
Құрметті ұстаздар, оқушылар, студенттер және ата-аналар!
Сіздерді бүгінгі жарқын да қуанышты, айтулы мереке – Білім күнімен құттықтаймын! Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен тұспа тұс келген биылғы алғашқы қоңырау мерекесі мектеп табалдырығын аттағалы отырған әр бүлдіршін үшін естен кетпес тарихи сәт болмақ.
Биылғы жылы білім беру ұйымдарында оқу жылын қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі форматта бастадық.
Пандемия білім саласына көптеген өзгеріс кіргізіп, жаңа заман талабына сай білім алуды үйретті. Ұстаздарымыз өз кәсібиліктерін, тәжірибелерін, балаға деген сүйіспеншілігі арқылы білдіріп, онлайн форматта сабақ берді. Әрине, ол балалармен тікелей байланыста болып, беретін біліммен салыстыруға болмайды.
Бүгін Өскемен қаласының №48 қосымша білім беру мектеп-орталығының Алғашқы қоңырау салтанатты мерекесіне қатысып, 1 сынып оқушыларын білім күнімен құттықтап, «Әліппе» оқулығын табыстадым. Бүлдіршіндерімізге мықты денсаулық тілеп, ашық және білімқұмар болуды өсиет еттім.
№48 мектеп-қосымша білім беру орталығы ашылғанына екі жыл болса да, оқыту мен тәрбие беру саласында озық тәжірибелерімен дараланған, Назарбаев зияткерлік мектептерінің стандарттарына сай жабдықталған мектептің бірі. Мектепте өз кәсібін жоғары деңгейде меңгерген мамандар жұмыс жасайды.
Құрметті әріптестер! Көптен күткен дәстүрлі форматқа оралып, мектеп қабырғасында балалардың жарқын күлкілерін есту сіздерді қуанышқа бөлейтінін білемін.
Бұл күн әрбір өркениетті адам үшін жаңа білім, жаңа табыс, жаңа жетістіктерге жету бастамасы. Үздіксіз білім алып, кәсіби деңгейімізді дамытып отыру, заманның ағымына сай құбылыс. Осы орайда, өз мамандығын сүйіспеншілікпен атқарып жүрген барша әріптестеріме жаңа оқу жылында сәттілік тілеймін, тәжірибелеріңіз шыңдалып, білім саласында өз қолтаңбаларыңызды қалдырып, шәкірттеріңізбен бірге білім көкжиегінде шарықтай беріңіздер.
Қымбатты ата-аналар! Осындай күрделі кезеңде бізге сенім білдіріп жатқан барша ата-аналар қауымына алғыс білдіремін. Әлемді жаулаған індеттен халқымыз аман шығып, елімізде тыныштық орнауын тілеймін.
Баршаңызды тағыда білім күнімен шын жүректен құттықтаймын!