Кәмелеттік жасқа толмағандар арасында құқық бұзушылық, өзіне-өзі қол жұмсау және зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша семинар-кеңес

Кәмелеттік жасқа толмағандар арасында құқық бұзушылық,  өзіне-өзі қол жұмсау және зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша семинар-кеңес

Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 наурыздағы №156 қаулысымен бекітілген 2020-2023 жылдарға арналған жасөспірімдер арасында бала құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және суицид мәселелерін шешу жөніндегі Жол картасын орындау мақсатында 2021 жылғы 8 қазанда кәмелетке толмағандар арасында зорлық-зомбылықтың, құқық бұзушылықтың, суицидтің алдын алу мәселелері бойынша семинар-кеңес өткізді.

Семинарға қалалар мен аудандар әкімдіктерінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияларының хатшылары, қорғаншы және қамқоршы органдары және қалалық, аудандық білім бөлімдерінің тәрбие жұмысына жауапты әдіскерлер қатысты.

Семинар барысында кәсіби медиатор, тренер-медиатор, С. Аманжолов ат. ШҚУ-дың қылмыстық құқық және қылмыстық процесс кафедрасының аға оқытушысы Аксана Александровна Каленова отбасылық-құқықтық дауларды шешу кезіндегі медиативтік технологиялармен, медиация қағидаттары мен алгоритмімен таныстырды.

Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы 2021 жылдың мамыр айынан бастап мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында "Мен қауіпсіздікті таңдаймын" (кәмелетке толмағандар арасында буллинг пен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша) және "Денсаулық пен өмірлік дағдыларды қалыптастыру, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу" (балалар мен жасөспірімдердің суицидтерін болдырмау бойынша) жобаларын іске асыруда.

"Денсаулық пен өмірлік дағдыларды қалыптастыру, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу" жобасын іске асыру барысы туралы «Қазақстан жастар фракциясы» қоғамдық қорының үйлестірушісі Данияр Базаралыұлы Жүнісов айтып берді.

Сондай-ақ, семинар барысында Өскемен қаласының "Қазақстанның болашағы үшін" жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Людмила Сергеевна Захарова сөз сөйлеп, кәмелетке толмағандардың девиантты мінез-құлқын анықтаудың негізгі белгілері мен тәсілдеріне тоқталды.

Семинар соңында суицидтік мінез-құлықты жағдайларын төмендету және алдын алу бойынша белсенді шаралар қабылдап, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шараларды күшейту бойынша ұсыныстар берілді.