
2021 жылғы 14 сәуірде С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Жоғары колледжінде ШҚО кәсіптік білім беру орталығының қолдауымен және колледж директорларының оқу ісі жөніндегі орынбасарларының облыстық әдістемелік бірлестігімен колледждерде оқытудың кредиттік-модульдік технологиясын енгізу ерекшеліктерін талқылау мақсатында онлайн-дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстел қатысушыларына С. Аманжолов атындағы ШҚУ стратегиялық даму және ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры И.В.Ровнякова және ШҚО кәсіптік білім беру орталығының директоры А.А.Ақылбек құттықтау сөз сөйледі.
С. Аманжолов атындағы ШҚУ Жоғары колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Б.Т.Төлегенова, бөлім меңгерушілері К.Б.Багдатова, Н.Е.Исабаева және әдіскер Ж.К.Карсакбаева өз әріптестерімен қолданбалы бакалавриат бағдарламасы бойынша оқытудың кредиттік-модульдік технологиясын жүзеге асыру тәжірибесімен, оқу үдерісі құрылысының негізгі бағыттарымен, сондай-ақ, кредиттік-модульдік технологияны оқыту кезіндегі оқу-әдістемелік қамтамасыз ету тәжірибесімен бөлісті.
Дөңгелек үстел қатысушыларының алдында Академиялық саясат және білім беру бағдарламаларын басқару департаментінің директоры А.К.Алипова қолданбалы бакалавр бағдарламасын жүзеге асыруда ЖОО мен колледж арасындағы байланысы туралы сөз алса, Өскемен жоғары политехникалық колледжінің «Энергетика» бейіні бойынша ОӘБ директорының орынбасары М.К.Нигметжанова кредиттік-модульдік технология бойынша оқытуға ауысуды реттейтін нормативтік-құқықтық құжаттармен таныстырды.
Аталған іс-шараға барлығы 95 директорлардың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары мен колледж әдіскерлері қатысты.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша С.Аманжолов атындағы ШҚУ жоғары колледжінің директоры С.Д. Утепов сөз алып, бүгінгі спикерлер ұсынған материалдар ШҚО колледждерінің тәжірибесінде қолданысын табатынына сенімін білдіріп, алдағы уақытта да өз тәжірибелерімен бөлісуге дайын екендерін атап өтті.