
2020 жылдың 21 қазан күні Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы «Шығыс» өңірлік орталығы мен Өскемен қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығы бірлесе «2020-2021 оқу жылының І тоқсанындағы қашықтан оқыту аясында қалыптастырушы бағалаудың ерекшеліктері» онлайн веб-семинарын ұйымдастырды.
Семинардың мақсаты - білім беру сапасын жақсарту үшін қалыптастырушы бағалаудың (баллдық жүйеде) туындаған мәселелері бойынша мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету. Баллдық жүйедегі қалыптастырушы бағалау оқу процесіне алғаш рет жаңа оқу жылында енгізілді және оқушылардың нәтижеге жетуге деген ынтасын арттыруға, мұғалімдердің мүмкіндіктерін, қиындықтарын анықтауға және оқу процесіне уақытында түзетулер енгізуге бағытталған.
Аталған шараға қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндері бойынша аудандық, қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері, пән ассоциациясының төрағалары қатысты.
ШҚО ББ «Шығыс» ӨО білім беру мазмұны және білім сапасы мониторингі кабинет меңгерушісі-модератор - Г.З. Абетаева семинар мәселелерімен таныстырды.
Семинар барысында Өскемен қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері - Г.Т.Зейнолдина және С.А.Ислямова қалыптастырушы бағалаудың, соның ішінде баллдық жүйенің ерекшеліктері туралы айтып, мұғалімдердің осы тақырыптағы сұрақтарына жауап берді.
Қатысушылардың сұранысы бойынша критериалды бағалау бойынша, атап айтқанда, бөлім және тоқсан бойынша жиынтық бағалау (БЖБ, ТЖБ) туралы семинар ұйымдастыру жоспарланды.