
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Қамқорлық» бастамасын облыста жүзеге асыру аясында 14 желтоқсан күні Өскемен қ. «М. Әуезов атындағы орта мектебі» КММ және Семей қ. «№ 36 жалпы орта білім беру мектебі» КММ жергілікті атқарушы органдар, қоғамдастық, ата-аналар, оқушылар мен педагог өкілдерінің қатысуымен Инклюзияны қолдау кабинеттерінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Жалпы еліміз бойынша бір уақытта 8 аймақта 16 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды.
Кабинеттерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды бейімдеу, түзету және оқыту үшін арнайы жағдайлар жасалған. Педагогикалық кадрлар штатқа қабылданып, барлығы кабинет жағдайында аталған санаттағы балалармен жұмыс жүргізу бойынша оқудан өтті. Бұл ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға және отбасыларға уақытылы да әрі сапалы білікті көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Өз кезегінде әр ерекше баланың өз құрдастарымен бірге инклюзивті білім беру жағдайында тең білім алуға құқығын жүзеге асыруын қамтамасыз етеді және балалардың әлеуметтенуі мәселесін шешуге ықпал етеді.
Тұңғыш Президент Қорына, оның қызметкерлеріне және жеке Динара Болатқызы Закиеваға, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, «Казцинк» ЖШС, «Ниет вумен» ҚБ, «ТриумфС» ЖШС ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін маңызды жобаны жүзеге асыруға көмек беріп, қолдау көрсеткендері үшін ерекше алғысымызды білдіреміз.
Жалпы 2018-2020 жылдарға арналған инклюзивті білім беруді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыс бойынша жалпы білім беру мектептерінде 68 инклюзияны қолдау кабинеті жабдықталды.