға ықпалын тигізеді.

Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Шығыс» өңірлік орталығы 2021 жылғы 22 қазан күні оқушылардың әлеуметтік және коммуникативтік құзыреттілігін дамыту, жасөспірімдерде адамгершілік, азаматтық, патриоттық, мәдени тәрбиеге ықпал ету, журналистика мамандығына құрметпен қарауға баулу мақсатында журналистика мамандығын таңдаған 10-11- сынып оқушылары үшін «Ай қонағы» жобасы негізінде ақын, журналист, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі Еркебұлан Серікұлы Зағыпаровпен онлайн кездесу өткізді. Аталған шараға облысымыздың орта білім беру ұйымдарынан журналистика мамандығын таңдаған 46 оқушы қатысты.

Журналист мамандығын таңдаған жастарға Еркебұлан Серікұлы журналистика мамандығының қыр-сырын және бүгінгі журналистиканың маңызы мен алатын орны жайлы дәлелді мағлұматтар берді.

Кездесу барысында оқушылар Ай қонағына көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды.

Ақын Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнаған өзінің «Тәуелсіздік» атты өлеңін оқыды. Оқушылар ақын шығармашылығынан  жаттаған «Шер аға», «Омарханның Мұхтары», «Оралхан, Оралхан», «Апамның шайы» өлеңдері бейнежазба арқылы тыңдалды.

Ай қонағы шығармашылығына қызығушылығы үшін оқушыларға өз тілегі арқылы ризашылығын білдірді.