
2021 жылғы 7 сәуірде ШҚО білім басқармасы «Talap» КЕАҚ-ның қолдауымен, IT бағыттағы оқу-әдістемелік бірлестігімен Семей қаласының Радиотехника және байланыс колледжі базасында колледждердің инженерлік-педагогикалық қызметкерлері үшін Ресей Федерациясы оқу орындары өкілдерінің, атап айтқанда Томск ақпараттық технологиялар техникумының, А. С. Попов атындағы Орал радиотехникалық колледжінің (Екатеринбург қ.), т.б. оқу орындарының қатысуымен «Техникалық және кәсіптік білім беру реалиясында Worldskills стандарттары бойынша демонстрациялық емтихандарды ұйымдастыру ерекшеліктері» мемлекетаралық онлайн-дөңгелек үстелін өткізді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар мен қонақтарға «Talap» КЕАҚ вице-президенті Татибеков Санжар Мейірханұлы, ШҚО білім басқармасының өкілдері, Семей қаласының Радиотехника және байланыс колледжінің директоры Сартаев Оралхан Имангалиевич құттықтау сөз сөйледі.
Онлайн-дөңгелек үстелдің мақсаты ТжКБ ұйымдарында мемлекеттік қорытынды аттестаттаудың міндетті элементі ретінде демонстрациялық емтиханын енгізу перспективаларын талқылау, тәжірибе алмасу болды.
Дөңгелек үстел жұмысы барысында Worldskills стандарттарын оқу процесіне, сондай-ақ түлектерді аттестаттау рәсіміне енгізу мәселелері қаралды. «WorldSkills талаптары бойынша демонстрациялық емтихан кадрларды даярлау сапасын бағалау құралы ретінде» тақырыбында Қарағанды жоғары политехникалық колледжі директорының ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Сыздыкова Зулейха Анваровна баяндама жасаса, Томск ақпараттық технологиялар техникумы директорының оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Родзик Елена Александровна түлектерді аттестаттау рәсіміне демонстрациялық емтиханды енгізу туралы айтып берді.
А.С.Попов атындағы Орал радиотехникалық колледжінде техникалық бейіндегі мамандықтар бойынша демонстрациялық емтихан түрінде қорытынды және аралық аттестаттауды ұйымдастыру және өткізу тәжірибесімен ақпараттық-технологиялық бейіндегі және робототехника саласындағы кәсіптік білім беруді дамыту ресурстық орталығының жетекшісі Терентьева Ольга Арсеньевна және «Электроника» құзыреттілігі бойынша сертификатталған сарапшы Шестаков Анатолий Александрович бөлісті.
Жалпы Қазақстан Республикасы бойынша демонстрациялық емтихандарды өткізу туралы «Talap» КЕАҚ Worldskills қозғалысын дамыту басқармасының басшысы Гасимов Ринат Гаптулханович айтып берді.
Осы орайда дөңгелек үстел жұмысы өте мазмұнды және әсерлі өткенін атап өткен жөн. Аталған іс-шараға ТжКБ жүйесі оқу орындарының 50-ден астам өкілдері қатысты. Сондай-ақ, дөңгелек үстел жұмысының қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар әзірленді.